Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 05:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жақұт жасырған Жанкент

13.09.2022

1353 0

Ерте заманнан өркениеттің бесігі болған Сыр өңірінде қалалардың көп болғаны белгілі. Соның ішінде астана болған төрт қаланың қыр-сыры әлі де зерттелуде.

Солардың бірі – Оғыздар мемлекетінің астанасы – Жанкент.

Бұл Сыр бойындағы тарихы терең қалалардың бірі. Қазалы аймағында орналас­қан көне қорғанның өмір сүрген кезеңі VII-XIV ғасырлармен сабақтастырылады. Ғалымдар бұл қаланың пайда болуын «Бегім ана» аңызымен де байланыстырып жүр. Жанкент Жібек жолы бойындағы қалалар қатарына кіреді. Кезінде Еуропа мен Азия арасын байланыстырған бұл шаһар жүз жыл бойы оғыздардың астанасы болған. Аралдан шығатын ас тұзын Еуропа елдері мыңдаған жылдар бұрын Жанкент қаласынан алдыртып отырған көрінеді.

Қызылорда облысы әкімдігінің қол­дауымен 2014 жылдан бастап Қазалы ау­данындағы Жанкент ауылының іргесінде орналасқан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші Жанкент қалашығына археологиялық зерттеулер жүргізілуде. Қалашықта археологиялық қазба жұмыстарына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдары­ның кандидаты Әзілхан Тәжекеевтің жетекшілік етуде.

Қазба жұмыстарының нәтижесімен әр түрлі кезеңдермен мерзімделетін тұрғын үйлердің орындары, маңызды құрылыс ны­сандары, қыш, құмыра күйдіретін пештер, кесенелер табылды. Сондай-ақ бір­қатар нысандар консервацияланды. Атап айтсақ, қыш құмыралар, сүйектен, қыш­тан дайындалған бұйымдар, тиындар, моншақтар, алтын жапсырмалар, керамика­лық ыдыстар, глазурьленген қыш қаптамалар шықты. Жанкент қалашығында қазба жұ­мысымен қатар, консервацияланған бір бөлменің композициясы жасақталып, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін, тарихи мүсіндер қойылды. Туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалды. Ескерткіш бүгінде төрт жерден қазылып, археологтар заманауи инновациялық құрал-жабдықтардың көмегімен зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Табылған жәдігерлер археологиялық зерттеулер зерт­ханасында өңделіп, облыстық тарихи-өлке­тану мұражайына беріледі.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыс­тық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ басшысы Ерқазы Алданазаров, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдары­ның кандидаты Әзілхан Тәжекеев, Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Аржанцева, Германиядағы Тюбинген университетінің профеcсоры, археология ғылымдарының докторы Генрих Харке Жанкент қаласының орнында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының тарихи әрі ғылыми маңызы туралы әңгімеледі.

– 2018-2019 жылдары және биыл қала­шыққа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Н.Н.Миклухо-Маклай атын­дағы (Ресей федерациясы) этнология және антропология институты мен Тюбинген (Германия) университетінің  әріптестігімен бірлескен үш жылдық жоба аясында (Гер­манияның неміс гуманитарлық зерт­теулер қорының қаржыландыруымен) архео­логиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Цитадельде, шахристандағы тұрғын үй орындары, геофизикалық зерттеулер, топырақ құрамын анықтау, аршылған нысандардың сызбасын сызу жұмыстары атқарылды. Облыс аумағындағы ортағасыр­лық Жанкент қаласының орнында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары биыл да жалғасын тапты. Зерттеушілер жаратылыстану ғылымдары әдістерін қол­данып, Жанкенттің абсалюттік жасын анықтады. Осыған дейінгі деректерде көне қаланың ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергені айтылса, жаңа зерттеулер  шаһардың  ірге­тасы  VІІ ғасырда қаланғанын көр­сетті. Тарихи-мәдени ескерткіш төрт жер­ден қазылып, археологтар заманауи инновациялық құрал-жабдықтардың көме­гімен зерттеулер жүргізіліп жатыр. Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер археологиялық зертханада өңделіп, об­лыс­тық тарихи-өлкетану музейіне беріледі, – деді  Әзілхан Тәжекеев.

Брифинг барысында Германиядағы Тюбинген университетінің профеcсоры, археология ғылымдарының докторы Генрих Харке Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойында Орта Азияға қатысты тарихи-мәдени ескерткіштердің көп екенін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта «Жетіасар мәдениеті», Қорқыт ата мұрасын зерттеуге мүмкіндік туса, қызығушылығы барын айтты. Ал Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Аржанцева қазба жұмыстары ке­зінде табылған жәдігерлер ішінде ежелгі жануардың, үй жануарының сүйектері бар екенін, сол жәдігерді тереңдете зерттеу арқылы басқа да ғылыми тұжырымға қол жеткізілетінін жеткізді.

Айта кету керек, зерттеу жұмыстарына Тюбинген университетінің, Ресейдің Жоғары Экономика мектебінің, Мәскеу мемлекеттік университетінің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері мен 35 ғалым қатысуда. Жоба жетекшілері, шетелдік ғалымдар Жанкент қалашығының ғылыми-зерттеу нысаны ретінде әлеуеті зор екенін айтып, егер қаржылай қолдау болса, әрі қарай да зерттеуді жалғастыра бермек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: