Халықаралық би күні – әлемнің түкпір-түкпірінде жыл сайын 29 сәуірде атап өтіледі. Бұл күнді 1982 жылы ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық театр институты бекіткен. Датаның таңдалуы – балет өнерінің негізін қалаушылардың бірі, француз хореографы Жан-Жорж Новеррдің туған күніне орайластырылған. Қазақ халқы үшін би – сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімді қимыл арқылы өрнектейтін ерекше өнер. Ежелден келе жатқан алтыбақан маңындағы ойындар, қыз ұзату тойларындағы шырайлы билер қазақ би мәдениетінің бастауы болды. Атаулы күн қарсаңында “Томирис” би ансамблінің көркемдік жетекшісі Мөлдір Тойбазарова мен “Ai-aru” заманауи би ансамблінің көркемдік жетекшісі Замира Стықбаева мерекенің маңызын тілге тиек етті.
– Би өнері – ең алдымен үлкен талғампаздық пен нәзіктікті талап ететін ерекше сала. Бишінің сахнадағы ғұмыры ұзақ емес, себебі уақыт өз талабын қояды: жастың келуі, дене мүмкіндігінің өзгеруі – бәрі де сахналық өмірдің уақытша екенін дәлелдейді. Дегенмен, қысқа уақыттың ішінде өз есімін өнер тарихында қалдырған бишілеріміз аз емес. Ұстазымыз, “Томирис” би ансамблінің бас балетмейстері Гүлбану Елубайқызының жетекшілігімен жұмыс жасап келеміз. Ол кісінің кәсіби біліктілігі мен талапшылдығының арқасында талай додада топ жарып, көптеген республикалық және халықаралық би байқауларында биіктен көріндік. Ұжымымыз би өнерінің мәнін терең түсініп, әр қимыл, әр ырғақ арқылы қазақтың бай мәдениетін, ұлттық рухын сахна төрінде паш етіп жүр, – деді Мөлдір Ақтілеуқызы.
– Би арқылы адам өз сезімін, ойы мен армандарын жеткізеді. Бұл өнер түрі уақыт пен кеңістікті, тіл мен ұлтты бөле алмайтын ұлы күшке ие. Әр ұлттың өз биі бар, әр бидің өз тарихы, өз үні бар. Кеше ғана Түркістан облысында өткен “Turan Dance” халықаралық би байқауында қаншама талантты қатысушылар арасынан суырылып шығып, үздік өнер көрсетіп, арнайы жүлдені жеңіп алдық. Бұл — біздің ұзақ уақыт бойғы еңбегіміздің, өз ісімізге деген шынайы махаббатымыздың жемісі. Бұл жеңіс әрбір бишінің табанды дайындығының нәтижесі екенін мақтанышпен айтамын. Алда да талай биіктерді бағындырып, қазақ өнерін әлем сахналарында паш етеміз деп сенемін,– деді Замира Тоқтарқызы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!