Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа заң барлық медиа қауымдастыққа пайдасын тигізе ме?

17.03.2022

37443 0

БАҚ бәсекеге қабілетті және еркін болу керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында мәлімдеді.

 – Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақ­парат құралдарының елімізде, әлемде болып жатқан оқиға­ларға байланысты өз көзқарасы болу керек. Елі­­міз­дің ақпарат қауіпсіздігі, идеологиялық дербес­тігі осыған тікелей байланысты, – деді Президент

Бүгінде қоғамда өз бағасын алмай келе жатқан­дардың бірі журналистер еді. Биліктің биік дәлізінде жүріп, талай тақырыпты қаузаса да заңдық тұрғыдан қорғалмай келді. «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ», – деп жазушы Шерхан Мұртаза қалай дөп басып айтқан. Дамыған елдерде заң шығарушы, атқарушы, сот органдарынан соң журналистиканы төртінші билік деп таниды. Ал біздің елде «Төртінші билік» аты ғана. Себебі  ашықтық пен еркіндік жоқ. Жасыратын несі бар, бұл – шындық.

Мылтықсыз майдан жүріп жатқан қазіргі заманда «Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді» деген қағида бар. Расында, қай кезде де бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда алатын орын ерекше. Бүгін тек ғаламтор, әлеуметтік желіге қарай форматы өзгерді демесеңіз. Ақпаратсыз алға жылжу мүмкін емес. Мәселен, кешегі Алаш арыстарынан бастап, ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың бәрінің журналистикаға қатысы бар. Өйткені қазақ ұлттық журналистикасын «Қазақ» газетінсіз, ондағы Алаш арыстарының мақа­ла­ларынсыз елестете алмайсыз. Бұл ретте Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовты ерекше айтуға болады. Себебі олар мемлекеттің көсегесін көгертетін ұлттық, отан­дық, қоғамдық сана қалыптастырды.

Жолдауда Мемлекет басшысы «БАҚ – билік пен халық арасындағы коммуникацияның тиімді арнасы. Олар қоғамның өзекті мәселелерін көтере алады және көтеруі керек. Бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керек», – деді.

Осыған орай ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров барлық медиа қауымдастыққа пайда әкелетін БАҚ туралы жаңа заңның сапасы бойынша жұмыс істейтінін атап өтті. Министрдің айтуынша, әзірлеу кезінде журналистік ұйымдар мен қоғамдастықтардың пікірлері ескерілетін болады.

– Тапсырма берілді, барлық медиа қауымдастыққа пайда әкелетін жаңа заңның сапасы бойынша жұмыс істейміз. Мүмкіндігінше қысқа мерзімде жасауға ты­ры­самыз. Кез келген елде әрқашан өз мақсаттары бар түрлі топтармен ынтымақтаса алатын белгілі бір топтар бар. Нақты бір БАҚ туралы айта алмаймын. Менің ойымша, бұл біздің елімізде ғана емес, жалпы алғанда, осындай үрдіс бар деп айтылды. Мемлекет басшысы да осыған орай тапсырма берді. Жолдауда мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму тенденцияларын ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау қажет екенін айтты, – деді министр.

«Qyzylorda» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала «өзгеріс өзімізден басталу керек» дейді.

– Ел Президенті саяси реформалар сөз болған Жолдауда бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы тоқталды. Ол түсінікті де. Ақпарат қашанда адамзатқа ауадай қажет. Президент «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы қажет. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты», – деуі бекер емес. Президент айтқан идеологиялық дербестік ТВ контент құруда  бірінші орында тұруы тиіс. Бүгінде заманауи тұрғыда телеарна IP TV, яғни  ТВ-ға  интернет арқылы қосыла алады. Ғаламтор болса, ақпарат алақаныңда. Алайда сол ақпарат беруші масс-медиа өз елінің мүддесін күйттеуі тиіс. Өзгенің емес. Әлбетте, БАҚ өзекті мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ оны Президент атап өткендей, үлкен азаматтық жауапкершілікпен атқаруы тиіс. Көпке топырақ шашпаймыз, бірақ қолына қалам ұстаған кей әріптестер кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып кететіні де жасырын емес. Мемлекет басшысы соның бәрін біліп отыр. Өз құдығына түкірген тілшілердің барын да жоққа шығара алмаймыз.  Журналистер өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек. Бұл тұрғыда көп нәрсені айтуға болады. Елдің тұтастығы, бірлігі, қауіпсіздігі, моральдық-психологиялық ахуалы – бәрі-бәрі електен өтіп, қалам ұшына түсуі тиіс. Хайп қуып, резонанс тудырам деп бүлдіріп алу әп-сәтте. БАҚ-ты босқа төртінші билік деп атамайды. Президент айтқандай, біздер адамдардың ақыл-ойы мен жүрегіне әсер етуіміз керек. Бір қуанғанымыз, БАҚ туралы заңға өзгерістер енгізу қажеттігі сөз болды. Мұны енді барша қалам ұстаған қауымның күтіп жүргені анық. Демократиялық қайта құру тәуелсіз және жауапты БАҚ-тарсыз мүмкін емес. Бұл – аксиома, – деді Жағыппар Қарабала.

Осы кезге дейін атқарушы билік, заң органдары, әскери құрылымдар секілді журналистер де мемлекет тарапынан әлеу­меттік жағынан да, заң жағынан да мықтап қорғалып, қам­қорлыққа бөленуі тиіс екені айтылып та, жазылып та жүр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында БАҚ саласының мәртебесін көрсетіп,  ерекше көңіл бөлді. Себебі елімізде, сондай-ақ әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар XXI ғасырдың нағыз ақпарат үстемдік орнататын уақыт екенін көрсетті. Осыған дейін БАҚ «бақпада» болса, алдағы уақытта қаржылық тәуелсіздікке қолжеткізу үшін еркін болуы қажеттігін баса айтты. БАҚ саласы арқылы бүгінгі таңда тек қана ақпарат таратылмайды, сонымен қатар идеология жүргізілетіні де жасырын емес. Бәсекеге қабілетті болу үшін болашақ журналистерге қойылатын талап та жоғары болуы тиіс. Соңғы жылдары педагогикалық мамандықтардың мәртебесін жоғарылату үшін болашақ мұғалімдерге мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілді. Сол секілді журналистика саласында білім алатын студенттерді іріктеуде де ерекше талап қойып, медиа саласына ең мықты деген талапкерлерді таңдау керек. Бәсекеге қабілетті болу үшін елімізде конвергентті редакциялардың қатары артып, журналистердің бірнеше тілді меңгеру дағдысын жетілдіру қажеттілігі туындайды. Медиа саласының жаңа заманға лайықталған заң жобасы қабылданса жөн болар еді. Себебі бүгінгі қолданыстағы заңға бірнеше өзгерістер мен толықтырулар қажеттігін БАҚ саласындағы кез келген маман жақсы біледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы БАҚ саласын назарға алғандықтан, журналистердің әлеуметтік жағдайы да сырт қалмаса игі. Себебі БАҚ-тың еркін болуы дәл осы мәселемен тікелей байланысты, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығы бойынша оқыту­шысы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Гауһарай Есімова.

Міне, Президент Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде біздің мәселені де қолға алуды тапсырды. БАҚ саласында күрмеуі көп мәселелер жетерлік. Мәселен, кадр тапшылғы, журналистердің әлеуметтік-материалдық жағдайы, тағысын тағы. Қарап отырсақ, бұл салаға ешқандай мемлекет тарапынан белгілі бір жеңілдік те қарастырылмаған. Осыған орай ақпарат құралдары мемлекеттік немесе жекеменшік болып бөлінуіне қарамастан олар да тұрғын үй кезегіне тұруы тиіс. Біздер, журналистер, өзгенің жайын айтып, өзгені қорғауға келгенде аянып қалған кезіміз жоқ. Алдағы уақытта БАҚ туралы жаңа заңда осы мәселелер де тыс қалмаса екен.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: