Сейсенбі, 31 желтоқсан, 01:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№103 — 2113
31.12.2024
PDF мұрағаты

«Мені жүлде емес, жүйрігімнің жеңісі қуантады»

20.03.2021

2773 0

Қазақ ежелден төрт-түлікті баптап, ата дәстүрді сақтап өскен халық. Кисе – киім, ішсе – ас, мінсе – көлік болатын үй жануарын күтіп-бағу қанға сіңген қасиет. Соның ішінде жүйрік ат қазаққа аса жақын келеді. Ал бәйге, көкпарға жүйрікті арнайы дайындап, күтіп-баптауды қазақтан артық ешкім білмесі анық.

Қазіргі қоғамда да атадан қалған бұл рухани мұраны ұмытпай, дарабоз ат баптап жүрген атсейістер аз емес. Жүйрік тұлпарды асырап-бағудың өзі оңай іс еместігі рас. Десе де сол бір салт-дәстүрдің қаймаған бұзбай, бабадан қалған ат баптауды бүгінгі күнге дейін атқарып келе жатқандар бар. Мәселен, бәйгеге ат баптайтын атсейіс Азамат Мекербанұлы солардың бірі.

Ол бала кезінен жылқыға құмар болыпты. Атасы мен әкесі жылқы асыраған әрі жылқының қыр-сырын жақсы білетін жан болған екен. Бәйге атын таңдайтын сыншылық, оларды ат жарысқа дайындайтын атсейістік те сол атадан дарыған қасиет деп санайды. Бала кезінен жылқыға жақын Азамат Ахметбеков бүгінде арманына жеткен жан.

«Мені жүлде емес, жүйрігімнің жеңісі қуантады»

– Кішкентай кезімнен атпен шауып, оларға жем-суын бергенді жақсы көретінмін. Сол кезде менің де көп жылқым болады деп армандаушы едім. Қазір, шүкір, арманыма жеттім. Жалпы ат бағу деген оңай жұмыс емес. Бірақ адамның шын көңілі болса, қиындықтардың барлығы түкке тұрмай қалады. Оның үстіне түсінген адамға ат бағу денсаулыққа да жақсы әсерін тигізеді, – дейді бәйгеге ат баптайтын атсейіс.

Атсейіс өз сөзінде бәйгеге ат баптаудың сыры сан түрлі және әр адам әртүрлі баптайтынын жасырмады. Ең бастысы бәйгеге шабатын аттың басқа жылқыға қарағанда тұрпаты ерекше келеді екен. Атсейістің Лашын атты бәйге тұлпары бар. «Осы кезге дейін талай бәйгеде оза шауып, бас жүлделермен қанжығамызды майлады. Мені жүлде емес, жүйрігімнің жеңісі көп қызықтырады. Сондықтан да барлық жүлдені шабандоздарға беремін» дейді ол. Жақында Азамат Мекербанұлының өзі де ауылда тай жарыс ұйымдастырып, жүлделі орындарға бағалы сыйлықтар тіккен. «Сол тай жарысына көздеп дайындаған тайларым жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді» деп қуанышын да жасырмады.

«Мені жүлде емес, жүйрігімнің жеңісі қуантады»

Атсейіс Азаматтың құлын кезінен асыраған Ұшар деген сүйікті тұлпары бар. Бүгінде жеті жасқа келген жануардың ерекшелігі алыстан иесін көрсе үйірін тастап, иесіне бұрылады екен. «Мен де оның жалын тарап, арқасын қағып қайта үйіріне жіберем. Қасыма бөгде адамды жолатпайтын да әдеті бар» дейді ол.

Көкпарға кез келген ат жарамайды…

Көкпар – қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Жігіттің күш-жігерін, төзімділігі, ептілігін дамыту мен атқа дұрыс отыра білуді үйрету үшін ойлап тапқан бұл ойын кез келген азаматтың қолынан келмесі анық. Сондай-ақ көкпарға шабатын ат та оңай таңдап алына салмайды. Оған да арнайы бап пен күтім керек. Бейбарыс Бибосынұлы осы көкпарға ат баптайтын азаматтың бірі.

Қазіргі кезде оның көкпарға арнайы қатыстыратын күтіп-баптап отырған екі аты бар. Ал негізінен ол жылқы асыраумен он жасынан бері айналысып келеді.

«Ат – ер қанаты» демекші ер азаматқа ат баптаған жарасады. Оның үстіне бұл жануарға деген құлшынысым жоғары. Менің «Найза» атты сүйікті тұлпарым бар. Найза тәттіні жақсы көреді. Дене бітімі де бөлек, алыстан көзге түседі. Негізінен жақсы тұлпарды баптау үшін жақсы тұқым алып, жақсылап күтіп баптау керек», – дейді Бейбарыс Тұрсынбек.

Көкпарға ат баптаушы бұл ойынға таңдалатын жылқының ерекшелігін де атап өтті. Оның сөзінше, көкпарға шабатын аттың бітімі басқа, тұрқы сұсты, ерекше болады екен. Ал оларды баптау үйренген адамға аса көп қиындық туғызбайды дейді. Ең бастысы жақсы күтім қажет. «Көкпар аты жуан, күші мықты және өте қайратты болып келеді. Оларды баптау үшін арнайы атты суыту, таң асыру секілді әдістер қолданылады. Ең бастысы көкпарға атты дұрыс таңдай білу керек дейді», – көкпар баптаушы.

Бейбарыстың баптаған аттары бүгінде жүлдесіз қалып жүрген жоқ. Мәселен, өткен жылы ауданаралық жастар арасында өткізілген көкпардан бас жүлдені иемденген. Одан басқа да бірнеше көкпардан алған жүлделері аз емес. Ендігі кезекте осы спорт түрін ілгері дамытып, көненің көзі болған ойынды қайта жаңғыртуды көздеп отыр. Осы мақсатта ауыл ішінде өзіндік көкпар ұйымдастырып, уақытты пайдалы әрі қызықты өткізіп жүр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: