«Ер түріктің бесігіне» айналған Түркістанның жаңа тынысы ашылып, облыс болып құрылғанына да үш жыл уақыт толыпты. Осы аралықта түркі дүниесінің рухани астанасында үлкен өзгерістер орын алды. Бұрын жаңа құрылыс қарқынын елордадан аңғаратын болсақ, қазір бұл үрдіс Түркістан шаһарына ойысқандай көрінеді. Қашан барсаң, ағылған адам, бой көтерген жаңа ғимараттарды байқауға болады. Мұның бәрі жаңа аймақтық құрылым нәтижесінде жеткен жетістік екені сөзсіз.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 19 маусымында қабылдаған Түркістан облысын құру және облыс орталығын Түркістан қаласы деп жариялау туралы шешімі өңір тұрғындарына жаңа серпін бергені анық. Бар қазақ қуанған жаңалықтың ел тарихы үшін маңызы да ерек болатын. Себебі ғасырлар бойы түркі әлемінің саяси-мәдени ошағына айналып, Қазақ хандығының құтты қонысы саналған мекен түркі әлемінің тамыры байланған текті төр-тұғын. Сондықтан Түркістан шаһарына басымдық беріп, келешек даму бағытын айқындау Тәуелсіз елдің мерейлі сәтіне айналды. Бүгін орайы мен уақыты, жөні мен реті келген іс жүйесін тауып келеді. Үш жылда қыруар жұмыс атқарылып, қаладағы инфрақұрылым, кәсіпкерлік, әлеуметтік-экономикалық ахуал біршама көтерілген.
Расында, облыстың экономикалық күш-қуаты бұрынғыдан орасан. Қазір аймақішілік сауданы айтпағанда, республика көлеміндегі ірі өндіріс орындарының дені Түркістан облысына тиесілі екенін білеміз. Өңірдің шетелдік инвесторлардың назары ауып, тәуекелмен қаржы құятын қалаға айналғанына көп болды. Оған облыстың тиімді географиялық орналасуы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің болуы, логистика және адам капиталы мен еңбекақы нарығының аз шығыны демеу болған. Оған қоса табиғи ресурс молдығы және агроөнеркәсіп кешені мен туризмнің дамуы да әлеуетті арттыруда.
Сонымен облыс құрылды. Ендігі негізгі жұмыс әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтар тұрғызып, басқару жүйесін оңтайландыру екені сөзсіз. Бұл орайда Елбасы шешімінен соң шұғыл түрде Түркістан қаласын дамыту туралы ауқымды жобалар қабылданды. Мысалы, өткен жылы шаһарда облыс әкімдігі, неке сарайы, халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараттары, «Түркістан-арена» және амфитеатр, музыка мектебі, олимпиада резерві мектебі, шығыс моншасы секілді нысандар бой көтерді. Өткен жылы да межеленген 175 құрылыс нысанының 102-сін жыл аяғына пайдалануға беру жоспарланған болатын. Әрине, аз уақыттың ішінде атқарылған жұмысқа қыруар қаржы мен еңбек күші қажет еткені анық. Алайда бұл өз-өзін ақтайтын ұтымды қадам еді.
Түркістанның ажырамас бөлшегі – туризм. Себебі Орталық Азия, түркі дүниесінің темірқазығына айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген. Оған қоса қазақ үшін хан-сұлтандар мен би-батырлар жерленген киелі орын санатында қадірлі. Тамыры тереңге тартқан тарихи нысанның архитектуралық құрылымы мен мәдени ерекшелігі де әлемдегі теңдессіз жетістік саналды. Сондықтан тылсым мекенге жылына миллионға жуық турист саяхаттап, тарихи жәдігерді жақыннан көруге келеді. 30 жылдың бедерінде осынша көп қонаққа ыңғайлы сервистік қызмет көрсету, инфрақұрылымды жайлы ету ісін қала халқы қалтқысыз атқарып келді. Аталған бағытта ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, тарихи-мәдени орталықтар, аквапарк, спорт нысандары, базарлар мен супермаркеттер үздіксіз қызмет етті. Облыс орталығы деңгейіне көшкен соң, бұл мәселе жаңа қырынан дамып, кәсіби маңызы артқан. Оның бір дәлелі, 2020 жылы шаһарда туризм және меймандостық университеті ашылып, қажетті маман әзірлеу қолға алынған.
Аймақтық маңызды басқару жүйесі Түркістан қаласына ауысқалы тұрғындар саны артып, баспана мәселесі басты орынға шықты. Сол себепті мәдени нысандармен қатар, тұрғын үй салу қарқын алған. Нәтижесінде үш жылдың ішінде 1128 отбасы жаңа пәтер иеленсе, бүгінде 130-дан астам көпқабатты тұрғын үй құрылысы жалғасуда. Алдағы уақытта қаланың сатылай даму бағдарламасында негізгі басымдық баспанаға берілмек.
Тәуелсіз Қазақстанның кемелденуі мен әлем алдындағы тарихи маңызын арттыруға Түркістан шаһарының көркеюі тікелей байланысты. Себебі жаһанға тек экономикалық қуатпен емес, тарихи-мәдени жетістік арқылы да танылу керек іс.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!