Бейсенбі, 02 мамыр, 03:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Кәсіпке бет бұрған ауыл

25.07.2023

263 0

Бұл жолғы бағытымыз – Қызылөзек ауылдық округі.  «Ауыл –  ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасына орай қалаға қарайтын ауылдардың тыныс-тіршілігін, тарихын саралап шығамыз. Мақсатымыз – ауылдың  өткен шағы мен  жаңарған келбетін көзбен көріп, көңілге түю, бүгінгі  ауыл бейнесін сол қалпында оқырманға жеткізу. Ауылда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаның барысын бағамдау.   Ауылдың шежірелі тарихын елге жеткізіп, бүгінгі тіршілігін   баяндау.

«Қараөзек» болыстығы

Ауылдағы шежірелі қарттардың айтуын­ша, Қызылөзек ауылдық округінде әуел баста «Қараөзек» болыстығы №2 ауыл болған. 1925 жылға дейін Ақмешіт уезіне қараған. 1932 жылдан бастап округ орнына аудан құрылған. Сөйтіп, бұл өңір Аламесек, кейін Тереңөзек ауданына қараған. 1926 жылы Қараөзек болыстығында 34 ауылдық кеңес, төрт мыңдай шаруашылық, жиырма бес мыңнан астам халық болған. Олар егін және мал шаруашылығымен айналысты. 1932-1936 жылдары «Айнакөл», «Қызылөзек», «Жаңарық» колхозы құрылған. 1950 жылы бұл колхоздар біріктіріліп, «Жаңарық» колхозы болып аталған.  Колхоз 1956 жылы Сырдария өзенінің арғы бетіндегі «Карл Маркс» (қазіргі Н.Ілиясов атындағы ауыл) колхозына қосылып, бұл орынға Ақтөбе облысынан 1944 жылы «Қопа» кеңшары көшіп келген. Кейіннен ет бағытындағы «Тереңөзек ет совхозы» болған. Совет Одағының Батыры Нағи Ілиясов кеңшардың құрылуы­на атсалысып, 1956-1960 жылдар аралығында кеңшар директоры қызметін атқарған. Кеңшар құрамында 3 мүйізді ірі қара, бір қой фермасы болған. Кеңшар 1960 жылы Қызылорда мемлекеттік ауылшаруашылығы тәжірибе станциясына қосылды.

1962 жылдың 25 қаңтарында  Қазақстан Министрлер Советінің қаулысы бойынша өз алдына «Қараөзек» қаракөл кеңшары болып отау тікті. Қызылөзек ауылдық кеңесінің құрамындағы  Кеңшар қаракөл қойын өсірумен шұғылданды. Қызылөзек ауылдық кеңесінің (бұрынғы колхоз атымен аталынған) орталығы «Қараөзек» кеңшары болды. Ауылдық кеңеске Қараөзек ауылы, Қараөзек бекеті, Қызылорда бақша тәжірибе шаруашылығы және №10 теміржол аялдамасы елді-мекені қарады. 1962-1966 жылдары Сырдария, 1966-1997 жылдары Тереңөзек ауданының  құрамында болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін  ауылдық кеңестің орнына 1993 жылы Қызылөзек ауылдық округі құрылды. 1997 жылдан ауылдық округ Қызылорда қаласының құрамына енді.

1962-1967 жылдар аралығында  ауылдық кеңеске төраға болып Жүсіпбек Несіпбаев,  Сырмағамбет Отабаев,  Алмагүл Бақтиярова, Мұсабек Күндәулетов, Көпбол Әбсейітов сайланды.

Ауылдық округ әкімі болып әр жылдары Бақытжан Шамшатов, Жазықбай Әбілов, Роза Боханова, Абзал Шоқпаров,  Ернұр Нұржанов, Жасұлан Шынтасов атқарды. 2018 жылдан бері қарай ауылдық округ әкімі қызметін Сәкен Әбдіжаппар атқарып келеді.

Қаракөл қой совхозы

болды

«Қараөзек» кеңшары 1962 жылы «Қараөзек» қаракөл қой совхозы болып құрылған. Мал шаруашылығымен, оның ішінде қаракөл тұқым­ды қой малын өсірумен айналысқан. Кеңшарда 45 мың бас қой, 1400 бас жылқы, 800 бас түйе болды. Жыл сайын мемлекетке 3000-3800 центнер ет, 800-1000 центнер жүн, 19-21 мың дана қаракөл елтірісі тапсырылып отырды.

Қараөзек ауылынан мал шаруашылығын дамытуда жеткен жетістіктері үшін  «Социалистік Еңбек Ері» атағын, «Еңбек Қызыл Ту» , «Құрмет белгісі», «Ленин» орденімен,  «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталғандар болды.

Кеңшарда 1956 жылдары орталық көше, тұрғын үйлер салынды. 1953 жылы Қызылөзек колхозынан 10 жылдық мектеп көшіп келіп, 1959 жылы орта мектеп ғимараты салынды. 1956 жылы балабақша, кеңшардың кеңсе ғимараты, сауда дүкендері бой көтерді. 1959 жылы ауыл­дық клуб үйі пайдалануға берілді. Одан кейін де жыл сайын оншақты тұрғын үй мен қыстау салынып отырды. 1962-1963 жылдары электр желілері жүргізілді. 1963 жылы округке кіре беріс жол мен орталық көше асфальтталды. 1972 жылы гараж ғимараты, 1978-1979 жылдары орталық монша, мал бордақылау алаңы мен 2 қабатты сауда орталығының құрылысы жүрді. 1986-1987 жылдары жаңа үлгідегі тұрғын үймен жаңадан бір көше салынды. 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай Ұлы Отан Соғысында қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткіш салынды. 1976-1977 жылдары ауыл орта­лығындағы «Орталық» каналы қазылып, автомобиль көпірі салынды. 1973 жылы «Байзақ» каналы қазылып, кеңшарға Қараөзек дариясынан су жеткізілсе, 1985 жылы «Кілем жайған» кана­лы қазылып, «Шегіртке» шабындығына су жеткізілді. 1977-1978 жылдары «Көксу» коллекторы қазылып, автомобиль көпірлері салынды. 1985 жылы ауыз су құбыры жаңадан жүргізіліп, бас су тоған ғимараты салынды (2013-2014 ж.ж. «Ақбұлақ» бағдарламасымен қайта жаңғыртудан өтті.

«Оңтүстікмұнайгаз» АҚ қарамағына берілді

1992 жылы Қызылорда облысы әкімдігінің 09.06.1992 жылғы №113 шешіміміен Қараөзек кеңшары «Оңтүстікмұнайгаз» АҚ қарамағына берілді. 1996 жылы ет-шұжық цехы іске қо­сылды. 1996 жылы 50 орындық «Қараөзек» мешіті типтік жобада асар әдісімен салынды. Мешіт ғимараты 2009 жылы қалалық мәслихат депутаты Қайрат Ерназаровтың демеушілігімен күрделі жөндеуден өткізілді. 1996 жылы №39 «Қызылөзек» орта мектебіне жаңа 370 орындық  мектеп пайдалануға берілді. 1997 жылдың 24 сәуірінде Қараөзек шаруашылық серіктестігі «Харрикейн Құмккөл мұнай» компаниясының меншігінде болды. 2000 жылы «Караозек агре­калчерал продактс» компаниясына өтіп, 2001 жылы «Компания-Караозек» ЖШС меншігіне беріліп, серіктестік нарық бәсекесіне төтеп бере алмай тарады. Тұрғындар серіктестіктен қалған малды сатып алып, шаруа қожалығын ашып,  жеке кәсіп жасап, мал және егін шаруашылығымен айналысты.

Қараөзек бекеті 1905 жылы темір жол бекеті болып құрылған. Бекетте сол уақыттарда салы­нып, қазіргі уақытта  тарихи-мәдени ескерткіштер­ге жататын «Бұрынғы теміржол вокзалы» ғимараты, «Су қыспақты мұнара», «Сауранбай теміржол көпірі», «Қараөзек теміржол көпірі» бар. Қараөзек бекеті тұрғындарының басым көпшілігі теміржолшы болған.

Айнакөл елді мекені

Айнакөл елді-мекені 1966 жылы Қызылорда бақша-тәжірибе шаруашылығы болып құрылған. Шаруашылық ғылыми зерттеу институтының тұқым шаруашылығымен, оның ішінде «қара күләбі» және «калайсан» қауын тұқымын дайын­даумен айналысқан. Сонымен қатар институт ғалымдары көкөніс-бақша дақылына тәжірибе жасаған.

Шаруашылық құрылғаннан кейін 4 жылдық бастауыш мектеп ашылған. 1981 жылы «Ақиін» учаскесінен №175 негізгі мектебі көшіп келіп, 1970 жылы салынған бұрынғы кеңсе ғимаратына орналасқан. 1980 жылы типтік жобада гараж, қауын тұқымын өңдейтін, сақтайтын қойма салынса, 1988 жылы кауын өңдейтін цех құры­лысы жүргізілген. 1993 жылға дейін кауын вареньесі, джемі шығарылған. 1996 жылы «Айнакөл» шаруа қожалығы құрылып, көкөніс-бақша дақылын өсірумен айналысқан. 2004 жылы шаруа қожалығы банкрот деп танылып, тарады. Қазіргі уақытта Айнакөл ауылында 2 ауыл­шаруашылығы өндірістік кооперативі мен 6 шаруа қожалығы мал және егін шаруашылығымен айналысуда.

Жаңарған ауыл дидары

Тарихы бай елді мекен адам танымастай өзгеріп, кемеліне келген. Қызылөзек ауылдық округіне қарасты Қараөзек, Айнакөл және Қараөзек бекеті елді мекендерінде халық саны 3545-ті құрайды. Ауылдық округтегі тіршіліктің негізгі бағыты – жеке кәсіпкерлік, егін және мал шаруашылығы өнімін өндіру.

Ауылдық округте барлығы 21 көше бар. Оның 8 көшесіне асфальт, 9 көшесіне малта тас төселген. Биыл «Ауыл ел бесігі» бағ­дарла­масының игілігімен жол жөндеу жұмыс­тарына қажетті қаражат бөлініп, 6 көшеге орташа жөндеу жұмысы жүргізілуде. Мәселен, Абылайхан және Айнакөл-2 көшелеріне асфальт, Жаңаарық, Арғын, Қорқыт ата және Қараөзек бекеті-3 көшелеріне малта тас төселген.

Абылайхан, Ш.Ибраева көшелеріне жаяу жүр­гінші жолын салуға, М.Жабағыұлы және Арғын көшелеріне түнгі жарық бағанасын орнатуға 146 млн 153 мың теңге қаражат бөлініп, мердігер мекемемен келісімшарт жасалуда. Құрылыс-монтаж жұмысы шілде-тамыз айларына жоспар­ланып отыр. 

Сонымен қатар  2 көшені орташа және күр­делі  жөндеу жұмысына ЖСҚ әзірлеуге қалалық бюджеттен 3 млн  617 мың теңге қаражат қаралған.

«Ремпроект» ЖШС демеушілігімен 4 көшеге асфальт төсеу жұмысына жоба сметалық құжат әзірленіп, облыстық бюджеттен 534 млн 191 мың теңгеге өтінім берілген.

Самаладай жарық көшелер елді мекенге жаңаша сипат береді. Ауылдағы 21 көшенің 17-не заманауи жарық бағаналары орнатылған. Осы мақсатқа бюджеттен 3 млн 205 мың теңге қаралған. Жарық бағаналарын күтіп ұстауға 17 млн 808 мың теңге қаражат қаралған.

Қай ауылда болсын, электр желілері мәселе болып отырғаны рас. Биылғы жылы осы мақсатқа қалалық бюджеттен 6 млн  067 мың тенге қаражат қаралып, жоба-сметалық құжаты әзірленуде.

Ауылдық округке қарасты 3 елді мекенде 3 шағын спорт және балалар ойын алаңы болса, биыл Қараөзек ауылындағы Е.Дәуітбаев көшесінен тағы бір балалар ойын алаңы салын­ғаны көңілге қуаныш сыйлады.  Себебі балақай­ларға базарлық жасау, олардың спортпен айна­лысуы­на көңіл бөлу кезек күттірмейтін мәселе.

«Қожақ» автомобиль көпірін күрделі жөндеу ұсынысы қолдау тауып, 5 млн 212 мың теңге қаражат бөлініп, қазіргі уақытта жобалау жұмысы жүргізілуде.

Болашақ    бағдары                

Алдағы уақытта Абылайхан, Ш.Ибраева көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу және М.Жабағыұлы және Арғын көшелеріне түнгі жарық бағаналарын орнату жұмысы жа­салуда. Д.Сариев, М.Жабағыұлы көшесін орташа және күрделі  жөндеу жұмысына жоба-сметалық құжат әзірленуде. ЖСҚ әзірленген А.Құнанбаев, Айнакөл-1, Қараөзек бекеті-4 және М.Жабағыұлы тұйығына .асфальт төсеу жұмысы жасалмақ. Сонымен қатар Е.Дәуітбаев көшесінен спорт алаңын салу жоспарлануда..

Су – тіршілік өзегі

Қызылөзек ауылдық округіне қарасты 3 елді мекенді ауызсумен «Нұра топтық су құбыры» РМК «Арал» СЖКБД филиалы қамтамасыз етеді. Қараөзек және Айнакөл елді мекенінде 2013-2014 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауызсу жүйесіне қайта жаңғырту жұмысы жүр­гізілген болса, Қараөзек стансасында 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында жаңадан ауызсу желісі мен ауызсу қоймасы салынып, ауылдық округті ауызсумен қамту мәселесі толық шешілген. Тіршілік нәрі ауызсудан қызылөзектіктер таршылық көрмейді деген сөз.

Соңғы жылдары ауылдық округте аяқсу тапшылығы орын алған еді.  Егінмен, бау-бақ­шамен айналысып отырған ауыл үшін бұл кезек күттірмейтін мәселе болатын. Тұрғын­дардың талап-тілегіне орай 2022 жылы 2 дана жаңа СНП-500/10 дизельдік насостық қон­дырғысы бөлініп, 4 дана техникалық су тарту ұңғымасы қазылды. 2023 жылы қосымша тағы 2 дана СНП-500/10 насостық қондырғысы (1-дизель, 1-электр) бөлі­ніп отыр. Аталған насос арқылы егістіктер мен 3 елді мекенге аяқсу берілуде.

Ауылдық округке қарасты елді мекендер табиғи газбен қамтылмаған. Елді мекендерді ілеспе газбен қамту мақсатында жоба сметалық құжатын әзірлеп, сараптама қорытындысын алуға қажетті 25,854 млн теңге қаржы бөлу жөнінде облыстық экономика және қаржы басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған. Қажетті қаржы бөлінсе, қала іргесіндегі ауылдық округ табиғи газ игілігін көретін болады.

Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап, тұрғындардың өтінішіне орай, бұрын күніне бір рет қатынап келген шағын автобустың орнына «Қызылорда» автобус паркі мекемесінен «Қызылорда – Қараөзек» бағытына қатынайтын жаңа №29 қоғамдық көлік бағыты ашылып, үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобус күніне 3 мезгіл тұрақты қатынап келеді.

Кәсіп түбі – береке

Ауылдық округ бойынша барлығы 163 кәсіп­керлік нысан  жұмыс істейді.

Бұған қоса жыл басынан жаңадан 8 кәсіпкерлік нысан  тіркелді.  Кәсіпкерлік қанат жайған қазіргі кезеңде жұмыс көзі кәсіпкерлік екені белгілі. Бұл ауыл тұрғындары да мемлекеттік бағдарлама игілігін көруде.

«Бизнес-Бастау» оқу курсы аясында Қызылөзек ауылдық округінен алты азамат оқу курсынан өтіп, оның төртеуі  5 млн 500 мың теңге мемлекеттік грантқа ие болған.

Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микро қаржылық ұйымы арқылы «Іскер» бағдарламасы бойынша 38 млн теңгені құрайтын 7 жоба, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қорының» «Еңбек» бағдарламасы бойын­ша 15,0 млн теңгені құрайтын бір жоба қаржы­ландырылып, есепті мерзімде барлығы 8 азаматқа 53,0 млн теңге несие берілді. 

– Ауылдық округтің жер көлемі 77 796 гек­тарды құрайды. Оның ішінде 49 484,2 гектары жайылымдық жерлер болып саналады. Бүгінгі таңға 13 097,5 гектарды құрайтын 63 жер учаскесі ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға берілген.Үстіміздегі жылы 507 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Мал саны 10251 басты  құрап отыр. Тір­ші­лігін түлікпен бағалайтын тұрғындар мал басын көбейтіп, өз жағдайын жасауда. Кезінде төрт түлікпен күнкөріс көзін жасаған тұр­ғындар үшін бұл өте қолайлы шаруа. Ауылда әлеуметтік әлеуеті төмен отбасылар жоқ. Тиісінше, экономикалық белсенді халық саны 1811-ді құрайды. Оның жұмыс істеп тұрғаны – 1192. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырға­ны – 598. Ауылдық округтегі еңбек нарығы­ның негізгі көзі бюджеттік сала, жеке кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтарымен сипатталады. Ауыл тұрғындарының 5-і әлеуметтік жұмыс орнымен қамтылса, 11-і «Күміс жас» бағ­дарламасымен, біреуі жастар тәжірибесімен қамтылды. Жиырма бірі  қоғамдық жұмысқа жіберілсе, жиырма бесі тұрақты жұмысқа орналасты. Мемлекет тарапынан 44 отбасына 8,320 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен қатар жер­гілікті кәсіп­керлердің демеушілігімен әлеу­меттік жағынан аз қамтылған отбасына азық-түліктей және басқа да қолдау шарасы ұйымдастырылды, – дейді ауылдық округ әкімі Сәкен Әбдіжаппар.

Ауылдық округте есімі танылған ірі кәсіп­керлер бар. Соның бірі – «Бексұлтан» шаруа қожалығы. Төрағасы Алып Маймақов 2002 жылдан бастап «Бексұлтан» шаруа қожалығын құрып, 95 бас мүйізді ірі қара, 58 бас түйе, 78 бас жылқы малын өсіруде. Үстіміздегі жылы  «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» арқылы жылқы малын көбейту және бордақылау мақсатында «Игілік» бағдарламасымен 7,0 млн теңге жеңілдетілген несие алып, шаруашылығын ұлғайтуда. Ал «Әліп» шаруа қожалығының төрағасы Әліп Рахымжан  2018 жылы «Әліп» шаруа қожалығын құрып, 56 бас сиыр, 811 бас қой, 5 жылқы малын өсіріп отыр.  Ол 2022 жылы органикалық тыңайтқыш өндіру мақсатында «Сырдария-Көкшетау» несие серіктестігі арқылы 7,0 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 1 МТЗ-82 тракторы мен жетегін сатып алды. Сол уақыттан бері мал шаруашылығымен қоса «Калифорниялық шылаушын» өсіріп, органикалық тыңайтқыш «Биогумус» өндірумен айналысып келеді. Бастапқы уақытта 1 шаршы метр жерден бастаған. Қазіргі уақытта 100 шаршы метр аумақты қамтып отыр. Өндірген өнімін диқандар мен ағаш өсірумен айналысатын мекемелерге, негізгі бөлігін көкөніс өсіретін жеке тұрғындарға өткізуде. Қазіргі уақытта тыңайтқыштың 1 литрі 100 теңге, 1 қапшығы (50 литр) 5000 теңгеден өткізілуде.

Өнер мен білім егіз

Ауылдық округтегі №39, №128, №175 орта мектептерде барлығы 635 оқушы білім алуда. Сонымен қатар мектеп жанындағы шағын орталықта 70 бала тәрбиеленуде.

Биылғы жылы ұстаздар қауымының табысты еңбегінің нәтижесінде мектеп бітірген 6 түлек «Алтын белгіге», 3 бітіруші «Үздік аттестатқа» ие болды.

Ауылдық округте 1 ауылдық клуб және 1 кітап­хана жұмыс істейді. Ауылдық клубта 8 үйірме бар. Олардың қатарында  «Әжелер ансамблі, «Бозторғай» ән үйірмесі, «Көркемсөз» үйірмесі, «Жауқазын» би үйірмесі, «Шертпе» домбыра үйірмесі, «Қолөнер» үйірмесі, «Орда-кz» ВИА,  «Жасstar» ктк үйірмесі бар. Үйірмеде жастар түрлі өнерді үйреніп, рухани шараларда белсенділік танытып, түрлі додаларда жеңімпаз атанып, ел құрметіне бөленуде.  Олар алдыңғы толқын аға ұрпақтың көшін жалғастыруда.Оның нақты дәлелі Қараөзектей қасиетті мекеннен еңбегімен елдің құрметіне бөленген «Социалистік Еңбек Ері» Ахмет Халықов, танымал күйші  Сламбек Ысқақов, Сыр бойына белгілі жырау Мұхамедияр Жабағыұлы, танымал әнші Ғалымжан Молданазар, танымал әнші Тұрар Ыдырыстай белді азаматтар шыққан. 

«Мерейлі отбасы»  байқауының жеңімпаздары

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпазы да ауылы мақтан тұтқан  Сапаржановтар отбасы. Отағасы Айдарбек Сапаржанұлы 1952 жылы қазіргі Сырдария ауданында дүниеге келген. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін Қызылорда қаласында автобаза мекемесінде жүргізуші болып жұмыс жасаған. 1973 жылы жұбайы Жақсыгүл екеуі отау құрып, Қараөзек совхозына көшіп келді. Екеуі 7 бала тәрбиелеп, одан 19 немере сүйіп отырған ардақты ата мен әже. Ұл-қыздарының барлығына тәлім-тәрбие беріп, жоғарғы оқу орындарында оқытып, соларды ел қатарына қосуда еңбек етуден жалықпаған өнегелі шаңырақ иелерінің отау құрғандарына бүгінде 50 жыл толып отыр.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Суреттерді түсірген 

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: