Біздің ана тіліміз қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі.
Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – деп жырлаған қазақтың белгілі ақыны Қадыр Мырза- Әлінің сөзі біз үшін баға жетпес байлық болуы тиіс.
Ана тілміз – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, баласына ана сүтімен дарыған, қалыптасқан асыл мұрамыз. Тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтау біздің өмірлік қағидамыз болуы тиіс. Қазақты қазақ ететін, ұлтты ұлт етіп сақтайтын оның ана тілі.
Мемлекеттік тіл саясатын дамыту, тіл мәдениетін қалыптастыру және жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін арттырып, тіл тазалығын сақтауға шақыру және қадірлеуге тәрбиелеу – біздің қоғамның басты назарында болуы керек. Өзінің тілін, әдебиетін білмеген, салт-дәстүрін қадірлемеген адамды толық саналы тұлға деуге болмас. Сол себепті еліміз дамып, мемлекетіміз өркендеу үшін, әуелі қазақ тілінің мәртебесін көтеруде белсенділік танытуымыз қажет деп ойлаймын. Егер кез келген адам, тұлға өзге тілді білетін болса, ол рухани дамыған бай адам. Өйткені, сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді. Осы заманда үш тілді білу, үш тілді игеру – әркімнің дербес табыстылығының басты қағидасы болып саналады.
Қазіргі уақытта, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде де жастарымыз, үлкен адамдардың өзі қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі, білсе де өз тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдыру – ана тіліміздің қадірін кетіруі, тілімізді сыйламауы қоғам үшін қатерлі болып табылады. Елінің болашағын ойлаған әр азамат, әр тұлға өз ана тілінің болашағы үшін де қолынан келген көмегін аямауы тиіс, әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі – ана тіліміздің мәртебесін бірге көтерейік.
Ә.Жұмахан,
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының жетекші маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!