Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Италия Мәдениет министрлігінің Реставрация жөніндегі орталық институтының директоры Луиджи Олива кездесті. Кездесу барысында Қазақстанның Ұлттық музейі мен Италияның Реставрация жөніндегі орталық институты арасында Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ министрліктің баспасөз қызметіе сілтеме жасап.
Құжат аясында Ұлттық музей жанынан Реставрация орталығы құрылмақ. Жаңа мекеме тәжірибе алмасу, бірлескен семинарлар өткізу және кәсіби реставраторлар даярлау орталығына айналады.
Бұл бағыттағы институционалдық негіз құру – стратегиялық мәселе. Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени ынтымақтастық халықтарымыздың бірін-бірі тереңірек тануына ықпал етеді, – деді министр Аида Балаева.
Оның айтуынша, италиялық мамандардың тәжірибесі музей ісін, реставрация қызметін және ұлттық мұраны сақтау ісін дамытуға мүмкіндік береді.
Біз металл, тас, мата, ағаш және өзге де материалдардан жасалған тарихи-мәдени құндылықтарды қалпына келтіретін кәсіби мамандар тобын дайындауға баса назар аударамыз. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жастарды осы бағдарламаға тарту да маңызды бағыттардың бірі болмақ, – деді министр.
Өз кезегінде Луиджи Олива Қазақстанмен серіктестікке дайын екенін атап өтті.
Бұл тек мәдени жоба емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға және заманауи реставрация технологияларын енгізуге жол ашады, – деді ол.
Кездесу барысында тараптар Астанада өткен Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» көрмесінің сәтті өткенін айтып, болашақта Италия суретшілерінің туындыларын Қазақстанда таныстыру мүмкіндігін талқылады.
Тараптар жаңа Реставрация орталығы екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, Қазақстанның мәдени мұрасын сақтауға зор үлес қосатынын атап өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!