Жуырда қала әкімдігінің қолдауымен жаңа жоба жүзеге асты. Тұңғыш рет ұйымдастырылған «Қызылорда дауысы-2020» эстрадалық ән байқауына 200-ден аса өнерпаз қатысты.
Қала көгінде ән әуелеткен жобаның авторы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі, жерлесіміз Мәдина Садуақасова. Бұл байқау – Сырдың дарынды жастарын қолдау, олар өнер әлеміне жол ашу мақсатында қолға алынған дүние. Оған аймақтан 200-ден астам талантты жас қатысуға ниет білдіріпті. Нәтижесінде байқау талабына сай финалға лайықты деген 12 өнерпаз іріктелді. Бірнеше кезеңнен тұратын өнер додасының ақтық сынына аталған 12 өнерпаздан үздік деген 6 дарын иесі жолдама алды.
Ал бір-бірінен асып түскен өнерпаздар арасынан үздігін таңдау оңайға соқпағаны анық. Дегенмен қазылар алқасының шешімімен 6 таланттың ішінен жеңімпаз анықталды. Осылайша алғаш рет өткізілген «Қызылорда дауысы-2020» эстрадалық ән байқауының алғашқы жеңімпазы ретінде қызылордалық Аягөз Аралбайқызы танылды. Жас талантқа жоба авторы, эстрада жұлдызы Мадина Садуақасова «Зор дауысты қыз, дауысының әдемі бояуы кез келген әнді жаңғыртады» деп баға берді.
«Қызылорда дауысы-2020» байқауының үздік әншісі болған Аягөз Аралбайқызына 1 млн теңге ақшалай сыйлық табысталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!