Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қалам ұстаған қауым құрметтелген күн

29.06.2021

1749 0

Кеше Қызылорда қаласындағы Нартай Бекежанов атындағы қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай «Қанатты қалам – 2021» салтанатты шарасы өтті. Салтанатқа облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.

– Бүгін ақпарат тасқыны алапат дәуірде таңдаған мамандығына адал болып, ұстанымын өзгертпеген, қалам қасиетін ардақ тұтқан журналист қауымына жақсы тілек айту үшін жиналдық. Бұрынғы мамыражай маусымда өңірдің тыныстіршілігін көпшілікке жеткізіп, маңызды қоғамдық міндетті атқарған сіздерге алғыс айтып, құрмет көрсету дәстүрге айналған еді. Бірақ жиі кездесіп, пікір алмасу мүмкіндігі шектелді. Төтенше жағдай кезінде дәрігерлер, күштік құрылымдармен бірлесіп сіздер де ең қиын сәттерде шынайы ақпарат тараттыңыздар. Сенсацияны мақсат тұтқан ақпараттың ақ-қарасын ажыратып, көрермен мен оқырманға дұрыс жаңалық тарату үшін тынбай еңбек еттіңіздер. Сол үшін де сіздерге Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.

Сыр баспасөзінің тарихы тамырын тереңнен алады. 1925-1929 жылдары Қызылорда Қазақстанның астанасы болғанда Сыр өңірі мерзімді ұлттық басылымдарының қалыптасу және шыңдалу кезі болды. Сөз өнерінің майталмандары Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов осы өңірде журналистік қызмет атқарғанына тарих куә. Олардың ісін жалғастырушы қазіргі ұрпақ та облыстағы игі бастамаларды жедел ақпараттандырса, Сыр өңірінің көптеген түлектері республикалық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында табысты еңбек етуде.

Қазір облыста республикалық БАҚ өкілдіктері мен меншікті тілшілері жұмыс жасайды. Облыстық және аудандық басылымдардың басын біріктірген «Сыр медиа» ЖШС ақпарат айдынында желкенін керген газеттерге серпін берді. Өңір басылымдарының мүмкіндіктері артып, жаңаша форматпен шыға бастады. Аймақ тынысын айшықтауда «Qyzylorda» және «Қоғам ТВ» телеарналарының да өзіндік орны бар.

Шарада бірқатар БАҚ өкіліне Мемлекет басшысының Алғыс хаты, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі», Құрмет грамотасы, Қазақстан Журналистер одағының Құрметті журналисі атағы, облыстың Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты берілді. Сонымен қатар Сағитжан Бермағамбетов атындағы жас журналистер байқауының жүлдегерлері марапатталды. Марапат төрінен көрінгендердің қатарында әріптесіміз Ерсін Шамшадин де бар. Ол жастардың арасынан топ жарып, «Үздік мақала» аталымы бойынша жеңімпаз болды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен аяқталды.

Бұл күні мереке иелеріне деген құрметтің ерекше болғанын айта кеткен жөн. Әсем безендірілген сахна мен арнайы әзірленген бейнеролик тілші жұмысының қаншалықты маңызды екенін айғақтап тұрды. Мерекелік концерт те, сый-сияпат та қалам ұстаған қауымның көңілінен шықты деген ойдамыз.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет)

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: