Сейсенбі, 26 қараша, 16:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Теміржолшылар әулеті

03.08.2021

1590 0

«Отан – отбасынан басталады» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Отанға деген құрмет алдымен әркімнің өз отбасында қалыптасады. Әке, ана, бала ошақтың үш тағаны секілді, бірін-бірі толықтырып тұрады. Бақытты отбасын құру екі-ақ адамның қолынан келеді. Бірі – отағасы болса, екіншісі – отанасы. Ол үшін бұл екі тұлғаның болмысы бүтін болуы керек.

Біз сөз еткелі отырған әулет осындай қағидаларды берік ұстанады. Теміржолшы Тілеу ата мен Ұлмекен әже он бала тәрбиелеп өсірген өнегелі өмір иелері. Теміржол саласының құрметті ардагерлері атанған еңбек адамдары. Байырғы заманнан теміржол саласының қазанында қайнап, ыстығы мен суығына төзген майталман мамандардың ерлікке пара-пар еңбек жолдарын екеуінен өрбіген ұрпақ жалғастырып келеді.

Теміржолшылар әулеті

Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты бекем ұстанған әулетте ұлтқа қызмет ететін ұлағатты ұрпақ өсіп тәрбиеленді. Ұлдары Ермекбай «Құрмет» орденінің иегері, «Құрметті теміржолшы». Ал Нұрсұлтан «Қазақстан теміржолы» Шымкент бөлімшесінің директоры, заң саласының маманы. Қызы Ажаркүл магистральдық желі бөлімшесінің кәсіподақ төрайымы. Екінші қызы Базаркүл батыр ана, Сексеуіл кентіндегі теміржол бекетінде қызметкер. Алмагүлі де дәстүр сабақтастығынан жаңылған жоқ. Ол да ата-анасы секілді теміржол саласында еңбек етуді өзіне мақсат еткен. Немересі Жанқуат та әулет дәстүрін жалғастырып, теміржолшы мамандығын таңдады. Ал жиендері Батырхан болса, Қызылорда теміржол бөлімшесінің директоры. Мейрамбек пен Рашид және келіндері де теміржол саласында шарболаттай шыңдалған жас мамандар. Олар да осы саланың майталман маманы болуды алдарына мақсат етуде.

Тілеу ақсақалдың отбасында дүниеге келген тоғызыншы бала Әпсұлтан да атадан балаға мирас болған теміржол саласының жұмысын одан ары жалғастырып жүр. Қазіргі таңда бұл әулеттің династиясы 500 жылға жуықтайды. Әпсұлтаннан тараған төрт баланың үшеуі әке жолын жалғауда.

Әбсұлтан Тілеуұлы – қазақ ұлттық академиясы мен қазақ жол қатынасы университетінің түлегі. Сексеуіл кентінде туып өскен. Ауылдағы №22 орта мектебін бітірген соң өзі арман еткен теміржолшылар даярлайтын білім ордасын тәмамдап, алғашқы еңбек жолын туған ауылындағы «СПМ-716» мекемесінде ІІІ санатты электрик және №15 қалпына келтіру пойызында қарапайым жұмысшы болып бастайды. Тынымсыз еңбегінің арқасында жауапкершілігі ауыр жұмыстың барлық сатысында абыройлы атқарып шығады. Атап айтар болсақ, жылжымалы электростанцияда машинист, локомотив депосында машинист көмекшісі, теміржолға қарасты отын қоймасының басшысы қызметтеріне дейін көтеріледі. Кәсібіне деген ықыласының нәтижесінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ бақылаушы ревизоры, мекеме басшысы болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда 2017 жылдан  бастап Қызылорда бөлімшесі директорының орынбасары қызметін атқарып келеді.

– Әпсұлтан Тілеуұлы қызмет жолында өзін өндірістің барлық саласын білетін майталман маман ретінде көрсете отырып, басшылық қызметінде талапшыл, ұйымдастырушылық қабілеті бар білікті тұлға екенін дәлелдей білді. Заманның талабына сай шыққан жаңа техникалық жабдықтарды өндіріске енгізуге бойындағы барлық ынта-ықыласы мен білімін жұмсады. Теміржол саласында көп жылдардан бері абыройлы еңбек етіп келеді. Поездар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде адамзатқа қажетті қырағылық пен темірдей төзімділік Әпсұлтан Тілеуұлының бойынан табылады. Ол ел халқының межелі мекенжайына уақытылы жетуіне өз септігін тигізіп келеді. Осындай қажырлы қайратының арқасында Қазақстан темір жолы, департамент дирекциясы, жол бөлімшесінің және партиялық-саяси жұмыстарды жүргізуде атқарған алуан еңбегі үшін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының құрмет грамоталарымен марапатталды.  Әріптестерінің арасында беделді. Ұжымда зор құрметке ие. «Nur Otan» партиясы аясында өткізіліп жүрген қайырымдылық акцияларына тұрақты түрде қатысып, тұрмысы төмен отбасыларына, ардагерлерге әртүрлі әлеуметтік көмектер көрсету мақсатында жеке қаражаты есебінен жәрдемдесіп келеді. Бұл оны азаматтық парызы санайды. Осындай мың сан жұмыстың арасынан сынадай уақыт тауып, отбасынада жиі көңіл бөліп тұрады. Атаның тектілігі мен ананың адал сүтімен бойға дарыған қадір-қасиеті адал еңбек етуге тәрбиеледі. Ол сол ізгі жолдан жаңылған емес. Арғы атасынан бері қарай жалғасқан теміржол саласының қиындығы мен қызықшылығын бағына балайды. Қоғамдық істердің де ұйытқысы болуда ұдайы белсенділік танытып келеді, – дейді «Nur Otan» партиясы Теміржол филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базар Танбаева.

Әпсұлтан Ерманов жұбайы Орынкүл екеуі өнегелі отбасын құрып, саналы ғұмырларын білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнады. Ұлдары Бақытбек пен Болатбек Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан теміржолы» қызметінде жұмыс істейді. Қызы Бақыткүл Қызылорда теміржолы бөлімшесінің қызметкері.

Міне, барлық еңбек өтілі бес ғасырды құрайтын әулет бір салада жұмыс жасап келе жатыр.  Ермановтар отбасы осы табанды еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленіп отыр. Олар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңіне қатысып, «Үлгілі отбасы» номинациясымен марапатталды.

– Елге азғантай да болса пайдамыз тисе ата-ана үмітін ақтағанымыз. Ол туған жерге жасаған жақсылық. Ал әулет үшін бұл басты мақсат, – дейді Әпсұлтан Ерманов өз сөзінде.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: