Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әжелер ансамблі топ жарды

26.10.2021

2050 0

Сыр елі талай таланттың қайнар көзі болған құтты мекен. Арғы-бергі дәуірлерде небір тамаша өнер иелері осы өлкеден шыққаны әмбеге аян. Бүгінде сол өнер иелерінің ізін жалғаушылар жетерлік. Бүгін біз Баймұрат батыр ауылынан шығып, халықаралық додада топ жарған «Сәулем-ай» әжелер ансамблі жайында сөз қозғамақпыз.

2018 жылы «Ақжарма мәдениет үйі» жанынан құрылған «Сәулем-ай» әжелер ансамблінің құрамында 11 адам бар. Жетекшісі – Мақпал Қалданова. Құрамында Гүлнаш Қалиева, Нұрсұлу Әбілова, Қалдыгүл Болтаева, Гүлнар Өмірбекова, Айман Байымбетова, Зәуре Бөбекова, Күлхия Бақбергенова, Тамаша Бегманова, Райса Бахтиярова, Әлия Жылқайдарова және Клара Қыдырғалиева сынды өнер иелері бар ансамбль 4 жыл ішінде біраз белесті бағындырды.

Жуырда Алматы қаласы «Арт эмпайр» өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен халықаралық «Думанды елім» атты жобада өнерлі ұжым бас жүлде иеленіп, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық «Қазақстан таланттары» атты байқауға жолдама алды.

Аталған өнер байқауына вокал жанры бойынша республиканың түкпір-түкпірінен 58 ансамбль қатысса, оның 16-сы әжелер ансамблі. Нұр-Сұлтан, Шымкент, Түркістан, Қостанай, Жезқазған, Тараз, Ақтөбе мен Қызылорда қалалары бақ сынаған додада Ш.Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» әнін орындаған сырбойылық ұжым жүзден жүйрік шықты.

– Бұрын соңды мұндай жарыстарда бой көрсетпегесін байқау барысында толқыған, «қалай болар екен?» деп қобалжыған сәтіміз көп болды. Бақытымызға орай бәрі сәтті өтіп, кіл мықтының арасынан бас жүлдеге лайықты деп танылдық. Тіпті қуанғанымыз сонша, көз жасымызға ерік бердік. Шара қорытындысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-актриса Меруерт Түсіпбаева біздің ұжымды марапаттап, бас қалада өтетін жарысқа сәттілік тіледі. Бұл – біздің ғана емес, ауылымыздың, облысымыздың жеңісі.

Осы тұста әжелер ансамблінің шығармашылығын қолдап, ел ішінде өнердің дамуына, айшықталуына үлесін қосып, халықаралық байқауға қатысуға демеу жасаған ауыл әкімі мен Баймұрат бабамыздың ұрпақтарына шынайы алғыс білдіргім келеді, – деді ұжым жетекшісі Мақпал Қалданова.

Ұжым бұдан бөлек, былтыр Қазақстанның халық әртісі Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай «Ән әсерлі – әзиз әжелер» атты әжелер ансамблі арасында өткен қалалық ән байқауында Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ қаламызда өткен «Дәстүрді дәріптеген әжелер», «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» атты ән байқауларына қатысып І орын иеленді.

А.БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: