Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық кітап күнін» белгілеп, аталған мерекені мазмұнды етіп өткізу туралы тапсырмасына сәйкес 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Осыған орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Үздіктер салтанаты» атты кітап фестивалі өтті.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.
– Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының үшінші Ұлттық құрылтайда қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында берген тапсырмасына сәйкес белгіленді. Бүгінде облыстағы 209 кітапханада 5 миллионға жуық кітап қоры бар. Былтыр облыста жарияланған «Руханият жылы» аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен аудандарда салынған «Руханият орталықтарына» аудандық кітапханалар да көшірілді. Осылайша кітапхана ісін дамыту, халықтың оқу белсенділігін арттыру бағытында мәдени жауһарлар, рухани құндылықтар, экспонаттар мен басқа да түрлі жәдігерлер, мәдени мұралар бір жерге шоғырландырылды. Бұрын аудандық кітапханалардың қор бөлімдерінің сыйымдылығы 55 мың кітапқа арналса, жаңа ғимаратта 200 мың кітап сақтауға мүмкіндік бар, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шарада кітапхананың тұрақты оқырмандары «Үздік оқырман-2025», «Отбасылық оқудың қуанышы», «Ардагер оқырман», «Ең көп оқитын отбасы», «Ең кішкентай оқырман», «Белсенді оқырман» номинацияларымен марапатталды.
«Үздік оқырман-2025» номинациясымен Аманкүл Әзірбекова марапатталды. Ол 1990 жылдан бастап кітапхананың тұрақты оқырманы. Жылына 100-ден аса кітап оқиды.
Ұлттық кітап күніне орай аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына жеке кітапханасынан арнайы бұрыш ашқан. Облыстық кітапханаға 700-ден астам кітабын сыйға тартып, жеке қолтаңбасын қалдырған. Оқырман залынан арнайы ашылған бұрышқа кітапханаға келушілерге қолайлы жағдай жасалған.

Сонымен қатар мұнда оқырмандарға «Кітап – жан азығы», өмір қазығы» атты жаңа кітаптар көрмесі, жас ақындар аллеясы, «Менің сүйікті кейіпкерім» тақырыбына асфальтқа сурет салу, «Кітапханаға кітап сыйла» атты түрлі акциялық шаралар ұйымдастырылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!