Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Арқаның ерке, сұлу Көкшетауы»

12.01.2021

5032 0

«Елі мен жерін сүюі үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс. Батыста Бозжыра мен Шерқала, күнгейде Ақсу-Жабағылы мен Сайрам – Өгем, Жетісуда Хан Тәңірі мен Шарын, Көлсай мен Қайыңды, Қапал-Арасан, Алтынемел мен Бұрхан бұлақ, шығыста Мұзтау мен Шыңғыстау, Марқакөл мен Рахман қайнары, Арқада Бурабай мен Баянауыл, Ұлытау мен Қарқаралы, теріскейде Имантау мен Айыртау және басқа да көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жаннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек»

(Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан)

… Сексен көл Көкшетаудың саясында

Әрқайсы алтын кесе аясында

Ауасы дертке дауа, жұпар иісі–

Көкірек қанша жұтса тоясың ба?

Бала күнімізден санамызда жатталған өлең жолдары. Шынында, біз Көкшетауды Сәкен Сейфуллиннің поэмасы арқылы таныдық. Ақынның Көкше сұлулығын сөзбен суреттегенін тамсана оқып, қиялмен көз алдымызға елестеттік. Көкшенің табиғатын алыстағы ауыл балалары өлеңмен танып, кітаптағы санаулы суреттерден ғана көрді. Қазір­гідей дүниені шыр айналдырып көрсететін интернетті білмейтін кез, демалысқа шығып, отбасымен саяхаттайтын дәстүр де жоқ. Еліміздегі табиғат сыйлаған сұлулықты сөзбен өрнектеп, бала қиялымызды көкке самғатқан, арманымызды биіктеткен ақын-жазушылар алдында қарыздармыз.  Себебі біз айналаның сұлулығын, табиғаттың тамаша тартуын бойымызға өлең-жырмен, көркем шығармамен сіңірдік….

«Арқаның ерке, сұлу Көкшетауы»

Газетіміздегі жаңа айдарда бұл жолы оқырман­дарымызға табиғаттың тартуы аз болмаған, сал-серілердің елі, тарихи оқиғалардың куәгері болған сұлу Көкше жері туралы жазудың сәті түсті. Әрине, технократтық дәуірде Көкшенің сұлулығын сипаттау жаңалық емес. Бұл орайда оқырманға сұлулығына көз тоймайтын Көкшетаудың тарихы да терең екенін айтқанымыз жөн болар.

«Жер шоқтығы – Көкшетау» атты кітаптың авторы Жанайдар Мусин Көкшені былай сипаттайды: «Халық Көкшетау атап кеткен, Сарыарқаның солтүстік бөлігіндегі көгілдір таулы өлке батысынан-шығысына қарай төрт жүз-бес жүз шақырымға созылып жатыр. Ені де аз емес, оңтүстіктен-солтүстікке қарай екі жүз шақырымға жетеді. Көкшенің көгілдір таулары асу бермес асқарлар емес, сайын дала, жалпақ жазира төсінде киіктің лағындай еркелеп, құралайдай құлпыра қызықтырып, келсеңші қалқам деп, еркелей қол бұлғап, жібек орамалы өзіне ынтықтырып тұрған ару таулар. Болмыс-бітіміңді баурап алатын ару таулардың ең биігі Көкше қырқасынан сырлы әлемге көз салу үшін 947 метр биіктікке көтеріліп шығасың. Көкшетауға, ғажап өлкеге көзің жеткенше қызыға қарайсың» деп жазады. Көкшенің ерекшелігін жолсапарына арқау етіп жүрген журналист Асылбек Байтанұлының мына мәліметі Көк­шетауды тануға ұмтылған оқырманға қажетті ақпарат десек те болады.

«Көкшетау қайсы?» – десе былайғы жұрттың біразы Көкшетауды осы аттас қала орналасқан жердегі тау деп түсінеді. Бұл, әрине, жаңсақ таным. Сондықтан да «Көкшетау» атауына қатысты үлкен үш түрлі географиялық-аумақтық ұғым барын ажырата білу керек.

«Арқаның ерке, сұлу Көкшетауы»

Біріншіден, Көкшетау, бұл – тау. Көкше тауы – баурайында әйгілі Бурабай курорты орналасқан және осы Бурабай ауданы жеріндегі тау. Көкше таудың ең биік нүктесі – Бүркітті шоқысы 947 метр.

