Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлт ұясы – Ұлытау

22.06.2021

3646 0

Қазақстан жерінің көлемі жағынан әлем бойынша алғашқы ондыққа кіреміз. Кең байтақ даламызда таулар да, орман-тоғай мен жазықтар да жетерлік. Бір сөзбен айтқанда, қазақ жерінің үсті де асты да есепсіз байлыққа тұнып тұр. Осынау таңғажайып табиғаттың тарих беттеріне таспен жазылған өзіндік сыры да бар. Осыған орай гәзеттегі «Атамекен, мен сені білемін бе?» айдарында барлық облыстың тыныс-тршілігі үздіксіз жариялануда. Ондағы басты мақсатымыз әрбір оқырманның туған жердің қадір-қасиетіне терең бойлап, еліміздің әсем табиғатын көзбен көрмесе де,  жүрекпен сезінуіне кішкентай болса да үлес қосу.

Ұлт ұясы – Ұлытау

Ұлытау десек, ұлтымыздың өткені мен тарихы көз алдымызға елестейді. Себебі кезінде Ұлытау жері қазақ зиялыларының бас қосып, бірлік пен келісімге келіп, ел тағдырын шешетін келелі мәселелерді талқылайтын киелі орын болған. Сондықтан да бұл жердің ұлт үшін мән-маңызы ерекше. Тіпті оны сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес.

Бұл аймақтың табиғаты әр­алуандығымен таңғажайып көрінеді. Атап айтсақ, солтүстігіндегі көлдерде қоқиқаз ұя салады. Оңтүстігінде Бетпақдала құмдары бар. Солтүстік-Батысында таң­ғажайып Ақжар борлы таулары, өзен­нің терең арналары бар. Орта тұ­сында таулар тізбегі орналасқан. Бұл даланың әйгілі тауларының бірі Әулиетау әлемге танымал Арарат, Кайлас, Килиманджаро сияқты алыптармен теңесе алады.

Ұлытау өлкесінің тарихының тамыры тереңде жатыр. Мәселен, тарихтың атасы атанған Геродоттың жазбаларында «Тұран ойпатындағы тау» деп аталатын дала төсіндегі алып тау да осы Ұлытау болып саналады. Кешегі әлемге әйгілі Шыңғысханның сұрапыл жорықтарына да осы тау куә. Сонымен бірге Асан қайғының тамсанып, таңданып, ат сауырына бөктеріп алып кете алмай, қимаған жерұйығы Ұлытау болғанын бүгінгі ұрпақ мақтанышпен еске алады. Жошының ордасының керегесі де тау бөктеріндегі кең далада керіліпті. Алтын Орданың одан кейінгі билеушілері болған Тоқтамыс пен Едігенің де шабысып жүріп мәңгілікке табысқан мекені осы таудың төбесі. Талай сырды ішіне бүккен Домбауылдың да кесенесі осында тұр.

Ұлт ұясы – Ұлытау

Ұлытаудың етегінде қазақ мемлекетінің негізі қаланды. Елді бірлікке бастаған Керей мен Жәнібектің ордасы орнығып, туы желбіреп, жарғысы бекіді. Бүгінде тау түбіндегі жазықта Хан ордасының орны көне тарихтан сыр шертіп, алыстан мен мұңдалап шақырып тұрғандай іспеттес. Осынау тарихи шешімдер қабылданып, алыс-жақын елдерге қазақ атын танытқан Ұлытаудың қасиеті туралы бүгінде бірі білсе, енді бірі білмейді.

XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ үшін қасіретті кезең.  Жан-жақтан бөрідей ұм­тылған жоңғар-қалмақтар халықты қыр­ғынға ұшыратты. Жоңғарларға қарсы ал­ғаш­қы ірі шабуыл Ұлытау аумағында Бұлан­ты, Білеуті өзенінде болды. Бұған үш жүз­дің барлық әскері қатысты. Жауға ал­ғаш соққы Сарысудың батыс жағалауында Шұбартеңізде берілді. Бұл шайқасқа Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, басқа да билер, хандар, батырлар қатысты. Әбілхайыр ханның біріккен қазақ қолының бас қолбасшысы болған кезі де осы тұс. Сартай батыр бастаған мың бала да осы кезде көзге түскен. Бұланты шайқасына Бөгенбай, Қабанбай сынды таңдалған батырлармен бірге Тауасар, Барлыбай секілді аттары аңызға айналған тау тұлғалы батырлар да қатысқан. Мұнда қазақ қолы жеңіске жетіп, шайқас болған жер қазір «Қалмақ қырылған» деп аталады. Бүгінде сол төбені «Үйтас» шоқысы дейді. Тарихи деректерде Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ұсынысымен соғыста қаза болған қазақ жауынгерлерінің денесі төбенің басына шығарылып жерленді деп айтылады. Бұланты бойындағы «Үйтас» діңінің жан-жағындағы қазақ руларының таңбалары тасқа басылған қалың қорым сол шейіт болған сарбаздардың қорымы. Ал Үйтастың өзі Бұланты шайқасындағы жеңіске арналған ескерткіш белгі ретінде айтылып жүр. Сондай-ақ, атақты «Жаужүрек мың бала» фильміне арқау болған Сартай батыр бастаған «Мың бала» қозғалысы да осы маңда өрбігенін айта кету керек. Міне, бүгінде осы Үйтас жанындағы қорымдардың қасынан қазақ сарбаздарының ұлы жеңісін, ерлік даңқын айқындайтын «Бұланты шайқасы» стелласы бой көтерген. 

Ұлт ұясы – Ұлытау

Қазақ елінің тұтастығы және ұлттың да­муы мен тәуелсіздігі үшін күрес­кен тари­хи тұлғаның бірі – қазақ батыры әрі би Са­р­тай Байжанұлы.  Сол кездегі кіші жүз биі Сартай батыр Бұланты шайқасына Әбіл­хайыр ханның жасағын іздеп шық­қа­ны жайлы жырда былай суреттеледі:

 Қайып ерен қырық шілтен,

Сартайдың тобында.

Мінген аты Шалғасқа,

Мың баласы соңында.

Тарих беттерін парақтасақ, үш жүздің баласы қиын қыстау заманда мыс балқытып, жез шығарып, қару-жарығын түгендеуге қолайлы жер – Ұлытау деп санаған. Осында келіп бас қосып, күш біріктірген. Асқақ таудың қасиеті – туған жері үшін жауға қарсы тұрған әр қазаққа  күш-жігер беріп, қайраттандырғаны анық.

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының да ту көтеріп, «Азаттық!» деп ұрандаған дауысы тау шыңымен жаңғырды. Ханның тәуелсіздікті аңсаған жолы айқын еді. Оның ісін жалғап, «Бодандық бұғауын үзсем» деген мақсатта кейінде атқа мінгендер көп болған. Атап айтсақ, алмас қылышын жарқыратып, ақ боз атпен азаттық жолындағы ғаламат айқасқа шыққан Үдербайдың Амангелдісі хандардың иісі сіңген орынға келіп тәу етіп, жүз жылдық тарихы бар жалғыз терекке ат байлап, әруақ шақырып алға ұмтылған.

Ұлы Отан соғысының отты жылдарында да Ұлытау өңірі қорғаныс ісіне, жеңіс күшіне өлшеусіз үлес қосқан. Ұлтымыздың біртуар ұлы Қаныш Сәтбаев Ұлытау баурайындағы жерасты байлығын ел игілігіне айналдыру үшін бар күш-жігерін жұмсады. Әр төбесі мен әр шатқалын, жазығы мен шыңын шарлап, қай жерде не барын қағазға түсіріп, хаттап белгіледі. Бүгінде есімі әлемге танылған Ұлытау өңіріндегі алып кен орындары – Қаныш Сәтбаевтың арман-ойының жүзеге асқандығының бірден-бір көрінісі.

Ұлт ұясы – Ұлытау

Әлемдік держава болған Алтын Орда империясы XV ғасырдың соңына таман күйреді. Бұл опатқа себепкер Ақсақ Темірдің 1391 жылғы жорығы еді. Ол 300 мың қолды Самарқан түбінде жиып, ерте көктемде жорыққа шығады. Сәуір айында Сарыарқаның кіндік жанында жатқан Ұлытау тауларының шетіне ілінеді. Кезінде Жошы ханның қонысы болған бай өлкенің таза ауасы мен суын, шүйгінді жайылымдарын көрген билеуші қаншама күндер бойы жорықта болған. Бетпақдаланың шөл даласын кесіп өтем деп шаршап-шалдыққан әскеріне бірнеше күн осы жерде тынығуына рұқсат береді. Әрі осы маңда болғанын жариялау үшін тасқа жазба қалдыруды бұйырады. Ол жазба екі тілде түсіпті: Әуелгісі Құран аяттары. Ақсақ Темірдің Ұлытау жерінде болғаны, осындай ескерткіш тас қалдырғаны – айдай әлемге тек алты ғасырдан соң ғана белгілі болды. Бұл белгі тасты 1935 жылы тауып, жария еткен – қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев еді. Ол Әмір Темірдің Ұлытау деген жерге келгенін, шаршап-шалдыққан әскеріне демалыс бергенін әрі сол жерге тастан мұнара тұрғызуға әмір еткенін жазды.

Ұлытаудың келесі бір шыңы – қазақтың жыр-дастандарына кейіпкер болған Едіге бидің атын алған. Қазақтың шежірешілері Едігенің әр жылын жыр аңызбен саралап жазған. Ол жырда, Едіге мен Тоқтамыстың арасындағы келіспеушілік әдемі баяндалады. Алайда бүгінде Едіге мен Тоқтамыс ханның моласы бір төбеде қатар жатыр. Көзі тірісінде бір-бірімен жауласқан екі тарихи тұлғаны қатар жерлеген ұрпақтары болса керек. Мұндағы басты мақсат – елдің тұтастығын сақтау. Сондықтан ұлы далада бірін-бірі қуып, жауласқан Тоқтамыс хан мен Ер Едігенің Әулиетауда қатар жатуы – тарихтан қалған ұлағатты ата дәстүр деуге болады. 

Сонымен бірге қазақ даласының дәл ортасында, қасиетті Ұлытау баурайында Алаша хан кесенесі тұр.  Бұл кесене сан-қилы аңызбен өріледі.  Бірі қазақ хандығы құрылған жылдары тұрғызылды десе, енді бірі Шыңғыс хан заманымен байланыстырады. Кесенесі бар. Өзі жоқ. Алаша хан туралы аңыз кең-байтақ қазақ даласының қай түкпіріне болса да белгілі. Қазақтың үш жүзге бөлінуі де ел түсінігі бойынша Алаша хан заманынан бастау алады.

Басында Ұлытаудың тұздың көлі,

Алады оны ерте-кеш Ұлытау елі.

Етегі Балдырғанды, Бақалы көл,

Қозы менен Баянның өскен жері, – деп халық ақыны Иманжан Жылқайдарұлы бұл өлкеге жыр арнайды. Ертеректе жазылса да осы туындының әрбір шумағы әлі күнге дейін көптің есінде. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қиссасында Бақалы, Балдырғанды көл қатар айтылып, Балталы, Бағаналы елін тілге тиек етеді. Осы жырдың нұсқасында да бұл елдер айтылған. Бүгінде екі рудың ұрпақтары әлі күнге дейін осы таудың етегінде өмір сүріп келеді.

Ұлт ұясы – Ұлытау

Әрине, тарихы мол таудың әр тасы шежіреден сыр шертері анық. Оның әрқайсысына зер салып, зерделеген жан ұлттың ұйысқан жері де Ұлытау болғанына көзін жеткізе түседі. Мұнда еліміздің тарихына қатысты деректер жетерлік. Сонау ата-бабалар салған сара жол – бірлік, береке, ынтымақ жолы бүгінгі ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Ұлытау – әруақ қонған қасиетті таудың таза, тұнық ауасы мен мөлдір бұлағы арқылы ұрпақ бойына сіңген бабалар батасының белгісі деуге болады.  Бүгінде әрбір жас буын Қозы мен Баяндай, тау басында жатқан Едігедей ел қамын жейтін ер болуды армандайды. Осындай өткенді үлгі тұтар ұрпақ барда еліміздің еңсесі биік, тұғыры берік боларына сенім мол.

Дайындаған: Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: