Өмір – өлшеулі, өнер – өміршең. Мәдениет мәйегінде мәңгілік мөрін таңбалаған талант Батырхан Шөкенов. Ол орындаған әуезді әндер Алаш аспанында әлі күнге қалықтап келеді. Сыр өңірінің дарынды перзенті өмірден ерте кетсе де артына мол мұра қалдырды.
Қазақ музыкасын әлемге танытқан әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шөкеновтің 60 жылдық мерейтойы аймағымызда кең көлемде атап өтілуде. Облыс әкімінің қолдауымен облыстық мәдениет және спорт басқармасының мұрындық болуымен өткізілген «Отан ана» ІІІ республикалық әншілер конкурсы жоғары деңгейде өтті.
Қала әкімі Асылбек Шәменов, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаевпен бірге әншінің анасы Дилара Шөкенованың шаңырағына барып, абзал ананың 85 жасымен және ұлы Батырхан Камалұлының ел көлемінде аталып өткелі жатқан 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Сіз Сыр өңірінің талантты ұлы Батырхан Камалұлының аяулы анасы ғана емес, өнер жанашырысыз. Өздеріңіздің елге жасаған еңбектеріңіз ұрпақ санасында жаңғырып тұр. Осынау ұлы істердің басы-қасындағы ағаларымыздың қолдаушысы, тірегі – аналарымыз болғанын білеміз. Сіз де еңбектен шет қалмай, ошақтың отын маздатып, ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиеледіңіз. Сіздің осы өнегелі ісіңіз елге үлгі өнеге, – деді қала әкімі.
Өнер иесінің анасы Дилара Ибрагимқызына шаһар басшысы Сыр жұртшылығы атынан арнайы сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
– Батырханымның жоқтығы жанымды жабырқатады. Оның орнын ешкім толтыра алмайды, әрине. Дегенмен көңілге медеу боларлық істерді көріп, тәубе деймін. Ықылас білдіріп жатырған ел ағаларына аналық алғысымды білдіремін, – дейді әншінің анасы Дилара Ибрагимқызы.
Иә, ол қазақ ән өнерінің қайталанбас қолтаңбасы. Кең тынысты дарын иесі. Эстраданың тұтас дәуіріндегі еңбегі ешқашан ел жадынан өшпейді. Қазақстандықтардан бөлек оның шет мемлекеттерде де тыңдарманы қалыптасты. Бұл өнердің ажырамас бір бөлігі саналған Сыр перзентінің шыққан шыңы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!