Жұма, 27 желтоқсан, 10:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сабинаның қуыршақтары

11.07.2023

2816 0

Әлеуметтік желіден түрлі ұлттың киімін киген қуыршақтар көзге түсті. Алақандай ғана қуыршақтар түрлі-түсті киімдерімен-ақ тартымды, көздің жауын алатындай. Әр ұлттың киімін киіп, қаз қатар тізілген қуыршақтарға қызыға түстік. Бұл қаланың жас тұрғыны Сабина Темірболатованың туындысы екен. Сабинаның негізгі мамандығы – информатик, жоғары білімді жас маман. Дәл қазір ол өз мамандығы бойынша жұмыс істемесе де, қол қусырып қарап отырған жоқ. Оның қолөнерге ден қоюы өзінің ғана емес, өзгелердің де қызығушылығын оятты. Алғашында түрлі түсті маталардан құрақ құрап, сәнді жастықшалар тігуден бастаған Сабина кейіннен қуыршақтарды киіндіруге көшті. Иә, кәдімгі қуыршақ. Бала күнімізде қуыршағымызды өз талғамымызға сай киіндіріп, бояндырып мәз болатынымыз есімізде. Ал есейген Сабинаның қуыршақты киіндіруі бала кездегідей емес, кәдуілгі маман, қолөнер шебері ретінде, талғаммен жасалуда. Ол кішкентай қуыршақтарға түрлі ұлттың киімін кигізуді жөн көрді. Айтуға оңай болғанмен, ойға алған идеяны жүзеге асыру оңай болған жоқ. Ізденіс, әр ұлттың ерекшелігін табу, бояу үйлесімділігін дөп басу үшін оқу, тану, білу қажет екен.– Алғашқы қуыршағымның киімі де, тігісі де қарапайым болды. Көз тартар дүние шығу үшін шыңдалу қажеттігін түсіндім. Ісмерлік өнердің қыр-сырын, ою-өрнек салудың құпиясын ғаламтордан іздей бастадым. Тіпті шетелдік дизайнерлерден матаға жаңа рең берудің алуан түрін меңгердім. Өз жұмысымның нәтижесін көріп, қолымнан келетініне көз жеткен соң мұны кәсіпке айналдыруды мақсат етіп отырмын. Алғашқы ұлттық киімдегі 10 қуыршақ лезде сатылып кетті. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс бергендер де бар. Негізінен менің қуыршақтарымды туристер және қарапайым адамдар сыйлық үшін сатып алады. Сондай-ақ өз ұлтының киімін қызықтап сатып алатындар да бар. Мәселен, аймағымыздағы корейлер  нағыз ұлттық киімді көрсете алғаныма ризашылығын білдірді. Ал өзіміздің ұлттық киімдеріміз мазмұнға бай екені сонша, оны бір қуыршақпен көрсету мүмкін емес. Бір ғана бас киімнің өзін әбден зерттедім. Мәселен, қыз бала тақия кисе, жас келіннің сәукеле киетіні, сондай-ақ жас ананың баскиімі, әжелердің кимешегіне дейінгі аралықтағы киімдерді  киюдің өзіндік мәнісі бар екен. Мен қуыршақтарды сату үшін ғана емес, өз қызығушылығыммен және өзімді осы салада дамыту үшін жасаймын. Қазір қолөнердің қыр-сырын біраз меңгеріп қалдым. Тіпті менің қуыршақтарымның киім үлгісіне америкалық танымал дизайнер, модельер Ник Верреос жоғары баға берді. Бұл мен үшін бір жетістік екені даусыз, – дейді Сабина Хайруллақызы.Ісмер жас қуыршақтарға киім тігуден бөлек, матадан түрлі әшекейлер, сәнді жастықшалар тігеді. Оның қолынан шыққан бұл өнімдер де сұранысқа ие. Қуыршақтар арқылы әлемді тануға, әр ұлттың мәдениеті мен тарихын зерделеуді мақсат еткен Сабинаның бұл игі ісі алдағы уақытта тек кәсіп көзі ғана емес, қоғам үшін де пайдалы болмақ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: