Сейсенбі, 22 сәуiр, 17:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№29, 2142
22.04.2025
PDF мұрағаты

Жастар арасында жайдарман сайысы өтті

22.04.2025

84 0

Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-і және «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ «Қызылорда КВН» филиалының ұйымдастыруымен «Тіл – қылыштан да өткір…» тақырыбымен Жайдарман сайысы өтті.

Сайыстың мақсаты:

  • жастар аудиториясы арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру;
  • мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту;
  • жастардың жан-жақты шығармашылық қабілеттерін дамыту;
  • қазақы қалжыңды қалыптастыра отырып, жайдарман қозғалысын дамыту.
  • сөйлеу мәдениеті мен шешендік өнерді дамыту.

Іс-шараны Халықаралық, республикалық «Жайдарман» ойындарының жеңімпазы, «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ «Қызылорда КВН» филиалының жетекшісі Басаров Әліби Төлепбергенұлы жүргізді.

Сайыста Шиелі ауданының «Шиелі жастар құрамасы», М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Ассорти», Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Матриархат», Арал ауданының «11», «Достық» үйінің «Ассамблея құрамасы», «ORDA» колледжінің «ORDA құрамасы», Түркістан облысының «Ақбұлақ» командалары ойын өрнегін көрсетті.

Жайдарман ойынында командалар екі кезең бойынша ойын үлгісін көрсетті. Алғашқы кезеңде қатысушылар сәлемдесу және «Тіл – қылыштан да өткір…» тақырыбында көрініс қою тапсырмаларын орындады. Ал «Сөз тапқанға қолқа жоқ» атты екінші кезеңінде қазақ фольклорындағы өміршең өнер саналатын қайым айтыс үлгісінде берілген екі жол өлеңді тапқырлықпен, шешендікпен жалғастырды.

Тіл тақырыбында еркін форматта алғаш рет ұйымдастырылған іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Қаюпов Руслан Мұхамедәліұлы, Облыстық «Qyzylorda» телеарнасының сарапшы-редакторы Ақайдаров Дәулетхан Мұратұлы, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының директоры, айтыскер ақын Ниязов Мұхтар Мәуленұлы, «Қорқыт құрамасы» командасының үздік ойыншысы Дүкенбаев Асылхан Әбілханұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Әбдіразақова Аякөз Қожамырзақызы қазылық етті. Одан бөлек, тіл саласына қатысты өткізген алғашқы Жайдарман ойынына облыстық басқарма басшылары, облыстық, қалалық жергілікті атқарушы мекемелердің және мәдениет, білім, спорт, ақпарат салаларының өкілдері, тіл жанашырлары мен жастар қонақ ретінде шақырылды.

Сайыс қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен «Сөз шебері» арнайы номинациясы «Ассамблея жастары» командасының ойыншысы Ф.Құрбановқа табысталды. Үздік үштікті Арал ауданынан келген «11» командасы түйіндесе, II орын «Достық» үйінің «Ассамблея жастары» командасына бұйырды. Ал І орынды Түркістан облысынан келген «Ақбұлақ» командасы иеленді. Барлық командаға арнайы Диплом, ал жеңімпаз командаларға Кубок, Сертификаттар, естелік сыйлықтар және қаржылай жүлде қоры табысталды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: