Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Сыр өңірінің рухани өмірі үшін ерекше қуанышты әрі тарихи сәт орын алды. Ұлтымыздың руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүрген жергілікті қаламгерлер – Серікбай Қошқаров, Еркін Әбілов, Бейбітбек Бүркітбаев, Жұмабай Жақып, Ерғали Абдуллаев, Сәкен Алдашбаев, Тұрақ Ахетов және Сандыбай Піржан – Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, мәртебелі мәреге жетті. Бұл – олардың саналы ғұмырын әдебиетке арнап, туған жердің тұғырын сөзбен биіктеткен қажырлы еңбектерінің лайықты бағаланған сәті.
Салтанатты шарада Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының жетекшісі Қаршыға Есімсейітова құттықтау сөз сөйлеп, жаңа мүшелерге одақтың куәліктерін салтанатты түрде табыс етті. Ол қалам иелерінің әдебиет әлеміндегі ізденістері мен қолтаңбаларына тоқталып, Сыр өңірінен шыққан шығармашыл тұлғалардың ел руханиятындағы орны айрықша екенін атап өтті. Бұл – жас буын үшін де үлкен өнеге, шабыт көзі.
Айта кету керек, жуырда ғана сырбойылық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елубай Әуезов қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапатталды. Бұл марапат – тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас Сыр елінің сөз өнеріндегі абыройын асқақтататын айтулы жетістік.
Осындай рухани жеңістер – өңіріміздің мәдени әлеуетін арттырып, ұлттық әдебиеттің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!