Сыр өңірінде сөздің маржанын сөзбен жеткізетін нағыз дала өнерпаздарын анықтайтын жас жыршы термешілердің байқауы өтті. Рухани кешті айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының облыстық филиалы ұйымдастырды.
Ұлт мұрасы – жыраулық өнердің тінін жалғап, дәріптеп жүрген жас жырауларды халық алдына шығарып, олардың орындаушылық шеберлігін шыңдау және жан-жақты қолдау көрсету мақсатында өткен «Терме – тәрбие тұмасы» атты өнер бәйгесіне 16 талапкер қатысып, өзара бақ сынады.
Байқау талабына сәйкес әр қатысушы І кезеңде мінәжат жырын айтса, ІІ кезеңде Базар жырау мен Тұрмағамбет шығармаларын орындады. Жыр додасының ашылуында облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов қатысты.
– Ежелден Сырдария өңірі – небір саңлақты тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Тәңірі топырағына тектілік дарытып, тамыры өлең болып соғып тұрған Сыр бойы – күллі Алаш баласына ортақ жер. Осы өнер қонған ордалы мекеннің бір уыс топырағын түртіп қалсаң, шағыл құмы да жыр болып төгіліп жатады. Ақмешітке алғаш қадам бассаң қобыз сарынымен күні бүгінге жалғасқан жыраулық өнер көшіне көңілің толады. Тарихтан тін тарқатсақ, өнер көшіне ұласқан дәуір тынысы сол заманғы сүлейлер шығармашылығына арқау болған. Ол бертін келе өміршеңдігін дәлелдеп ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақ санасында серпін алып келеді. Міне, өмір сабақтастығы, өнер жалғастығы деген осы, – деді басқарма басшысы.
Көмейіне бұлбұл ұялаған өнерпаздардың шеберлігін қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов, халықаралық жыр фестивалдерінің лауреаты Амандық Бүрлібаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айбек Тәңірбергенов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрмат Мансұр бағалады. Жыр додасын жырау Марат Сүгірбай ашып, жүргізді.
– Дәуірлер көшінен күні бүгінге дейін жалғасқан төл өнеріміз төрге озып жатса тәуелсіздігіміздің жемісі деп тануымыз қажет. Көне дәуір күмбіріндей сақталған саф өнер көрермен көзайымына айналып жатқанына куә болып отырмыз. Сыр өңірі – талай тарланбоз текті туған таланттардың тұғыры. Жыраулық дәстүр ұрпақ тәрбиелеу жолында айтарлықтай маңызды рөл атқарады. Сыр сүлейлерінің шығармалары бір күннің немесе бір жылдың емес, мәңгіліктің тәрбие тұғыры, – деді жырау Алмас Алматов.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Жәнібек Жақсан иемденді. Ал бірінші орын Қуаныш Алғазиевке бұйырды. Жүлделі екінші орын Өмірзақ Жанболатқа табысталды. Үшінші орынды Мұхамедәлі Бекпейісов, Нұрай Өркенбекқызы, Руслан Өтегенов өзара бөлісті.
Жыр додасының жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табысталды. Ал барлық қатысушылар ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!