Қызылорда қалалық бөлімге қарасты 12 мәдениет үйі мен клуб кәсіпорындары жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде, 9-ы қалаға жақын орналасқан кент және ауылдық округтерде болса, 3-і осы қалада орналасқан. Аталған мәдениет үйлерінде қала мен қалаға қарасты ауылдарда барлығы 93 үйірме жұмыс істеп, онда 1079 өнерпаз түрлі бағыттағы өнер түрлерімен кәсіби түрде шұғылданады. Өткен жылдың есепті кезеңімен үйірмелер саны 2,2 процентке артқан.
Мәдениет үйлерінің қызметін жақсарту мақсатында атқарылып жатқан шаралар да аз емес. Мысалы, биылғы қала мәдениетіндегі басты жаңалықтың бірі – екі ауылдық округте жаңа типтік үлгідегі клубтың салынуы. Атап айтқанда, Қызылорда қаласына қарасты Талсуат және Қарауылтөбе ауылдық округтерінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында типтік үлгідегі 150 орындық клубтардың іргетасы қаланып, бүгінгі таңда құрылысы қарқынды жүруде. Жобаның жалпы құны – 544 млн. 910 мың 895 теңгені құрайды. Бұл ауылдардағы жаңа мәдениет ошақтарын жыл аяғына дейін халық игілігіне пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жалпы мәдениет үйлерінің қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін материалдық-техникалық базасын ұдайы жаңғыртып отыру қажет. Сонымен қатар кадр мәселесіне бей-жай қарамау маңызды. Өйткені қазіргі уақытта көрермендер мен тыңдармандардың талғамы өте жоғары, сондықтан халыққа сапалы қызмет көрсету басты назарда.
– Талантты, дарынды балалардың шығармашылығы дамып, жетістіктерге жетуі де тікелей үйірме жетекшілерінің тынымсыз еңбектеріне байланысты. Бұл ретте үйірме жетекшілерінің басым көпшілігі жастар және барлығы дерлік талантты өнерпаз, іскер ұйымдастырушы. Жалпы мәдениетке шын берілген адамдар ғана келеді. Шара кезінде сахнада жарқырап тұрғанымен, сахна сыртындағы мылтықсыз майданды көп адам біле бермейді. Білмегесін де сырт көзге бәрі оңай болып көрінуі мүмкін. Жұмысқа келген жас мамандардың барлығының қала мәдениетіндегі орны ерекше. Саланың ыстық-суығына, қызығы мен шыжығына төзіп, азғантай айлықпен ұлтқа қызмет етіп жүрген қыз-жігіттердің ұжыммен, үйірме мүшелерімен жұмыс жасауына көңілім толады. Бүгінгі жас буынды қала мәдениетінің болашағы деп сеніммен айта аламын, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!