Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Айтыс жүлдегерлеріне құрмет көрсетті

03.09.2021

1188 0

Қазақ пен қырғыз ақындары айтысының тамыры тереңде жатыр. Осы дәстүрдің жалғасы ретінде, тамыз айының 30-31 жұлдызында Қырғызстанның Бішкек қаласында Қырғыз елі Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен еларалық айтыста Сыр өңірінің ақындары оза шапты.

Екі күнге созылған додада Қызылорда қаласынан М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры Нұрмат Мансұр жүлделі екінші орынды жеңіп алса, Ержеңіс Әбдиев арнайы жүлде иегері атанды. Сондай-ақ, үш дүркін алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов Жамбыл Жабаев атындағы сыйлыққа ие болды.

Айтыс жеңімпаздарын қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов арнайы қабылдап, шынайы ризашылығын білдіріп, қала әкімінің алғысын жеткізді.

Асқарбек Темірбекұлы өз сөзінде «Алатаудың бөктерін қатар жайлаған қазақ-қырғыз қашаннан туысқан ел болғандықтан, сыйластығы тарихтан белгілі. Әсіресе, Сүйінбай мен Қатағаннан, Жамбыл мен Тоқтағұлдан, Кенен мен Османқұлдан бастау алған осынау екі елдің арасындағы ата дәстүр мен ел бірлігінің бүгінгі дәнекері сіздерсіздер. Бүгінгі жеңістеріңізбен еліміздің рухын асқақтатып, Сыр өңірінің өнер ордасы екендігін тағы да бір дәлелдедіңіздер. Жеңістеріңіз құтты болсын! Қай кезде де шығармашылық шабыттарыңыз шарықтап, рухани ізденістеріңіз сарқылмасын!»,- деді.

Кездесу барысында қашан да ынтымақ пен бірліктің туын жоғары ұстаған екі елдің достығы, рухани байланысы, ұқсас жақтары сөз болып, өлмес өнер – айтысымыздың туы биікте желбірей берсін деген тілектер айтылды.

Байрақты жыр бәйгесіндегі әсерімен бөліскен ақындар да өз кезегінде елеп-ескеріп, құрмет көрсеткен қала басшылығына алғысын білдіріп, әрдайым Сыр елінің намысын қорғай беретіндіктерін жеткізді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: