Қала күні қарсаңында 100 өрен бір мезгілде күй тартты. Күйдің құдіреті ме, әлде қазақтың өрімдей 100 баласының бір сәтте домбыра құлағында ойнағанының әсері болар осы бір әдемі көрініс кім-кімді де бейжай қалдыра алмады. Анығын айтқанда, С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласының астана болғанына
100 жыл толуына орай 100-ге жуық оқушы бір сәтте Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Тасбөгет кентінің өнерпаз ұландары ұлттық өнерді дәріптеп, домбыраны насихаттау арқылы осылайша қала тұрғындарына рухани азық сыйлады.
– Балалар мен жасөпірімдерді тегін үйірмелермен қамту, олардың бос уақытын тиімді өткізіп, өнерге деген қызығушылығын арттыру – біздің басты мақсатымыз. Қалаға қарасты Тасбөгет кентінде домбыра үйірмесіне қатысатын жүзге тарта оқушыны жинап, кенттің орталық алаңында бір мезетте күй орындатып, Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай тарту жасадық. Әдетте үйірмеге қатысушылар әуелі «Балбырауын» күйінен бастап үйренеді ғой, сондықтан күй атасының осы дауылпаз шығармасы таңдалды. Бұл күй от жалындай қызу мен дүрілдеген екпінге, делебеңді қоздыратын жігерге толы. Күйді нақышына келтіріп орындаған Тасбөгет кентіндегі №11, 257, 172, 176 мектеп оқушылары мен С.Майқанова атындағы мәдениет үйі жанындағы «Балбырауын», «Саламатты жастар» шығармашылық орталығының домбыра үйірмесінің өнерпаздары. Мұндай іс-шара келешекте де ұйымдастырылмақ, – дейді С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің нұсқаушысы Сәнімкүл Қайынбаева.
Қала күні мерекесі аясында күнде мерекелік іс-шаралар өтуде. Соның ішінде 100 баланың өнері қалалықтарды ерекше әсерге бөледі.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!