Екіншіден, Көкшетау – қала. Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласы жоғарыда айтылған Көкше биігінен батысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан. Ресей патшалығы 1822 жылы 22 шілдеде «Сібір қырғыздары туралы» жарғысы негізінде хандық билікті жойды. Жалпақ жатқан Орта жүзді ұсақтап сегіз дуанға бөлшектегенде, соның бірі болып Көкшетау құрылыпты. Орталықтан келген жер өлшеушілер қазіргі Шучье қаласы маңына болашақ дуан орталығының қазығын қағып кетеді. «Ел ақсақалдары ақылдасып, бұл белгіні Бұқпа тауының етегіне апартып тастаған екен»  дейді – ел аңызы. Дулығасын баса киіп ұйқыға кеткен Жекебатыр, көк мұнар шың Көкшетау, текше қия Оқжетпес, Күміс көл мен Әулиекөл, Әулиекөлдің ортасындағы Жұмбақтас, Абылайдың ақ алаңы секілді тұнған киенің аз күн болса да, доңыздың тұяғына тапталып, құты қашпасын деген жанталас айласы екен бұл.

«Арқаның ерке, сұлу Көкшетауы»

Бұқпа тауының етегінде, Қопа көлін кенерелей, Қылшақты өзенін жағалай қанат жайған Көкшетау қаласының тарихы 1824 жылдан басталады. 150 мыңдай тұрғынның 60 пайыздан астамы қазақ. Жыл сайын ұлттық бояуы қалыңдап келе жатқан қала.

Үшіншіден, Көкшетау – Қазақстанның ау­мақ­ты тарихи-географиялық өңірі. Қазақстан­ның солтүстік бөлігіндегі Көкшетау алабына Ақмола облысының Бурабай, Зеренді, Біржан сал, Сандықтау аудандары мен Солтүстік Қазақстанның Айыртау, Есіл, Тайынша аудан­дарының таулы-қыратты көркем өңірлері кіре­ді. Көкшетау алабында Көкшенің биігінен өзге Жақсы Жалғызтау, Сандықтау, Жыланды, Имантау, Қошқарбай, Зеренді, Желтау, Айыртау, Сырымбет, Бұқпа т.б. аласа таулар желісі бар. Көкшетау тауларының ең қиыр солтүстігінде атақты Үкілі Ыбырайдың ата-бабалары мекен қылған Жалғыз тау мен мұндалайды. Одан беріректегі Сырымбет тауы – Орта жүз ханы Уәлидің ханымы Айғанымның құтты қоны­сы, ғылымның жарық жұлдызы Шоқан Уәлиха­новтың балалық шағының куәсі. Сырым­беттен бергі егіз шоқылы Айыртаудың бауырындағы Саумалкөлмен қанаттас жатқан Қоскөл – сері Ақанның ит жүгіртіп құс салған, Құлагер тұл­парын баптап қосқан базарлы дәуренінің куәсі, Қорамса байдың мекені. Көр­кем Елікті мен зерлі Зерендінің шығысында мұ­нартқан Желтаудың бауырындағы Қойсалған – «ту баста Абылайды хан көтерген» Қарауыл Қанай биден тараған алты ауылдан шыққан көрнекті тұлғалардың бірі – батыр-ғалым Мәлік Ғабдуллиннің кіндік қаны тамған жер. Көк­ше­таудың шығысы мен оңтүстігінде Қара­қалпақ, Көкшоқы, Намаз­ғұл тағы басқа да тау шоқылары жатыр. Әр­қайсысының өз аңызы бар. Сүйген жігітімен ну жынысты тауға қа­шып кетіп, екеуі де қайғылы қазаға ұшыраған Мақпал қызды еске салатын Мақпал тауы да осы маңда. Балуан Шолақтың ата қонысы Тастыөзек те Көкше биігінен соншалықты алыс емес. Көкше тауының батыс солтүстігінде, Ханның Қызылағашы, Ханыскеймен (Ханская Ставка) қатарлас жатқан Қарақалпақ тауының бауырында Уәли хан жерленген. Көкшенің шы­ғы­­сындағы Көкшоқының тұғыр тасына шы­ғып Біржан сал кешкі тымықта ән салғанда ете­гіндегі Жөкей көлінің айналасындағы 7 ша­қы­рым қашықтықтағы ауылдарға даусы еркін жетіп жатады екен. Көкше биігіне шығып көз салсаңыз, алыстан қарауытып жоғарыда атаған Зеренді, Қошқарбай, Еліктіден өзге, Жыланды, Сандықтау көзге шалынар еді. Ну орманмен көм­керілген, сай-саласы өзен-бұлақ, аясы айна­дай көлдер жарқыраған бұл таулардың қолмен жиған сандықтай текше тастарын көрген жанның ойына:

– О, ғажап!

