Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері!
Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Мыңжылдықтардан мұра болған қазақ мәдениетінің тінін бұзбай, жаңа ғасырға маңызы жоғалмай жеткен рухани мұрасын бүгінгі тәуелсіз еліміздің жастарына жеткізуде қасиетті өнердің киелі бесігіне айналған Сыр өлкесінің өзіндік орны бар. Шайырлар мен жыр дүлдүлдерін, жыршылар мен жырауларды, мыңдаған мәдениет майталмандары мен тарлан тұлғаларды түлеткен қасиетті топырақ ежелден ұлттық өнердің нағыз насихатшысы, сақтаушысы болып келеді.
Өнері мен өрісі кеңейіп, мәдениетімен мерейі артқан Сыр өңірінде атадан қалған асыл өнерді – ұрпаққа жеткізу, насихаттау жолында қаламыздың мәдениет саласы қызметкерлерінің бүгінгі буыны ауқымды жұмыстар атқарып жатқандығын ерекше атап өткен жөн.
Қымбатты қазақ өнерінің жанашырлары!
Мәдениет майталмандарының кәсіби мерекесінде өнермен өрістеген Сыр елі – жыр елінің мәдени көшін алға ілгерілетуге сіңірген елеулі еңбектеріңіз, қосқан салмақты үлестеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін.
Алдағы уақытта да рухани жауһарларымыз бен құндылықтарымызды жас ұрпақтың бойына сіңіруге бар күш-жігерлеріңізді жұмсап, өңір өнерін өрістету, ұлттық мәдени мұрамызды кеңінен дәріптеудегі еңбектеріңіз әрқашан жемісті болсын!
Әрдайым абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем, өнердегі жұлдыздарыңыз жарық болғай!
Төл мерекелеріңіз құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Қызылорда қаласының әкімі
Ғ.Қазантаев
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!