Жұма, 11 қазан, 07:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Нұрсұлудың шеберханасы

02.08.2022

1193 0

Қыз жасауы, құрақ көрпеше, ұлттық киім тігу сынды ұлттық өнерді ұлықтап жүрген қыз-келіншектер қатары артып келеді. Олардың кәсібіне сұраныс көп. Жыл сайын ұлттық өнерді үйренуге және оны дамытуға ниетті жандардың көбеюі көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінде өзіміздің өнімге сұраныс көп. Себебі халық сенімді адамға жасатып, сапалы дүние алғысы келеді.  Ине сабақтап, тігін тіккенмен көп әйелдің қолынан құрақ құрау келе бермейді. Оған да шыдам мен үлкен өнер керек екені анық. Оюды ойып, құрақтың қиюын келістіру үшін талант та керек секілді. Сондай талант пен өнер бойына дарыған жанның бірі – Нұрсұлу Ажарова. Ол Сырдария ауданынан тігін цехын ашып, ауылына өз пайдасын тигізуде.

Қазір бұл ісі өрге басып тұр. Бала кезінен сурет өнеріне қызыққан. Сол қызығушылық тігін тігуді үйренудің алғашқы қадамы еді. Сонымен қатар нағашы әжесі тігінші болған. Әжесінің өнерін үйреніп, дамыту басты мақсаты еді.

– Қазіргі таңда көптеген адамдар жеке кәсіп ашуды ойлайды. Алайда бизнестің қай түрін таңдарын білмей қиналады. Мемлекет тарапынан да көрсетіліп жатқан қолдауға арқа сүйеп, ештеңеден қорықпай, кәсіп ашуға болады. «Нәтижелі іс көремін десең, ең бірінші өзіңе сен» деген. Адам ең бірінші өзіне сенім артуы қажет. Қолөнермен 2009 жылдан бастап үздіксіз айналысып келемін. Одан кейін жаңа технология бойынша «жүн өңдеу» ісін де қолға алдым. 2012  жылы «Нұр-Рамазан» үкіметтік емес ұйым құрып, басшысы болып тағайындалдым. Ұйым­ның негізгі айналысатын жұмысы қолөнер бұйымдарын жасау, тігін өне­рімен айналысу сынды қызметтер еді. Осы жұмыстар нәтижесінде 2013 жылы «Игілік корпаратифтік қорынан»  жоба қорғадым. Ал 2014 жылы «Ақниет» бағдарламасы бойынша тігін  шебер­ханасын аштым. Қазіргі таңда шеберхана ісі өрге домалап тұр, – дейді Нұрсұлу.

Бүгінде тігін цехында 4 мүгедектігі бар жан, әлеуметтік бағдарлама арқылы 2 адам, штатта 3 адам жұмыс істейді. Балалар кәжекейлері, ұлттық нақыштағы және заманауи киімдер, қыз жасауын тігеді. Оларды халықтың қалтасы көтеретін бағада сатады. Сапалы қымбат матадан тігуге тапсырыс беретіндер де бар екен. Олардың жұмысына тапсырыс берушілер дән риза. Бұл кәсіпке нарық тарапынан сұраныс еш уақытта да бәсеңдемесі анық. Себебі қыз жасауына, көрпешелерге сұраныс қашанда жоғары. Тігінші өнімін қайда өткіземін деп бас қатырып жатпайды. Оның жұмысына тапсырыс берушілер көп.

Нұрсұлудың негізгі мамандығы бей­не­леу пәнінің мұғалімі. Бір жұмысқа қарап отырғысы келмеді. Жан қалауымен жұмыс істеп, өз ісін бастау арманы еді. «Адамның қолынан келмейтін іс, алынбайтын қамал жоқ» деп өзін-өзі қамшылады.

– Тігін ісінде таланттың үлесі 10 пайыз ғана, қалған 90 пайызы тек еңбекпен келеді. Бұл – өте қиын әрі күрделі кәсіп. Мәселе қомақты қаржыда да емес. Дизайнер, ең алдымен, стратег болуы керек. Бұл өзі шахмат ойыны сияқты нәрсе. Қандай жүріс жасайтының анық болуы тиіс. Не керек екенін білу және тез шешім қабылдай алу да аса маңызды. Сән әлемінде жетістікке жету үшін аянбай еңбек етемін. Әркімнің өсу, өркендеу жолы әртүрлі. Қалай болғанда да бұл – шығармашылық. Шығармашылық болғаннан кейін оның басты шарты – әркімнің өз қолтаңбасының болуы. Сондықтан мен бұл өмірде өз қолтаңбамды қалдырып, басқалардан айырмашылығым бар екенін көрсеткім келеді, – дейді Нұрсұлу.

Кәсіпкердің жұмысы жүйелі түрде дамуда.  Әрбір адам ісі өрге басқан кезде, оны тағы да өркендеткісі келеді. Нұрсұлу да 2015 жылы «Бастамаларды қолдау қорынан» 300 мың теңге көлемінде несие алып кәсібін кеңейткен. 2018 жылы  3 миллион теңге несие алып, тігін цехына жана атау берген.  «Әдемі» тігін шеберханасын кеңейтіп, түрлі машина, автоматтандырылған станоктар алып жұмыс істеуде.

Бүгінде Нұрсұлу облыс орталығында өтетін көрмелерге қатысып, түрлі байқаулардан жүлделі орын алып жүр. Мәселен, 2015 «Қолөнер – сырлы өнер» атты конкурста жүлдегер болған. Ал 2018 жылы «Қазақтың үздік тауарлары» өнерлік көрме конкурсының дипломын алған. Сонымен қатар «Іскер әйелдер» көрме конкурсынан «Алғыс хатпен» марапатталса, 2019 жылы «Қазақтың үздік тауарлары» өнерлік көрме конкурсының дипломына ие болған.

Отбасында алты баланың анасы. Бала­ларын тәрбиелеумен қатар тұрғындарға пайдалы кәсіпті нәсіп етіп отыр.

– Жұмыс көп, шаршауға уақыт жоқ. Балаларым үшін көп еңбек еткім келеді. Олардың да еңбекқор болғанын қалаймын. Әрбір табыс ниетке байла­ныс­ты. Адамның ішкі ниеті де дұрыс болуы қажет. Мен қайта тігін машина­сына отырғанда демаламын. Тігін жұмыс­тарының денсаулыққа пайдасы зор. Миды тынықтырып, саусақ жаттығуы­на әсері мол. Өзіме ұнайтын іспен айналысқан керемет сезім сыйлайды. Сондай-ақ ха­лықтың алғысын алып отырмыз. Мұның өзі үлкен жетістік. Жаңа дүниелер жасап, ою-өрнектің түрлі болғанын қалаймын. Қыз жасауы да әртүрлі болғаны дұрыс. Қыздың артынан баратын дүние болған соң, сапалы әрі әдемі болғаны жөн, – дейді ол.

Нұрсұлудың алдында үлкен мақсат­тары бар. Жас кәсіпкер жарқын істерімен қазірдің өзінде көпке үлгі, елге сыйлы. Алдағы жоспары – ауылдан дәстүрлі қолөнер шеберлерінің мектебін ашу. Оған жұмыссыз қыз-келіншектерді, мүге­дектігі бар қыз-келіншектерді қатыстырып, мек­теп оқушыларына үйрету. Сондай-ақ бола­шақта үлкен жобаларға қатысып, жоғары жетістіктерге жетсем деген де мақсаты бар. Кәсібінен нәсіп тапқан жанмен әңгіме­лесу арқылы біраз жайтты бағдарлауға болады. Бастысы – ісің алға басуы үшін мамандардың бірлігі мен іскерлігі  талап етіледі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: