Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Нұрқышұлымен кездесті.
Облыс әкімі 30 жыл автокөлік саласында табанды еңбек еткен ардагердің ғибратты ғұмыр жолы кейінгі буын жастарға үлгі екенін айтып, ардагерді мерейлі 80 жасқа толуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Сыр бойы өзінің адалдығымен, парасаттылығымен танылған, елі үшін аянбай тер төккен азаматтарға кенде емес. Біз сол азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын өзгелергеүлгі, жастарға өнеге етуді дәстүрге айналдырып келеміз. Осы тұрғыдан келгенде, ардагеріміз Жәнібек Нұрқышұлы ағамыздың өмірі өнегелі, игі істерге толы.
80 жасты еңсеру екінің біріне бұйыра бермейтін биік шың. Сіздің басты байлығыңыз – отбасыңыз, ұрпағыңыз және өнегелі еңбек жолыңыз. Сіздің ғибратты ғұмырыңызды жас ұрпаққа берсін дейміз. Ұрпағыңызбен мың жасап, алдымызда жөн сілтер ақылшымыз болып жүре беріңіз,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуде өңір басшысы өңірдің дамуына елеулі еңбек еткен Жәнібек Нұрқышұлына облыс әкімдігінің Құрмет грамотасы мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің Құрмет грамотасын табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Жиында Қызылорда облысының жол саласы ассоциациясының президенті Өмірбек Мөраліұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ардагердің өмірлік қолтаңбасын айрықша атап өтіп, мерейтой иесіне игі тілегін арнады. Өз кезегінде Жәнібек Нұрқышұлы ілтипат танытқан облыс әкіміне алғысын жеткізіп, өмір белесіндегі ерекше сәттерімен бөлісті.
Жәнібек Нұрқышұлы – 1941 жылдың 10 наурызында Сырдария ауданы, Бірқазан бекетінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1958 жылы теміржол дистанциясында жұмысшы ретінде бастап, 1969 жылы Өскемен жол құрылыс институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірді. 1969-1996 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы №2585 автоколоннасында механик, №3 автотранспорт кәсіпорнында директордың орынбасары, «Трансагентство» кәсіпорнының бастығы сынды лауазымды қызметтер атқарған.
ҚР «Еңбек ардагері», ҚР «Құрметті автокөлікші» төсбелгісінің иегері.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!