Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 05:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қайтарымсыз қаржы кімдерге тиесілі?

19.04.2022

1139 0

Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау аясындағы мемлекеттік бағдарламалар өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұртшылыққа дем беруде. Яғни, «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отыруға болмайды. Қалай да әрекет ету керек. Бүгінгі күннің тұрмысы бос отыруға мүмкіндік те бермесі анық. Жеке кәсібін ашып, екі қолға бір күрек табылса деп мақсат етіп отырғандар да бар. Солардың сұранысына орай жылда берілетін қайтарымсыз қаржы көлемі биыл өсті. Яғни, кәсіп ашқысы келетін жандарға 1 млн 225 мың теңге беріледі. Бұл қаржыға бизнес бастаудың бағдарын қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандарынан білгенді жөн көрдік.

– Жаңа бизнес идеяларға бе­рілетін гранттардың талап­та­рына өзгерістер енді. Бұрын қайтарымсыз қаржы өз кәсібін ашқысы келетін және кәсіпкерлік негіздері курстарын бітірген бар­лық жұмыссыздарға берілсе, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастарға, атаулы көмек алатын аз қамтылған отбасы мүшелеріне, көпбалалы отбасы­ларға, қандастарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға және мүгедектігі бар тұлғаларға беріледі, – дейді қалалық жұ­мыспен қамту орталығының бөлім басшысы Тұрсынай Қойшыбаева.

Грант алуға өтінімдер «Элек­трондық еңбек нарығы» мем­лекеттік ақпараттық жүйесіндегі Business.Enbek кәсіпкерлік бас­тамаларды қолдаудың бір­ың­ғай онлайн терезесі арқылы қабылданады. Сонымен қатар грант алуға үміткерлер тұрғы­лықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жү­гінеді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша жұмыстарын көрсетеді. 

– Қайтарымсыз қаржыны алу үшін қазіргі таңда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы жү­зеге асыратын «Бастау Бизнес» оқу курсының сертификатын талап етпеу мәселесін көтеруде. Осыған орай қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілгеннен кейін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру жұ­мыстары жүргізілетін болады, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Тұрсынай Қойшыбаева.

Осы орайда айта кететін жайт, мемлекет берген қаржыны мақсатсыз пайдаланатындар да кез­деседі. Демек осы бастан оның алдын алуға міндеттіміз. «Кәсіп ашамын» деп қаржыны жұмсап қоя­тындар бар екені жасырын емес. Бұл туралы сала мамандары да біледі.

– Тексеру кезінде олқылық­тар орын алатыны рас. Қайта­рымсыз қаржыны басқа мақсатта жұмсай салатындар бар. Мұн­дай жағдайлар тексеру кезінде анықталған. Өт­кен жылы мо­ниторинг нәтижесінде сот орган­дарында мемлекеттік грантты мақсатты пайдаланбау деректері бойынша 102 азаматтық іс қаралды. Мем­лекеттік бағдарлама негі­зінде бөлінген қаражатты рес­публикалық бюджетке өндіру туралы талап арыздардың 83-і қанағаттандырылса, 4-і қана­ғат­тандырудан бас тартқан, 15 аза­маттық іс сотта қаралу үстінде.

Айта кетейік, біз оларға бағ­дарламаның нақты талабы мен жауапкершілігін түсіндіреміз. Осы орайда алған қаржыны қандай мақсатта жұмсауға болатыны жөнінде кеңінен тоқталып өткен жөн.  Мемлекет грантты кәсіпке қажетті еңбек құралдары мен техника, мал, құс сатып алу үшін нысаналы мақсатта береді. Басқа тұтынушылық мақсаттарға, несие қарызын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Шарт жасалған күннен бастап  12 ай ішін­де қаражаттың мақ­сатты пайдала­ны­луы­на мони­торинг жа­салады, – дейді қалалық жұмыспен қамту ор­та­лығының бөлім басшысы Тұрсынай Қойшыбаева.

Маманның сөзіне сүйенсек, жыл сайын қайтарымсыз қаржыны алуға ниетті адамдардың қатары артып келеді. Мемлекеттік грант­тар беру бағыты бойынша осы жылға республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, 814 адамға грант беру жоспарлануда.

Халық арасында түрлі жағдай болады. Мәселен,  мемлекет беріп тұрған мүмкіндікті өз мақ­саттарына пайдаланып ке­тетін алаяқтар да кездеседі. Атап айтар болсақ, әлеуметтік желіде «қайтарымсыз грант алуға көмектесемін» деген ха­барламалар көбейгені рас. Олар­дың алаяқ болып шықпасына кім кепіл? Қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы мұндай жайттар кездескенін жоққа шығармады. Орталық дерегіне сүйенсек,  өткен жылы осындай «мемлекеттік грант алып беремін» деген алаяқтық дерегі анықталған.

Қайтарымсыз қаржыны алған кімге болса да тиімді. Себебі қарапайым халыққа біршама кө­мек. Маман нақты талапты түсіндірді. Енді қаржы алуға мүмкіндігі барлар жобаның басталғанын күтетіні анық. Өз кәсібін бастауға ынталы аза­маттарға мемлекет беріп отырған мол мүмкіндік. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат еткен  бағдарлама өз дәрежесінде жүзеге асуы тиіс.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: