Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда қаласында Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Наурыз – берекем, Наурыз – мерекем!» атты мәдени-көпшілік шара өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары және қала тұрғындары қатысты.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қызылорда қаласы Наурыз нақыштарымен безендіріліп, көктемнің барлық бояуымен ерекше түрленді. Мереке өтетін орынға киіз үйлер тігіліп, берекелі дастархан жайылды. Халықтың көтеріңкі көңіл-күйі, ағайынның бір-біріне айтқан ақ тілегі, шашуын шашқан ақ жаулықты аналар, ақ батасын жаудырған ақсақалдар мереке ажарын аша түсті.
Аймақ басшысы жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, Сыр өңірінің даму жолындағы жаңашылдықтар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
«Баршаңызды береке мен бірліктің бастауы болған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күні Сырдан Сарыарқаға дейінгі, Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ даламыз ақ тілектермен көмкеріліп, ақ дастархан жайылып, үлкендеріміз жас ұрпаққа ақ батасын береді. Жақсылықтың, оң өзгерістердің, игі істердің, жаңару мен жаңғырудың символына айналған Әз Наурызымыз байтақ елімізге, туған жеріміз Сыр өңіріне ырыс-несібе, берекесімен келгей!Наурыз мейрамы Сыр жеріне толайым жаңалықтарымен жетті!Биыл – еліміз, өңіріміз үшін мерейтойлар жылы! Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен жаңа бастамаларды қолға алдық, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімізде айтарлықтай өсім қалыптасты. Өткен жылы облысымыздың бюджетін 750 млрд теңгеден асырдық. Жергілікті кәсіпкерлер, меценаттар да туған жерді түлетуге, көркейтуге үлес қосып келеді. Ұлыстың ұлы күнінде тілеген игі тілектеріңіз қабыл болсын, істеріңіз жемісті, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!», – деді Н.Нәлібаев.
Наурыз мерекесіне орай тігілген киіз үйлер алдында көрмелер мен салт-дәстүр қойылымдары қойылды. Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-ның астанасы болғанына 100 жыл толуына арналған «Жауһар жәдігер» атты облыстық қолөнер шеберлерінің көрме-байқауы да келушілерге ұсынылды.

Аймақ басшысы Айбарша, Айбике, Айбибі есімді үшемнің тұсауын кесіп, бүлдіршіндердің жаңа өмірге тәй-тәй басқан қадамына ізгі тілегін білдірді.
Сонымен қатар «Түйе палуан» сайысы және ұлттық спорттың басқа да түрлерінен жарыстар болды. Мерекелік басқосу отандық эстрада жұлдыздарының және жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!