Өзіңбісің Көкше деген?!

Тастарын жиған жүктей текшелеген, – деген Мұқағали ақынның жыр жолдары – еріксіз оралары анық. Міне, көрікті Көкшетау өңірінің аясындағы сансыз көлдерді халық жуық шамалап «Көкшетаудың сексен көлі» деп атайды. «Сексен көл – Көкшетаудың саясында, Әрқайсы алтын кесе аясында» – дегендей, Көкшетау көлдері туралы әңгіменің арқауы да тым ұзақ… Шиырып айтқанда, «Көкшетау» атауына қатысты басты басты үш ұғым осы.

«Арқаның ерке, сұлу Көкшетауы»

Қазақстанның «Швейцариясы»

Көкшетау десе, ең алдымен ауызға ілінер әйгілі көл – Нұр-Сұлтан мен Көкшетау қалаларынан бірдей қашықтықта, екі аралықта орналасқан Бурабай көлі. Сексен көлдің ішіндегі бір төбе саналатын оның суы тұщы және таза. Мөлдірлігі сондай, тіпті ең терең жерiндегi су асты өсімдіктері мен балықтар да көзге айқын көрiніп тұрады. Көлдiң айналасы – сыңсыған қалың қарағайлы, қайыңды орман. Көкшенiң әйгiлi шоқылары – «Жұмбақтас» пен «Оқжетпес» Бурабай көлiн ерекше көрiктi етiп көрсетеді. Сол себептi жұрт оны «Қазақстан Швейцариясы» деп те атайды.

Табиғат жомарттығын аямаған Көкше жеріндегі әрбір тау-тастың мазмұны, айтылар аңызы бар. Мәселен, «Оқжетпес» шыңы туралы аңыздар жетерлік. Ағартушы-ғалым Шоқан Уәлиханов он бестен астам аңыз әңгімелер жинаған екен.

Әйгілі «Оқжетпестен» берге туысқандай болып бірінен-бірі сәл қалқыңқы бой түзеп тұрған үш шынарға еріксіз көзіңіз түседі. Жергілікті халық «Үш діңгек» деп атап кеткен. Апалы-сіңлілі үш ару деген есімі де арагідік айтылып жүр. Осы орайда бір аңыз мынадай сыр суыртпақтайды:

«Ертеде Қарауыл ауылдарының бірінде көркіне көз тоймаған апалы-сіңлілі үш қыз өмір сүреді. Орталарындағы жалғыз бауырлары Оқжетпес батыр болып өседі. Бір күні тұтқиылдан баса-көктеп кірген жау елді шауып, үш ару мен батырды қоршауға алады. Төртеуі жаумен шайқасып, шегіне береді. Қаптаған жауды жеңе алмасын білген олар «туған жерімізді мынадай жауға қалай таптатамыз?» деп қасқая тұра қалады да шапса алмас қылышы майырылатын, сүңгітсе қара найзасы қайырылатын, атса оғы асып түсе алмайтын қамал тасты тік қаптал құзар шыңдарға айналып кетеді. Бұл көріністен зәресі ұшқан жау тым-тырақай қаша жөнеледі…

«Жұмбақтас» туралы да аңыз аз емес. Бір аңызда «Хан алдында басына теңдік тимейтінін сезген қалмақ қызы Оқжетпестен көлге құлаған кезде қаздар қиқулап, қанаттарын сабалап жүргенде су астынан шашын жайған қыз бейнесіндегі тас су ортасынан шыға келеді…

Табиғатының көркемдiгi жөнiнен әлем курорттарының iшiнде жетекші орындардың бірін иеленетін Бурабай көлі теңіз деңгейінен 320,9 метр биіктікте орналасқан. Мұнда «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы да бар. Ол 2000 жылы құрылған. Аумағы – 83 510 гектар, оның ішінде 47 361 гектары, яғни тең жартысына жуығы – ну жасыл орман алқабы. Мұнда хайуанаттар әлемінің 305 түрі бар, оның ішінде 87-сі – сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері: сібір елігі, қабан, бұлан, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, сарыкүзен, орман сусары, сілеусін бар.

«Арқаның ерке, сұлу Көкшетауы»

Абылай хан алаңы

Зерттеушілердің айтуынша, бұл жерде қазақ халқының тікелей болашағына қатысты тағдырлы шешімдер қабылданып отырған. Бүгінде Абылай хан стелласы аталатын биік мұнарадан небары 120 метр жерде гранит тасынан жасалған тағы орналасқан. Көкше тауының бөктеріндегі бұл тақты жергілікті тұрғындар киелі жер деп есептейді. Себебі бұл жерде расында да тақ болған екен. Абылай хан сол тақта отырып үлкен жиындарға басшылық жасаған, өз кесімін шығарып, бұйрықтарын бекіткен. «Абылай ханның алаңы» деп аталатын бұл жерден төңірек расында да алақандағыдай болып көрінеді. Бір ғажабы, алаңдағы барлық дауыстар өте алысқа, әрі анық естіледі. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл маңайда кезінде Абылайдың атымен байланысты екі алаң болғанға ұқсайды.  Олар «Үлкен алаң»  және «кіші алаң» деп аталған. Сонымен қатар бұл маңайда «Ханның қызыл ағашы», «Ханкөл», «Төре Қызыл ағашы», «Қымызнай», «Ораз бұлағы», «Аталықтың ауылы», «Қара қыстақ», «Жұмақай қыстау», «Текекөл», «Жайнақкөл»  секілді тікелей Абылай атына қатысты көптеген тарихи мекендер бар.

«Арқаның ерке, сұлу Көкшетауы»

Кенесары үңгірі

Халық арасында «Кенесары үңгірі» деп аталатын бұл үңгір Бурабай көлінен оңтүстік-батысқа қарай 0,5 км жерде, Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасқан. Аласа шоқының үстінде орналасқан бұл үңгір Көкшетау қыраты­ның гранитті сілемінің үгілуінен пайда болған. Үңгірге кіре берістегі қуыстың биіктігі 3 метрдей. Ол екі бөліктен тұрады. Оларды бір-бірімен тар қуыс жалғастырады. Екінші бөліктен сыртқа шығатын ауыз бар. Бекініске өте қолайлы жер. Халық арасындағы аңыздарда Кенесары ханның бұл жерде бекінісі болғанын жазады. Тағы бір аңыздарда Хан Кененің аңға шыққан кезінде келіп тынығып, түнеп жататын орны болған. Бүгінде Кенесары үңгірі де туристердің ең көп баратын орындарының бірі.

Көкшетау қымызы

«Ал қазақ қымызы, оның ішінде Көкшетау қымызы  артық бағаланған ғой. Олар санаторий салмаса да өкпе дертіне, яғни жіңішке ауруға шалдыққан жанашырларына қарағайлы орман­ның бір алаңқайына киіз үйді тіктіріп тастап, сары қымызды сапыра ішкізіп, ауырғанды қайтадан қатарға қосып алады екен. Орыстың белгілі жазушысы Мамин-Сибиряк әлгі Самара қымызын да, Уфа қымызын да онша менсінбей, Көкшетаудың қымызын-ай деп аңсапты. Көкше­таудың қымызы-ай десек те сол бір дәрулі сусын мұнда демалуға келгендердің бәріне бірдей жете бермейді. Бұл сұранысты өтеу үшін «Қымызнай» ауылындағыдай екі-үш жаңа комплекс ашу керек. Сонда ғана Көкшетау қымызының даңқы қайта дәуірлейді. Сонда ғана жер шоқтығы Көкшетау атына заты сай болады. Бұл – бүгінгі біз, келешек ұрпақ ойлайтын халық аманаты демекпіз» деп жазады Жанайдар Мусин.

Ауасы да, табиғаты да, тіпті сусыны да дертке дауа болған Көкшетау – шипа іздегендердің ғана емес, туристер жыл сайын ағылып келетін мақтаулы аймақ. Әрине, сексен көлдің айналысындағы туристік аймақты әлі де дамыту күн тәртібінен түспей келеді.

Арқадан Сырға жеткен әндер

Сұлу көкше таланттыларға кенде емес. Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал секілді дарындар туған Көкше жерінен айтылған ән сол кезде-ақ Сырға дейін жетіп жататын. Бұл туралы белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Көгілдір таулар еліне келген сайын осы өлкенің өткен кездегі ұл-қыздары есіме түседі. Әне бір кезде бұл өңірде сұлу қыздар, сылқым жігіттер серілік, салдық құрды. Ел еркесі серілер – желмен жарысқан саңлақ жүйріктерді таңдап мініп, сәнді шапан киді. Көкшетауда Біржан сал, Айыртауда Ақан сері сияқты атышулы ақын, әншілер сол бір тұста Арқаның өнерлі жастарына ту болып, шоқтай екшеліп шығып еді. Ұлттық театры болмаған елге сал-серілер рухани ұйытқы болып, көшпелі халықтың ылғи ән үстінде басын қосып, ойын-сауықққа қарық қылып тастайтын. Біздің жақтың көнекөз қариялары әлі күнге есіне алып, аңыз етіп айтып отырады. Арал өңірін жайлайтын біздің ел ол кездерде қыстық азығын күз басынан қамдап, балықшы ауылдың ер-азаматтары Арқаға аттанады екен. Арқаға барған қалашылар түйе қомына теңдеп алып қайтқан қап-қап астықпен бірге Біржанның, Ақанның, Ыбырайдың, Балуан Шолақтың әндерін теңіз жағасына ала келетін еді» деген екен.

Ботай қонысы музейге айналды

2018 жылы Елбасымыздың рухани жаңғыруға үндеген мақаласында атап айтылған қазақтың жылқыны мінуге үйреткен жері – Ботай қонысы Бурабай қойнауында ашық аспан астындағы музей болып ашылды. Көкшетауға жол түсе қалса, танымыңызды кеңейтер рухани азық алатын тағы бір мәдени орын қосылды деп есептей беріңіз.

Археолог ғалымдардың пайымдауынша, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданының Никольское ауылынан бір жарым шақырым жердегі сонау энеолит дәуірінде Қазақстанның солтүстігін мекендеген тайпалар мәдениетінен тылсым сыр шертетін көне қоныс – талай құпияны қойнына тығып жатқан ежелгі мекен. Жалпы аумағы 15 гектар жерді алып жатқан ежелгі адамдар қонысынан 150-ден астам үйдің орны табылған. Ғалымдар ежелгі тұрғынжайларды қазып, қайта тұрғызуға мүмкіндік алған. Ежелгі тұрғынжайлардың қабырғасының ені бір метр шамасында, ал биіктігі 70-90 сантиметр мөлшерінде. Қабырға периметрлері бойынша бөренеден өрілген, түтін шығатын шаңырақ пішіндес тесік жасалған. Кәдімгі қазақтың киіз үйлері кейпінде.

«Бурабай баурайындағы Ботай қонысының бар көне бейнесін баяндайтын мұражай жеті тұрғынжайдан тұрады. Өлкетанушы ғалым Виктор Зайберттің айтуына қарағанда, ежелгі адамдар қонысында әулеттің отағасы жайғасатын салтанатты жай, ас үйі, қымыз баптайтын, құрал-жабдықтар мен қару-жарақтарын қоятын қойма іспеттес бөлмесі болған екен. Мұның барлығы қиял-ғажайып дүниелер емес, ғалымдардың нақты болжамдары бойынша дәлелденген жайлар. Жерді орлап қазып, оқтай түзу бөренеден өріп, іші-сыртын майлы балшықпен сылап көтерген тұрғынжайлар жазда кәдімгідей қоңыр салқын, қыста құрқылтайдың ұясындай жып-жылы болса керек. Ал кейбір бөлмелердің шаңырағына дейін көтеріліп, бекітілген ағаш басқыштар сайын Сарыарқаның атан түйені алып жығатын ақ түтек боранында тұрғынжайдың кірер есігін қар басып қалса, сыртқа шығуға мүмкіндік беретін қосалқы жолы. Әр бөлмеде Айыртаудағы ежелгі қоныстан табылған жәдігерлер қатталған. Сол қымбат жәдігерлерге қарап, осыдан алты мың жыл бұрын Ұлы Даланың ұландары қандай затты тұтынғанын аңғаруға болады» деп жазады  ашық аспан астындағы музейдің ашылуына куә болған «Егемен Қазақстан» газетіндегі әріптестеріміз. Жұмбағы таусылмайтын, құпиясын ішіне бүккен Бурабай баурайының кереметін айтып тауыса алмаспыз, сірә!

P.S. Көкшенің сұлу табиғатын, кереметін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Оқырмандарымыз үшін тәуелсіз қазақ елінің кең байтақ жеріндегі бір ғана кереметті жеткізе алсақ, мақсатымыздың орындалғаны.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: