Қазақ тарихында елдің жүгін арқалаған батыр аналар өткен. Өңірден шыққан жерлесіміз, Социалистік Еңбек ері Сәлима Жұмабекова да – осы қатардағы аяулы жан. Батыр ананың туғанына 90 жыл толуына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Өнегелі өмір иесі» атты еске алу кеші өтті.
Жиында Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері С.Аңсат, Қызылорда облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері Б.Досманбетов, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Байназарова, халықаралық «Экология» академиясының академигі Б.Сапаралы және бірқатар жазушылар мен қоғам қайраткерлері қатысып, Сәлима Жұмабекованың өмір жолына тоқталып, естелік айтты.
– Сәлима анамыздың өмірін жастарға үлгі етіп, насихаттап отыру – біздің парызымыз. Ұлтымыздың ұлылығы мен қазақ әйелдерінің осынша батыл да батыр екенін көрсетуіміз керек. Аға буынның өмір жолы оңай болған жоқ. Бірақ соған қарамастан қиындықтарға төтеп беріп, сағын сындырмады. Кейінгіге бағыт-бағдар беріп, жол көрсетті. Сәлима Жұмабекова – біздің тарихымыздың беттерінде есімі алтын әріптермен жазылған жан, – дейді Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана директорының орынбасары Айгүл Жанғабыл.

Ұлт тарихындағы Айша Бибі, Бегім ана, Домалақ ана, Ұмай ана, Тұмар ханым мен Зарина ханшайымдар қазақ әйелдерінің шоқтығын биік етіп тұр. Құнанбайдай болысты да, Абайдай алыпты да тәрбиелеп, топқа қосқан Зере әжеміздің есімі де ел тарихында маңызды орын алады. Еңбегімен елге танылып, даналығымен кейінгіге мұра қалдырған Сәлима Жұмабекова да осы дана аналарымыздың жалғасындай екені айқын.
Айша ӨМІРЗАҚОВА,
Аида АМАНЖОЛ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенттері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!