«Достық» үйінде «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында басталған айтулы шара биыл Сыр елінде екінші рет өтіп отыр. Бұл жолғы байқау «Едіге батыр» жырын жатқа айту бойынша өтті. Байқау «Qazaq Epos» қоғамдық қоры, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасымен бірлесе ұйымдастырылды.
Бұл жолғы байқауға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, облыстық білім басқармасы басшысы Ақзира Қасымова, жазушы, журналист, облыстық партия филиалы жанындағы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңес мүшесі Қаршыға Есімсейітова, тарих ғылымдары кандидаты, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Уәлихан Ибраев, филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Ұлжан Жаңбыршиева, жырау, Қармақшы аудандық «Жыраулар үйі» директорының орынбасары Бидас Рүстембеков пен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Мақсат Дауылбай қазылық етті.
Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өткенімен, қатысушылар қосымша мектеп бағдарламасы бойынша қазақ әдебиеті пәнінен сұрақтарға жауап берді. Облыстық кезеңде оқушылар алдын ала өткізілген жеребе бойынша 12 жұпқа жұптасып, өнер көрсетті. Нәтижесінде І орынды қазалылық Гауһар Әзен, ІІ орынды тағы бір қазалылық Гүлназ Жеңісбек иеленді. Ал ІІІ орынға Арал ауданынан келген Қарақат Берікқызы лайық деп танылды. Жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова құттықтады.
– Аймағымызда биыл екінші рет ұйымдастырылған шоқтығы биік, мағынасы зор шаралардың бірі әрі бірегейі – «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының бүгін облыстық кезеңінің марапаттау сәті өткелі отыр.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан ұлттық жобаға еліміздің аймақтары ішінде алғашқылардың бірі болып тағы да Қызылорда облысының әкімдігі айрықша қолдау көрсетті. Сыр өңірі елдікті, отансүйгіштікті насихаттауға, жастарды рухани дүниемен рухтандыруға келгенде ешқашан бейжай қараған емес. Бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту қайта қолға алынып, қайта жаңғыртылуы игі бастама, – деді Б.Шәменова.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан жеңімпаздардың марапатын «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова бастаған азаматтар табыстады.
Облыстық кезеңде үздік шыққан І орын иегеріне 750000 теңге, ІІ орынға 350000, ІІІ орын үшін 200000 теңге қаржылай сыйлық берілді. Облыстық деңгейдегі жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне де қаржылай сыйлықтар қарастырылған. Оның ішінде І орынға 1500000 теңге, ІІ орын иегеріне 700000, ІІІ орынды еншілеген қатысушының мұғаліміне 400000 теңге берілді.
Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!