Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сыр өңіріндегі жыр мектептерінің ерекшелігі

02.07.2022

1704 0

Қасиет пен кие қонған Сыр  топырағы – талай жылдан бері Сырдың бойын жайлаған елдің ата күлдігі, құт қонысы болып келеді. Осы ескі көңнің ерекшеліктері өнер мен мәдениетте, тілдік сипаттарда көрініп тұрады. Әсіресе, көмейге салып құмығыңқы үнмен нақыл сөздерді төгіп жататын жыршыларындағы өзгеше өріс кімді болса да ойландырары анық.

Сонау әрісі Сақтар мен берісі Оғыз замандарынан бермен келе жатқан киелі өнер біздің заманымызға дейін жалғасып келеді. Әрине, баяғы қадір-қасиеті әлсіреп, көсемдік деңгейден өнерпаздық деңгейге түсіп, саналық сәуле әлсіреген. Ұлы Қорқыттың дәуі­рімен салыстыруға келмейді. Әйтсе де, ұлы сүрлеудің ізінен жаңылмай, ата өнерді мұрат тұтқан жастар сананың түкпіріндегі әлсіз сәулеге еліктеп, өз әлінше тырбанып-ақ келеді. Заманның сұранысы жырға мұқтаж болмаса адам кінәлі емес. Түгел ел тәу етіп келген ұлы сүрлеудің отақ басқан тұсын әр дәуір өзі тазалап келеді.

Қанмен берілетін текті өнер өкіл­дері жағдайсыздығын білдірмей, түп санадағы ақсүйектік қалпының әлсіре­генін сездіргісі келмесе де, байқампаз жандардың зердесіне шаншудай қа­да­лып, анық көрініп тұрады. Түп тұ­қиянымыздан хандардың ақылшысы, кеңесшісі болған асыл сөздің өкілдеріне Жаңа Қазақстандық көзқарас та, өз­гергенін қалаймыз. Қарт Қаратаудан бастап, айдынды Аралға дейінгі ор­таны кешегі кеңес үкіметі кезінде үш мектепке бөліп, мыңдаған өнерпаздар шоғырын үшке бөліп, әділетсіз шама жасады. 1986 жылдар шамасында Алматы қаласынан Мардан Байділдаев туған жеріне келіп, ұлы өнердің өшіп кетуінен қауіптеніп, Қармақшы ауданы білім бөлімімен келісіп, ауылдық мек­тептердің ішінен бір класс алуға қол жеткізеді. Сол класстарда Тұрмағамбет ауылында Тасберген жырау мектебі, жетекшісі Сүйінбай Ақбаев, Ақжарда Сәрсенбай жырау мектебі, жетекшісі Алшынбек Сәрсенбайұлы, Қармақшыда Жиенбай жырау мектебі, жетекшісі Бидас Рүстембеков, Рүстембек жырау мектебі, жетекшісі Шамшат Төлепова болып, өнерге қызметтерін бастаған.

Сол уақыттан бері қарай дәстүрлі жыраулық өнерді мектептерге бөліп қарайтын үрдіс пайда болды. Бұл дұрыс тенденция емес. Алаштың анасы атанған Сыр елі – күллі адамзат атаулының бастау тарихы. Адамға Алла тарапынан берілген барша нығмет атаулыға жаралған топырақтың үлесі бар десек, онда сол қасиет пен киенің ішінде өнер де бар. Демек, біздің бойы­мыздағы жыр өнері есте жоқ ескі замандардағы түп сананың жаңғырығы болмақ. Сол секілді Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған өңірлерінің де еш­кімге ұқсамайтын, сол өңірге ғана тән ерекшеліктері бар.

Сондықтан ұлттың ұлағаты мен ақыл-нақылын дәріптейтін ұлы өнер­дің ауқымын тарылтып, шағын шең­берге салудан аулақ болуымыз керек. Мына шеті Арал, ана шеті Қара­тауға дейінгі аралықтағы әрбір жыр­шы- жырауларымыз бен ақын-шайыр­лары­мыздың әрқайсысы бір-бір мектеп.

Сөздің басында текті өнердің қайдан тамыр тартып келе жатқанын азғантай аңғартып өттік. Егер біз кеше ғана өткен өнерпаздардың атымен дәстүрлі өнерімізді байланыстырар болсақ, өнер тарихына өте қиянат болар еді. Себебі біздің тұтынып жүрген текті өнеріміз адамзатпен бірге жасасып келеді. Сондықтан өңірлік ерекшеліктерге ғана бөліп қарау орынды болмақ. Сонда ғана өнердің өрісі кеңейіп, бетіндегі таңбалары өшірілуге айналған кәрі тарихтың ақиқи беті ашылады. Тарих пен адамзат бірге жасасып келе жатқаны рас болса, өнер де, оның ішінде жыраулық өнер де таңбалы тарихқа қызмет етіп келеді.

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

Жыршы, ҚР Мәдениет қайраткері,

облыстық қоғамдық

кеңес мүшесі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: