Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 01:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Бизнес бастаудың» берекесі

17.11.2022

1188 0

Кәсіп ашу десе көбіне базардағы сауда не киім сатуды елестететініміз рас. Алайда бұл түсініктің шегін бұзып, кәсіпкерліктің шексіздігін дәлелдеп жүргендер бар. Соның бірі – қала тұрғыны Әйгерім Бахтиярова.

Қараөзек бекетінде дүниеге келген ол бала жастан әже тәрбиесін көріп, ісін өнеге тұтқан жан. Бүгінде кәсіп етіп соның берекесін көріп отырған тоқыма өнерін әжесінен үйренген екен. Бұл қызығушылығы кейін оқу, жұмыс, тұрмыс жайымен ұмыт болған.

– Осыдан 5 жыл бұрын тоқуға деген ерекше ықылас пайда болды. Солай ке­зінде сүйікті ісім бол­ған тоқыма тоқуды қайта қолға алуды жөн көрдім. Кәсіп көзіне айналдырғым келді. Бірақ қолда қомақты қаражат болмағандықтан аз ақшамен бастайын дедім. Сөйтіп, 150 теңгеге қажетті сымды, 150 теңгеге жөкеге арналған жіп сатып алдым, – дейді Әйгерім бізбен әңгімесінде.

Осылайша бар-жоғы 300 теңгемен басталған кәсіп қажырлы еңбектің арқасында аясын кеңейтті. Алғашында қолдан тоқылған жөкені 600 теңгеге сатыпты. Мұндайда алғашқы тұтынушыңның ағайын-туыс болатыны анық. Әйгерімге де жақын жандары қолдау көрсеткен. Солай жөке туралы хабар жан-жаққа тарап саудасы жүре бастаған. Кәсібің оңға басып табыс түсе бастағанда оны жұмсағың келіп, кейде болмашыға жаратып қоятын сәттер болатынын кәсіпкерлер жиі айтады. Мұның арты тоқырауға әкелуі мүмкін. Сондықтан қандай кәсіп болсын түскен қаржыны айналымға салғаны дұ­рыс. Әйгерімнің бұл жағынан жолы болды. Әрбір сатылымнан түс­кен ақшаны босқа шаш­пай, жаңа өнім алуға жұм­сады. Кішігірім кәсібі солай өріс алды

– 2021 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сы арқылы «Бизнес бастау» курсын оқып, 583 мың теңге көлемін­де грант жеңіп алдым. Оған тоқыма маши­на­сын сатып ал­дым. Осы орайда аталған кәсіп­керлік палатасына, әсі­ресе бө­лім басшысы Гаухар Ыбырайқызына ерекше алғысымды білдіргім ке­леді. Кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолдау білдіріп, ісімізге үнемі оң бағасын береді. Қазір қалада «Әйелдерді дамыту орталығы» ашылды. Сонда киім пішу, тігу курсын оқып жатырмын. Үнемі ізденіс үстінде болған дұрыс. Күн санап небір дүниелер тұрмысқа еніп жатыр. Соның бәрін болмаса да қажеттісін игеруіміз керек, – дейді кейіпкеріміз.

Қазір кейіпкеріміз жөкеден (мочалка) бөлек бас киім, күртеше, сөмке, кимешек, шәлі, тіпті аяқ киім тоқуды да қолға алған.

– Кимешек тоқуды бастағанмын. Өзі бір ерекше дүние. Одан бөлек тоқылған аяқ киімдерге сұраныс жоғары. Балаларға арналған күртеше, комбинезон, қалпақ, кеды тоқимын. Шығармашылығымда тоқыма сөмке де бар. Оның тоқылуы оңай. Бір күнде екі сөмке дайындауға болады. Мұның барлығына өнерді бағалайтын жандар тапсырыс береді, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің туындыларының ішінде ерекше көз тартқаны тоқыма аяқ киімдер болды. Оны өнердегі ұстазы Айша Құрманбекова сынды шеберден үйреніпті. Өзінің айтуынша, бұл ескі аяқ киімді қайта жаңғырту. Яғни күнделікті киетін жеңіл кеды, балетка сияқты аяқ киім тозығы жетсе де, кейде табаны жарамды күйде болады. Міне, сондай резеңке табанның үстіне біз арқылы жіп өткізіп тоқиды. Одан басқа өзінің арнайы желімін қолдану арқылы да ескіні жаңғыртады. Бұл ұзақ уақыт алады. Әрі сапаны талап етеді. Сондықтан кейіпкеріміз алдымен өзіне, жақын-жуығына тоқитын көрінеді. Сосын оның кигенде жайлылығын, жүріске қолайлылығын тексереді. Осыдан соң ғана тапсырыспен жаңа өнім шығарады. Аяқ киім тоқу оңай да шаруа емес. Өзі айтқандай ұзақ уақыт алады. Сондықтан бұл бағытты әлі де зерттеп, үйрену үстінде. Десе де үй тәпішкелерін тоқып, сатылымға шығарып үлгерген. Оның бағасы былтыр 3500-4000 теңгенің көле­мінде болса, биыл 5 мың теңгеге жеткен. Әйгерімнің осы істі жіті зерделеп толық игерген соң, білгеніммен бөліссем деген мақсаты бар.

Кәсіпкердің қолынан шық­қан туындының бірі – шәлі орамал. Бұл – үлкен сұранысқа ие дүние. Өт­кен жылы Шымкент қаласы­нан тапсырыс түсіп, көп мөлшерде шәлі тоқыған екен. Бұл тапсырыс биыл да жалғасын тауыпты. Жалпы кейіпкеріміздің қазіргі шеберханасы – өз үйі. Ал тұтынушылары әлеуметтік желі арқылы хабарласып, сұраныс береді екен.

– Тоқымаларымды инстаграм, фэйсбук әлеуметтік желісіне салып отырамын. Тұтынушыларым – сондағы оқырмандарым. Олар жылдар бойы тапсырыс беріп келеді. Кейде оның көптігінен үлгермейтін кездер болады. Уәде берген уақыттан кешігіп жатамын. Бірақ тұрақты тұтынушы түсіністікпен қарайды. Кәсібім солай қалыптасқан, – дейді  Әйгерім.

Тұрақты тұтынушының болғаны еңбектің жанғаны десек, артық болмас. Кім болса да көз майын тауысып істеген жұмысының сәтті шыққанын, сұранысқа ие болғанын қалайды емес пе?! Бұл кәсіпті жүргізуде Әйгерімге жолдасы үлкен қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда тапсырыс жіберу, күтіп алу сынды бөлігі сол кісінің жауапкершілігінде. Ештеңеге үлгермеймін, уақыт тапшы дейтіндерді кейіпкеріміз түсінбейді. Оның сөзінше, үлгеремін деген адам бәріне уақыт табады. Кейде телефонға телміріп босқа уақыт өткізетін келіншектерге қарап, шіркін мына кісінің уақытын маған берсе ғой деп армандайды екен. Ал басты арманы – осы кәсіпті әрі қарай жетілдіріп, өзінің шағын шеберханасын ашу. Өз брендін қалыптастыру.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: