Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Руханият мәйегінен нәр алған

30.08.2022

847 0

Біз сөз еткелі отырған Қарауылтөбе ауылы қала іргесінде орналасқан. Халқының басым бөлігі егін шаруашылығымен айналысады.

«Қарауылтөбе» деп неліктен аталған?

Қарауылтөбе ауылының байырғы тұрғыны, зейнеткер Табылды Мақұлбеков. Ол осы ауылдық округте туып-өскен. Ауыл ақсақалынан «Қарауылтөбе» атауына байланысты сұрап білдік.

– Қарауылтөбе – сонау кеңес үкіметі құрылғаннан кейінгі жылдардағы халық жаулары желеуімен жала жабылып атылып кеткен боздақтардың сүйегі жатқан жер. Ауылдың шығыс жақ бетінде орналасқан биік құм төбе болатын. Үштіктің шешімімен атуға әкелінген адамдарды алдын-ала қазылған ордың тұсына тізіле тұрғызып атып, орға тастай берген екен. Жанындағы биік төбеден мәйіт толы қазылған орда жатқан атылған мүрделерді аттылы қызыл жауынгерлер күзетіп тұратын болған. Содан әлгі төбе «Қарауыл төбе» аталып кете барған да, кейіннен сол атау біздің ауылға да берілген. Күні кешеге дейін адамның бас сүйектері құм арасынан шығып жатқанын көретінбіз. Бір байқағанымыз, орыс солдаттары адамдардың барлығының желке тұсынан атқан екен. Құм арасынан шығып жатқан бас сүйектердің желке тұстары адамның саусағы сияп кететіндей тесік. Ол замандарда көрген азабы елдің әлі күнге дейін жүрегін ауыртады. Арада қанша жыл өтсе де бұл біздің санамызда жаңғырып тұр. Тарих өшпейді. Елдің бүтін болмысы тарихымен өлшенеді, – деп сөзін аяқтады Табылды ақсақал.

Алғашқы үш сыныптық мектеп

Ауылда 1938 жылы алғашқы үш кластық бастауыш мектебі ашылды. Кейіннен 1967 жылы №192 сегіз кластық жаңа мектеп бой көтеріп, ол 1973 жылы №179 орта мектепке айналды.

Мектеп тарихында Асқар Меңліханов, Қыдырма Кәрібаев, Сара Есенова, Павел Ли, Қалыбай Бегдуллаевтардың есімдері алтын әріптермен жазылып қалды. Кейінгі жылдары №179 орта мектепті Әбубәкір Әбілсанов, Құдайберген Әбдіғалиев, Ақтай Мұстафаев, Мұхамбетжан Әлімбетов, Мәлік Науанов, Сақтапберген Бермағанбетов, Әбсаттар Әбдіғаппаров, Зухра Әбибуллаева, Мұхтар Беркінбай, Гүлзада Нұртасова, Асқар Садықов басқарды. Сұлутөбе ауылында 1959 жылы құрылған №12 кәсіптік-техникалық училищесі 1975-1985 жылдар аралығында Қарауылтөбе ауылындағы типтік жобадағы оқу, жатақхана мен асхана ғимараттары бар орынға қоныс тепті. Училищеде кең көлемді тракторист-машинист және автомобиль жүргізушісі, аспазшы, есепші, құрылыс, токарь мамандықтарына басымдық берілді. Училищені ұзақ жылдар Жақып Әбдіқалықов басқарды.

Ауыл кітапханасынан оқырман үзілмейді

Елдің руханияты өнерімен өміршең, кітабымен құнды. Қарауылтөбе ауылдық №7 кітапханасы қалалық орта­лықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарайды. Мұнда бар­лығы – 12400 кітап қоры бар. Жалпы оқырман саны – 800. Жасөспірімдердің де кітапқа деген қызығушылығы басым.

– Кітапхана  интернет желісімен де  қамтамасыз  етілген. оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Кітапханада тұрақты түрде іс-шаралар өткізіліп тұрады. «Балалар жылы» аясында «Бала – бақыт, бала өмірдің көктемі» кітап көрмесі өтті. Сонымен қатар «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» зияткерлік ойын, «Мақтан тұтар ұлы тұлға» танымдық сағат, «Әйел ана – тағдыр» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Сондай-ақ Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай кітапхана оқырмандары арасында «Интернат наны» әңгімесіне шолу өтті. Кітапты таңдап талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіне жарата білу әрбір адамның пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттың бірі. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте тұруы тиіс. Кітап оқу мәселесі бүкіл ұлтты толғандыруы керек. Жастардың рухани дүниесіне де көп көңіл бөліп, көркем әдебиеттерге деген қажеттілікті арттырып, оқуға ынталандыруымыз қажет. Осы мақсатта Қарауылтөбе ауылдық кітапханасында жас оқырмандарымызға «Кітаптар сыр шертеді» тақырыбында кітапхана қорына келіп түскен жаңа балалар әдебиеттері таныстырылды. Кітап – рухани байлығымыз. Зейнолла Шүкіровтің 95 жылдығына орай «Бір жұлдыз боп жанамын мен» атты жыр кеші болып өтті. Онда ақын шығармалары таныстырылды. «Ғазиз жүрек» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай  «Ұлт Ұстазы» атты әдеби-сазды кеші өтті. Әдеби кеш Ахмет Байтұрсынов туралы арнайы прологпен басталды. Міне, осындай мәдени-әдеби кештер кітапханада жиі өтіп тұрады. Мұның барлығы жастарды кітап оқуға баулып, парасаттылыққа тәрбиелейді, – дейді, №7 кітапхана меңгерушісі Гүлзат Тілесова.

Мәдениеттің мәйегі ауылда жатыр

Ауылдық клубта «Желдірме» би үйірмесі, «Мұрагер» үйірмесі, «Інжу-Маржан» көркемсөз оқу шеберлері үйірмесі, «Илигай» ән үйірмесі және «Шебер қолдар» қолөнер үйір­мелері жұмыс істейді. Үйірме мүшелері көптеген сайыста жүлделі орындарға ие болуда. Атап айтар болсақ, IV Халық­аралық «Рухани жаңғыру» фестиваль конкурсында ән аталымы бойынша Нұртуған Нұрдидар екінші орын алса, жыр тер­ме аталымы бойынша  Ғани Дінмұхаммед үшінші орын иеленді. Жас жазба ақындар Г.Хаджанова,  М.Асамұратова, М.Кенжеғараевтардың тырнақалды туындылары жинақталып, кітапша шығарылды.

«Илигай» ән үйірмесі құрамында барлығы 12 қатысушы бар. Үйірменің мақсаты – жас өнерпаздарды кеңінен таныстырып, талантын жетілдіру. Бұл үйірме халық композиторларымен қатар жергілікті композиторлардың әндерін насихаттап келеді. Үйірме жетекшісі – Қарауылтөбе ауылдық клубының сүйемелдеушісі С.Өтепов.

Үйірме мүшелерінің жетістіктері де аз емес. Соның бірі – ҚР Білім және ғылым министрлігі «Жұлдыз» прдюсерлік орталығы республикалық жас өнерпаздар шығармашылық телебайқауында Аманжол Жания, Төлеген Нұрқадір, Мейрамбек Еркежан  І орын,  «Әсеттің әсем әндері» атты қалалық байқауда Сапарәлі Исмайл І орын иеленді. Сондай-ақ актерлік шеберліктері шыңдалмақ. Үйірме мүшелері өткен жылы А.Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай мұрасы» танымдық порталының ұйымдастыруымен өткен «Тәуекел мен батыр ой» атты байқауда Қасымбек Құралай  І орын, «Абай әлемі – ұлт темірқазығы» атты облыстық көркемсөз оқулары байқауында Хакім Шаттық алғыс хатпен марапатталды. А.Тоқмағамбетовтың 115 жылдық мерейтойына арналған «Жауһар жырдың Асқары» атты облыстық байқауда Өтекеш Бердібай марапат биігінен көрінді. «Ұлы Жеңіске – 75 жыл» тақырыбында республикалық жас таланттар байқауында Базарбай Шұғыла ІІ орынды жеңіп алды. «Мұрагер» жыр-терме үйірмесінде барлығы 8 талапкер бар. Үйірмеде жыраулық поэзияның  ғасырлар бойы қалыптасып дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік құбылысы екендігі түсіндіріліп насихатталады. Жас жыраулардың «Алаш үміті» халықаралық фестивалінде Ғани Дінмұхаммед бас жүлде иегері атанды. Бұл – өнерлі өлкенің кемел келешегін білдіреді. Әсемдік пен нәзіктік үйлесім тапқан «Наз» би үйірмесіне қазіргі таңда 24 оқушы қатысады. Үйірме бағдарламасы жас жеткіншектерді ұқыптылыққа, шапшандылыққа баулуда. Үйірме мүшелері «Жұлдыз» прдюсерлік орталығы республикалық жас өнерпаздар шығармашылық телебайқауында ІІ орын иеленіп, халықаралық бишілер күніне орай өткен «Сылдырлап шашбауың мен алтын сырғаң» атты қалалық бишілер фестивалінде «Сымбатты ұжым» аталымымен марапатталды.

«Наурызбай» мұнарасы

Қарауылтөбе ауылының солтүстік-батысында «Наурызбай белгісі» деген мұнара орналасқан. Ол шамамен ХVІІІ ғасырда салынған деген болжам бар. Ілгеріде бұл белгі биік төбенің басында тұрған. Ол уақытта мұнара орналасқан тұстың айналасы салт атты адам көрінбейтіндей қалың ну қамысты көлдермен жанасып жататын. Сырдария өзенінен бастау алатын «Көксу» арнасының бір тармағы Оспан көпірі арнасымен ағып Қарауылтөбе ауылының шығысындағы Таубай көліне құйып, одан Алтықұлаш, Шортанкөл, Қойтан, Айнакөл, Қаракөл көлдерімен жалғасып, әрі қарай созылып кете баратұғын. Сол көлдердің айналасында жаз жайлауды Арқаның кең даласында жайлайтын Таубай, Ұзақбай, Медетбай, Құлбай, Башпай, Махан есімді байлардың қыстаулары орналасыпты. 

Наурызбай – Жаппас руының Жәдікбай аталығынан тараған ауқатты кісі болған. Сыр бойынан өзіне сыңар болатындай бірнеше кісісімен Меккеге аттанып, қажылық жолында ауыр науқастан қайтыс болған. Уақыт өте келе Наурызбайдың жоғын жоқтаған ұрпағы мен ағайындары осы мұнараны тұрғызған.

Ауыл ақсақалдарының айтуынша, мұнара кірпішін Төсбай, Қосшыңырау деп аталатын жерде жылқының сүтіне иленген боз саздан құйған көрінеді. Түйеге жегілген бірнеше тарантасқа астына құрым киіз төсеп дайын кірпішті тасығанын және құрылыс жұмыстарымен 10-12 адам айналысып, белгіні жаз мезгілінде салып бітірген.

– Белгінің құрылысынан артылған кірпіш сынықтарынан қаланған екі ошақ бертінге дейін болған. Бала көтере алмай жүрген келіншектер ырымдап мұнара басына қонып, зиярат етіп ошаққа шай-суларын қайнатып, ас пісіретін еді. Бала кезімде мұнараға зияратшылардың келгенін білсек, үйден алыс болса да ерінбей барып, сорпа-суынан көрші балалармен бірге ауыз тигеніміз бар. Бірақ уақыт өте келе ошақтардың ізі де қалмады. Қасиетті бабаның шарапаты тиген адамдар көптеп саналады. Бұл текті топырақтың қастерлі киесі, – дейді өз естелігінде Ұлы Отан соғысының ардагері Қайып Досмайылов.

                                            Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: