Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Қызылорда облысы әкімдігі мен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қолдауымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Аламан айтысты ақын, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыстың абызы, ұлт өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман жүргізді.Жыр додасына кестелі сөз, зерделі оймен айтыс көркін қыздырған, елімізге белгілі айтыскерлеріміз Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Аспанбек Шұғатаев, Серік Қуанған, Бауыржан Ширмединұлы, Айшолпан Тілеутай, Сыр өңірінен Мұхтар Ниязов, Айдос Рахметов, Нұрмат Мансұров, Нұрзат Қару және Жамбыл Бақытәліұлы қатысты.Ақындар айтысына ақын, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, ақын, Ш.Мұртаза атындағы Жамбыл облыстық Руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ахметжан Өзбеков, ақын, Қ.Мырзалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық өнер орталығының директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің» иегері Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Серік Ыдырысов және ақын, режиссер-сценарист, Қызылорда қалалық Жастар театрының көркемдік жетекшісі, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Оңталап Нұрмаханов қазылық етті.
Айтыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені Нұрзат Қару (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы), жүлделі бірінші орынды үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов (Қызылорда), екінші орынды Бекарыс Шойбеков (Түркістан), үшінші орынды Айбек Қалиев (Арқалық), Әсем Ережеқызы (Нұр-Сұлтан), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар) иеленсе, Жүрсін Ерман атындағы арнайы жүлде сырдариялық ақын Нұрмат Мансұровқа табысталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!