Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асуда. Жобаның басты мақсаты – еліміздің барлық өңіріндегі балаларға тұратын жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау.
Облыс орталығында жас ұрпаққа қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда. Соның нәтижесінде Арай №3 шағын ауданынан 1500 орындық «Келешек мектебі» салынды. Бұл мектепке қаламыздағы Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі көшіріледі деп шешім қабылданған.
– Мектеп-лицейдің бұрынғы ғимараты 1974 жылы салынған. Балалар ауруханасы болған бұл ғимарат 2000 жылы мектеп болған. Осы күнге дейін кабинет тапшылығы сезіліп келді, спорт зал, акт залы жоқ. Асхана мен кітапхана ыңғайластырылып жасалған. Осының барлығын ескеріп, Арай №3 шағын ауданынан ашылатын «Келешек мектебіне» ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл аумақта тұрғындар көп шоғырланған. Жақын жердегі тұрғындар мектепке құжаттарын тапсырып қойды. Ал бұрынғы өзіміздің оқушылар үшін қатынау мәселесі реттеледі. 25-тамызға дейін мектепке қабылдау жүргізіледі. Жаңа оқу жылынан бастап сабақты «Келешек мектебінде» оқиды, – деді Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінің директоры Кабира Тілеуова.
15 мектеп-лицейге балалар бесінші сыныптан бастап қабылданатын. Ал «Келешек мектебі» 1 сыныптан бастап оқушыларды қабылдайды. Дегенмен аталған мектеп-лицейде бұрынғыша 5 сыныптан бастап жаратылыстану бағытындағы тереңдетілген сыныптарымен оқытады. Атап айтқанда, 2025-2026 оқу жылына 26 мамырдан бастап қабылдау жүргізілуде. Бүгінгі таңда 110 оқушы тіркелген. Жылда 5-сыныпқа оқушыны «USTUDY» тестілеу орталығының ұйымдастыруымен конкурстық негізде іріктеу жүргізіліп, өз білімін дәлелдеген оқушыларды қабылдайтын. Биылғы 2025-2026 оқу жылына қабылданатын 5-сынып оқушылары да тестілеу орталықтары арқылы қабылданады.
– Оқушылардың жаңа мектепке көшуіне жағдай жасағанына қуанамыз. «Келешек мектебінде» мүмкіндіктер алаңы көп. Бұл – тек төрт қабырға мен шатыр емес. Бұл – бала арманына бастар жол. Мұнда кең әрі жарық сыныптар, заманауи зертханалар, кітапханалар мен жайлы спорт залдары, қауіпсіз ойын алаңдары бар. Мұндай мектеп баланың білімге құштарлығын оятады. Себебі бұл армандайтын ғана емес, сол армандар орындалатын орта. «Келешек мектептері» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ұлттық ауқымдағы жоба. Ел үшін маңызы зор өзгерістердің бастауы, болашаққа жасалған нық қадам. Біз осындай үлкен білім ошағында оқушыларды қабылдайтынымызға қуаныштымыз. Барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда оқитын балаға мүмкіндік бар. Сондықтан осындай заманауи ғимаратта білім алатын оқушыларға сәттілік тілеймін. Білім мен ғылым дамыған заманда, ақпарат пен техниканы ұштастырып, балаға озық білім беру – уақыт талабы. Бұл жоба білім беру қажеттіліктерін ғана емес, сонымен қатар балалардың қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін орта қалыптастырады деген сенімдемін, – деді Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінің директоры Кабира Тілеуова.
Адам баласының тұлға болып қалыптасуына мектеп қабырғасында алатын тәрбие мен білімнің орны зор екені белгілі. Олай болса, «Келешек мектебінен» талай тұлға өсіп шығары сөзсіз. Осы жоба арқылы әрбір бала заманауи, жайлы әрі шабыттандыратын ортада білім алуға мүмкіндік бар.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!