Кеше Aray city mall ойын-сауық орталығында дәстүрге айналған “Ұлттық киімді ұлықтайық” этно фестивалі Ұлыстың ұлы күні, әз-Наурыз мерекесіне арналып, ерекше атмосферада өтті.
Фестивальге облыстағы барлық этномәдени бірлестіктер, олардың шығармашылық ұжымдары, “Ассамблея жастар” ұйымының белсенділері, “Қуаныш” әжелер ансамблі және қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ұлттық құндылықтар дәріптелген шараны Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов және «Қызылорда облысы бойынша әйелдер күші Альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахима Ахметова ашып, барша жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.Көрермендер этностардың ән, күй және билерін тамашалап, қазақтың дәстүрлі әндерін тыңдады.
Сондай-ақ, өңірлік этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары керемет қойылымдарымен өнер көрсетті. Фестиваль соңында барша қатысушылар ұлттық киімдер шеруін ұйымдастырып, оны әуезді әнмен сүйемелдеді. Ұлттық нақыштағы киімдер мерекенің сәнін келтіріп, барлық қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Наурыз мерекесін сезінген әрбір қатысушы үшін бұл фестиваль ұмытылмас әсер қалдырды. Жас ұрпаққа ұлттық мұраны ұлықтау мақсатында өткен шара, этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға зор үлесін қосты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!