Сенбі, 08 қараша, 17:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№85 (2197)
08.11.2025
PDF мұрағаты

Қазақ киносының жаңа дәуірі басталды

08.11.2025

49 0

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева отандық кино саласының қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Белгілі болғандай, Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұқаралық ақпарат құралдарынан түрлі бағыттағы сұрақтар жиі түседі. Сол сауалдардың бір бөлігі – кино саласына қатысты. Бұл ретте қазақстандықтардың ұлттық мәдениет пен отандық киноның дамуына бейжай қарамайтыны қуантады.

Кейінгі жылдары көпшілік көрерменнің, соның ішінде шетелдік аудиторияның да қазақ фильмдеріне деген ықыласы артып келеді. Тек 2024 жылдың өзінде ғана отандық фильмдер прокаттан жиырма екі миллиард теңгеден астам табыс тапты. Біздің картиналар халықаралық байқауларда жиі жеңіске жетіп жүр. Соңғы бес жылда отандық фильмдер үш жүзден астам фестивальге қатысып, жүз жетпіс жеті марапатқа ие болды, – деп атап өтті министр.

Айтуынша, биыл 30 жылдан бері бірінші рет еліміз ірі жетістікке қол жеткізген.

Биыл кейінгі 30 жылда алғаш рет Қазақстан Канн қаласында өткен ең ірі кинонарықтардың бірі – Marché du Film алаңында өз стендін ұсынды. Бұл – отандық продюсерлер мен дистрибьюторлар үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар біз «Еуразия» халықаралық кинофестивалін қайта жаңғырттық. Бұл нақты қадамдардың бірі деп білемін. Бірақ біз үшін фильмдеріміздің шетелдік фестивальға ғана емес, өз көрерменіне де кеңінен жетуі аса маңызды, – деді ведомство басшысы.

Айта кетерлігі, биыл еліміздің кинотеатрларында «Тезек», «Фейковый Арман», «Қайтадан» секілді отандық 10 фильм көрсетілді. Солардың ішінде «Қайтадан» фильмі прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс тауып, мемлекет салған қаражатты толық қайтарды. Бұл – кино саласында жаңғыртудағы бағытымыздың дұрыс екенінің бір дәлелі.

Министр қазір көрермен көбіне жеңіл жанрдағы фильмдерді таңдап, авторлық туындыларды көп көре бермейді деп отыр. Сол себепті енді жобаларды іріктеу кезінде біз идея және сценариймен қатар, фильмнің көрерменге қаншалықты қызық болатынына да мән беріп келеді.

2024 жылдан бастап мемлекет тарапынан қолдау тапқан әрбір фильм алдымен ел кинотеатрларында көрсетілуге тиіс деген міндетті шарт енгізілді. Тек содан кейін ғана онлайн-платформаларға шығарылады. Аталған шешім фильмдердің қолжетімділігін арттырып, көрерменмен байланыс орнатуға себеп болады. Біз тарихи әрі патриоттық бағыттағы жобаларды да тұрақты түрде қолдаймыз. Соның айғағы – жуырда жарық көрген «Капитан Байтасов» фильмі. Бұл туынды – ерлік, намыс пен борыш алдындағы адалдық жайында терең ойға жетелейді. Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған бұл фильм көпшілікті ізгі құндылықтарға үндейді. Сондай-ақ тағы бір айрықша жоба – «Әлия» фильміне тоқталып өткім келеді. «Microcosm Pictures» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлескен жоба былтыр Ұлттық киноны қолдау орталығы өткізген байқауда жеңімпаз атанған еді. Алайда продакшн-компания қаржылық себептерге байланысты түсіруден бас тартты. Соған қарамастан, алдағы уақытта бұл идея қайта жанданып, Әлия Молдағұлова туралы фильм міндетті түрде көрермендерге жол тартады деп сенеміз, – деді Аида Балаева.

Сондай-ақ кино өндірісін барынша ашық әрі заманға сай ету мақсатында е-Кино атты цифрлық платформа құрылып жатыр.

Онда фильмдердің түсірілімі, табысы, көрерменнің саны сияқты барлық дерек жиналады. Бүгінде еліміздегі кинотеатрлардың жартысы осы жүйеге қосылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. е-Кино жүйесі нарықтағы нақты жағдайды ашық көруге жол ашады. Нақты өзгерістер өз нәтижесін бере бастады. Нәтижесінде мемлекет қолдауына ие болған елу жеті жобаның 40-ы – жас режиссерлердің жұмысы. Ал қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі бүгінде 75 пайызға жетті, – деп атап өтті министр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: