Жұма, 07 қараша, 16:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№84, 2196
04.11.2025
PDF мұрағаты

Қазақ өнімі әлемдік аренада: Шанхай көрмесінде не көрсетілді?

07.11.2025

52 0

Фото: автордан

Шанхайда өтіп жатқан әлемдегі ең ірі импорттық көрмеде қазақстандық өнімдерге ерекше қызығушылық бар. Биылғы CIIE 2025 көрмесі отандық кәсіпкерлер үшін жаңа экспорттық бағыттарға жол ашып, Қытай нарығына шығудың нақты мүмкіндігін көрсетіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Шанхай қаласынан.

Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа сауда көпірі

QazTrade пен Қазақстан кооперативтері ұлттық қауымдастығы (NACOFEC) Қытайдың ең ірі кооперативтік желісі China Coop-пен ынтымақтастық орнатты. Алдағы уақытта бал, қымыз, шұбат және кондитерлік өнімдердің алғашқы партиялары Қытай сөрелеріне шығуы жоспарлануда.

China Coop желісі бүгінде 340 мыңнан астам дүкенді біріктіріп, жылдық айналымы 7 трлн юаньнан асатын ауқымды сауда жүйесі саналады.

Қазақстандық өнімдерге сұраныс артып келеді

Шанхайдағы қазақстандық кооперативтер стендінде 30-дан астам компания өз өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында елге белгілі Lotte Rakhat, Shin-Line және табиғи шырын өндіретін “Iki” бренді бар.

Lotte Rakhat компаниясының өкілі Айжан Хассенованың айтуынша, зауыт 1942 жылы құрылған және бүгінде өнімдері 10-нан астам елге экспортталады.

Бізде 450 түрлі өнім шығарылады, ең танымалы – Қазақстан шоколады. Компанияда 3,5 мың адам жұмыс істейді. Алматы мен Шымкент қалаларында екі зауытымыз бар, – деді ол.

Ал “Iki” табиғи шырындарының өкілі Темірлан Рустамов өнім сапасының басты ерекшелігін атап өтті.

Артезиан суы – жердің терең қабатынан алынатын ең таза әрі минералға бай су. Біз өнімге қант пен консервант қоспаймыз. “Iki” бренді 2023 және 2025 жылдары үздік тауар атанды. Қазір Қытайға жеке тапсырыспен жеткізіледі, болашақта ірі компаниялармен жұмыс істеу көзделіп отыр, – дейді ол.

Балмұздақ өндіруші Shin-Line компаниясының өкілі Даулет Ибраев көрмеге қатысудың маңызын атап өтті.

Біздің компания 1995 жылы құрылған. Қазір 162 түрлі балмұздақ шығарамыз және 10 мемлекетке экспорттаймыз. 2024 жылдан бастап Қытайға да жеткізе бастадық. Ендігі мақсат – өнімді елдің шығысы мен оңтүстігіне дейін кеңейту. Қазір тек маркетплейстер арқылы Бейжіңге дейін таралып отыр, – деді ол.

CIIE 2025: жаңа мүмкіндіктер көрмесі

Биылғы CIIE көрмесі ауқымы жағынан бұрынғыдан да кең. 155 елден өкілдер қатысып, 4 100-ден астам шетелдік компания өз өнімін ұсынды. Кәсіби келушілердің саны 449 мыңнан асты.

Қазақстаннан 100-ден астам өндіруші қатысып, бұл – еліміздің көрме тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

QazTrade дерегінше, соңғы жылдары қазақстандық компаниялар Шанхай көрмесінде 306,5 млн доллардан асатын келісімшарттарға қол қойған. Тек соңғы екі жылда ет, май, түйе сүті ұнтағы, шырын және пюре өнімдерін жеткізу жөнінде ондаған экспорттық келісім жасалды.

Жаңа келісімдер мен цифрлық серіктестік

Көрме аясында QazTrade пен Қытайдың Optimize Integration Group (OIG) компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі ел арасындағы цифрлық сауданы дамытуға, онлайн-платформалар мен заманауи логистика жүйесін жетілдіруге бағытталған.

OIG Group – Қытайдағы азық-түлік импорты саласындағы жетекші технологиялық компаниялардың бірі. Ол әлем бойынша 31 мың жеткізушімен жұмыс істейді және Қытай нарығына әкелінетін мұздатылған өнімдердің 18 пайызын қамтамасыз етеді.

Қазақстан – CIIE көрмесіндегі белсенді ойыншы

Соңғы бес жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда көлемі екі есеге артып, 2024 жылы 30,2 млрд долларға жетті. CIIE көрмелерінің нәтижесінде қазақстандық компаниялар жалпы құны 306,5 млн доллардан асатын келісімшарттар жасаған.

Тек соңғы екі жылда ғана май өнімдері, ет, түйе сүті ұнтағы, шырындар мен пюрелерді жеткізу жөнінде ондаған келісімге қол қойылған.

Биыл көрме аясында ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдеріне экспорттау туралы жаңа ұзақмерзімді келісімдер қарастырылуда.

Қазақ кооперативтері үшін оқыту мен акселерация

Қытаймен бірлескен бағдарлама аясында өнімдерді қытай нарығының стандарттарына бейімдеу бойынша акселерациялық жобалар іске қосылды.
Онда кәсіпкерлерге буып-түю, брендтеу, сертификаттау және маркетинг бағытында тәжірибелік оқыту жүргізіледі.

Мұндай бағдарламалар қазақстандық шағын және орта бизнестің жаһандық құн тізбектеріне қосылып, Қытай нарығында тұрақты орнығуына мүмкіндік береді.

CIIE 2025: ашық нарық пен сенімді серіктестік

CIIE көрмесі – тек сауда емес, өзара сенім мен ұзақ мерзімді серіктестік алаңы. Биылғы көрме арқылы қазақстандық кәсіпкерлер жаңа нарықтарға жол ашып, өнімдерінің сапасы мен табиғилығын жаһандық деңгейде дәлелдей алды. Балдан бастап балмұздаққа дейінгі отандық өнімдер енді Қытай тұтынушыларының үстелінен табылмақ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: