Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 10:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Келісу комиссиясының құрылмауы кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіріп тұр

10.02.2022

1347 0

Қызылордалық кәсіпкер мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыратын бюджеттік ұйымдарда келісу комиссиясы құрылмауы салдарынан зардап шегіп отыр.

Қызылордалық «КазГосПроект» ЖШС-ы өткен жылдың желтоқсанында Ақтөбе облысы Байғанин аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің жариялаған конкурсына қатысып, «Ойыл ауданы Ойыл ауылына жеткізуші магистральды газ құбырын көшіруге жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу» жұмыстарын жеңіп алады. Жыл басында мемлекеттік сатып алу сайтында орын алған техникалық ақаулар салдарынан келісімшартқа дер кезінде қол қойылмай, кәсіпкер жосықсыз қатысушы ретінде тізілімге еніп кетеді. Салдарынан кәсіпкер 2 жылға дейін сатып алу процестеріне қатысу құқығынан айрылып отыр. Кәсіпкер кінәсіздігін тапсырыс беруші мекеменің жанынан құрылған келісу комиссиясында дәлелдей алады. Алайда мемлекеттік органда келісу комиссиясы әлі күнге құрылмаған. Осы жылдың 1 қаңтарында «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Соған сәйкес мемлекеттік сатып алу заңнамаларын қолданатын бюджеттік ұйымдарда келісу комиссиясы жұмыс істеуі керек.

Келісу комиссиясы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаудан бас тартқан кәсіпкердің өтінішін қарайды және мұндай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тастау не алып тастаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

«Сатып алу саласын реттейтін заңға сай, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешіммен келіспеген жағдайда кәсіпкер өзіне мәлім болған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті орган айқындаған тәртіппен келісу комиссиясына жүгінуге құқылы. Жыл басынан бізге бірнеше кәсіпкер хабарласып, осы проблеманы көтеріп отыр. Мемлекеттік мекемелерде әлі күнге келісу комиссиясы құрылмаған. Кәсіпкерлер мәселесімен сотқа да жүгіне алмайды. Себебі кәсіпкердің өтініші сотқа дейін келісу комиссиясында қаралу керек», – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан.

Комиссияның құрылмау себебін Ақтөбе облысы Байғанин аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы 8 ақпанда кәсіпкерге жазған хатында: «Заңның

(«Мемлекеттік сатып алу» Заңы) 2-бабының 21) тармақшасында мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган Қаржы министрлігі болып табылады. Алайда қазіргі таңда уәкілетті орган тарапынан келісу комиссиясының үлгілік ережесі мен жұмыс тәртібін бекіту туралы құқықтық акті ресми түрде жарияланбағандықтан Сіздің өтінішіңізді келісу комиссиясымен қарау мүмкін болмай отыр. …құқықтық актінің ресми түрде жариялануын күту қажет екенін қаперіңізге саламын», – деп көрсеткен.

«Бұл жерде мемлекеттік орган уәкілетті орган, яғни Қаржы министрлігінің әлі күнге ережені қабылдамағанын алға тартып отыр. Дегенмен мемлекеттік органдардың дер кезінде өздеріне жүктелген міндетті атқармауы салдарынан кәсіпкерлердің құқығы бұзылып тұр», – дейді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.

Қазір Палата заңгерлері бұл мәселе туралы «Атамекеннің» Орталық аппараты мен Қаржы министрлігіне құжат әзірлеп жатыр.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: