Жексенбі, 24 қараша, 07:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Серік Қожаниязов: «Кәсіпкерлер заңды құқығын пайдалана алуы керек»

02.11.2022

507 0

Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен кәсіпкерлік саласында туындаған мәселелерді шешуге арналған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Шараға жұмыс тобының мүшелері – Кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңес мүшелері, бизнестің түрлі саласында тәжірибелі кәсіп жасап жүрген кәсіпкерлер мен салаға қатысты мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Отырыста кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелері мен ғимаратты заңдастыру, жергілікті өнімдерді қолдау және мектеп асханаларында қызмет көрсететін кәсіпкерлердің мәселесі қаралды.

Палата жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Болат Нұрқожаев кәсіпкерлерге жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткеннен кейін кадастрлық құнына сәйкес сатып алу қаржысын бөліп төлеуге мүмкіндік беру керегін айтты.

Бұл тәжірибе әзір тек Қызылорда қаласында ғана қолданылып келе жатыр екен.

Аталған мәселеге қатысты облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев бұл сұрақ мемлекеттік қызмет түріне жататынын атап өтіп, кез келген кәсіпкер қызметті алу барысында бөліп төлеу мүмкіндігін сұрауға құқылы екенін жеткізді.

«Бірақ осы айтып тұрғандарыңызды кәсіпкерлердің басым бөлігі біле бермейді ғой. Сол үшін бұл ақпаратты кәсіпкерлерге жеткізу керек. Халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттарын тапсырып жатқан кезде мамандар кәсіпкерлерге бөліп төлеу құқығының бар екенін түсіндіріп, айтып отыруы қажет. Аудан әкімдеріне осы жұмыстарды дұрыс ұйымдастыруды тапсырамын. Жергілікті әкімдердің де бюджетті көлемді қаржымен қысқа мерзімде толықтырғысы келетінін жақсы түсінемін. Дегенмен, кәсіпкерлерге де қаржысын айналымға салып, бизнесін дамытуына жұмсағаны дұрыс»,– деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов.

Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау үшін Кәсіпкерлер палатасының директоры, жұмыс тобы төрағасының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықовқа өнімдерге сұраныс пен ұсынысқа қатысты ақпарат әзірлеуді ұсынды.

Ал мектеп асханаларында қызмет көрсететін кәсіпкерлердің мәселесін облыстық білім басқармасының басшылығы жан-жақты зерттеп, құжаттарын әзірлеп, тиісті комиссияға шығаруды тапсырды.

«Жұмыс тобы облыста кәсіпкерлік саласында туындаған жүйелі мәселелерді оңтайлы шешу, өңірге инвестиция тарту, инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру, сатып алуларда жергілікті өнімді қолдау шараларын ұйымдастыруға арналған алаң болмақ. Сол үшін өңірдегі бизнес өкілдерінде кездесетін жүйелі мәселелерді осылайша күн тәртібіне жедел шығарып отыратын боламыз», – деді кеңесті қорытындылаған Серік Қожаниязов.

Атап өту керек, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің 7 қыркүйекте кәсіпкерлермен кездесуінде Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов аймақта кәсіпкерлік саласында туындаған жүйелі мәселелерді жедел қарауға арналған  жұмыс тобын құруды ұсынған болатын.   

Осы негізде қазан айында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен Жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс органы  – Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы.

Жұмыс тобы отырысы айына кемінде бір рет шақырылады және мәселелер туындауына сәйкес мерзімнен тыс та өткізілуі мүмкін.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: