Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірге инвестиция тарту, әсіресе шетелдік инвесторлармен жұмысты күшейтуді тапсырған еді. Бұл ретте аймақта түрік компанияларымен бірлескен жобалар жандана бастады.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов түркиялық «Isiklar Holding» компаниясының бас директоры Ока Хусейнмен кездесті.
Іссапар аясында екі тарап өңірде қағаз қораптар жобасын іске асыру мәселелерін талқылады.
Аталған компания Түркияда қағаз қораптарды өндіру және өнеркәсіп саласында жұмыс жасайтын, жылдық айналымы 250 млн. долларды құрайтын ірі компания.
Кездесу аясында түркиялық инвесторға өңірдің инвестициялық әлеуеті және жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі бар өндірістік объектілер таныстырылды. Атап айтқанда, компания басшысы Қызылорда қаласындағы «Монтажспецстрой» ЖШС-не және «Дор Строй» ЖШС-не, Шиелі ауданындағы «Мия Шиелі» ЖШС-не барып, өндірістік объектілермен танысуды жоспарлауда.
Кездесу қорытындысымен облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов жобаны жүзеге асыру мақсатында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін және өңірде басқа да жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді.
Айта кетейік, аймақта түріктің «Акса Энерджи» компаниясы қуаты 240 мегаватт болатын жаңа жылу электр орталығын салады. Сондай-ақ, Анадолы еліндегі тағы бір компания қызанақ өндіретін зауыт салуға ниетті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!