Сыр өнері үшін биылғы жыл жемісті һәм жеңісті жыл болды. Кеше ғана Мұхтар Ниязовтың алтын домбыра алғанын дүйім жұрт болып атап өттік. Бүгін айтыссүйер ағайын үшін тағы қуанышты хабар келіп жетті.
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Қ.Қайсенов кентінде Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың 100 жылдығына арналған «Ұранды елдің ұрпағы» тақырыбында республикалық айтыс өтті. Онда жерлесіміз Шиелі ауданының ақыны Ержан Әміров бас жүлде иегері атанды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев бастаған қазылар алқасы ақындардың өлең құрау шеберлігіне, сахна мәдениетіне басар назар аударды.
Сыр елінің сенімін арқалаған жас жүйрік жыр додасында барлық ереже талабына сай жоғары деңгейде өнер көрсетті. «Менің бұл жеңісім Сыр елінің жеңісі» дейді жерлесіміз өз сөзінде.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!