Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылордалық кәсіпкерлер залалын өтеуге өтінім беріп жатыр

03.02.2022

820 0

Қызылордада қаңтарда шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген мүліктік залалды өтеу бойынша өңірлік комиссия жұмысын бастады. Әзірге комиссия қарауына InfoKazakhstan.kz платформасы арқылы 2 кәсіпкерден өтінішін түскен. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.

Осы уақытқа дейін Кәсіпкерлер палатасының call-орталығына 49 қоңырау түскен. Оның ішінде кәсіпкерлік нысанды қалпына келтіру және шығынды анықтау бойынша 37 өтініш берілген.

«Қазір шығындар нақтыланып жатыр. 2 ақпандағы жағдай бойынша Кәсіпкерлер палатасына 21 шағын және орта бизнестен өтінім түсті. Жалпы бұл кәсіпкерлер 29 нысан бүлінгенін мәлімдеді. Алдын ала есепке сәйкес, шығын 400,2 млнтеңгені құрап отыр. Барлық өтініш ішкі істер органдарына жолданып, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне тіркелді. Бүгінде 9 өтінімге қатысты полицияның қаулысы шықты. Енді бұл кәсіпкерлер залалды өтеуге өтінімді InfoKazakhstan.kz платформасында жүктейді», – деді Ғалымбек Жақсылықов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Шығынға ұшыраған кәсіпкерлерге көмек көрсету үшін Ұлттық экономика министрлігі осы жылдың 27 қаңтарында «2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларын» бекітті. Бұл құжатқа 2 ақпанда өзгерістер енгізілді.

Кәсіпкерлер палатасының директоры жоғалған мүліктің немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмысының құнын өтеуге арнайы құрылған өңірлік комиссияның шешімі негіз болатынын жеткізді. 24 қаңтарда құрылған өңірлік комиссия 20 мүшеден тұрады. Оның 11-і – мемлекеттік орган қызметкерлері, 9-ы – азаматтық коғам өкілдері мен кәсіпкерлер.

Өңірлік комиссия өтінішті сайтқа түскеннен кейін 5 күн ішінде қарайды.

Жалпы шығынды өтеу үш бағыт бойынша жүргізіледі:

– бүлінген жылжымайтын мүлік үшін;

– тауарлық-материалдық құндылықтар үшін (яғни сатылымдағы тауарлар үшін);

– жоғалған жабдық үшін.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан бірінші кезекте келтірілген мүліктік залалды өтеуге өтініш беру үшін мүліктің иесін полиция жәбірленуші деп тану қажеттігін атап өтті.

«Кәсіпкерлер палатасы өтінімді қалай толтыру керек, қандай құжат жинау керек, жалпы өтеу механизміне қатысты сұрақтарға жауап беруге дайын. Кез келген кәсіпкер келіп, сұрай алады», – деді Салават Құлмахан.

Айта кетейік, өңірлік комиссияның жұмысын облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы үйлестіреді. Өңірлік комиссия хатшысының байланыс нөмірі 8 /7242/ 40-10-59, 8 747 200 30 30.

Өтінішті толтыру, қажетті құжаттарды жинау және өтеу механизмі бойынша мәселелер орын алса Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасындағы жауапты маман Аида Қаюповаға +7 777 456 3090 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: