ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстан Кеңес өкіметінің құрамында түбегейлі әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістер кезеңін бастан өткерді. Сол өзгерістердің бірі – дәстүрлі қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан қалыңмалды жою саясаты. Кеңес билігі бұл дәстүрді әйел теңсіздігінің, феодалдық-патриархалдық қатынастардың көрінісі деп бағалап, оны қоғамнан аластатуға ұмтылды.
Қалыңмал қазақ қоғамында некенің заңды белгісі саналған әлеуметтік-экономикалық дәстүр еді. Ол екі әулет арасындағы байланысты нығайтты, қыздың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етті, некенің тұрақтылығына кепіл ретінде қарастырылды. Кеңес билігінің қалыңмалды жоюдағы негізгі мақсаттары мыналар болды: әйел теңдігін орнату, әйелді сатылатын зат ретінде қарастыруды жою, патриархалдық-феодалдық қатынастарды жою.
Облыстық мемлекеттік архив қорында қалыңмалды жою туралы декрет сақталған. Қырғыз Орталық Атқару комитеті және Халық Комиссарлар кеңесінің шығарған қаулысында төмендегідей деректер келтіріледі:
Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасын жаңа негіздерде құру ісіне кірісе отырып, Қырғыз Орталық атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі қырғыз тұрмысында сақталып келген, еңбекші қырғыз бұқарасының мойнына ауыртпалық болған ескі әдет-ғұрыптарға қарсы табанды күрес жүргізуді қажет деп санады.
Осындай ескіліктің қатарына қырғыз әйелінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлап, оны құлдық жағдайға түсіретін қалыңмал жатады. Қалыңмал байлардың үстемдігін нығайтып, некеге тұру мәселесін адамның материалдық жағдайына тәуелді етті.
Социалистік Кеңестер Республикасында қырғыз әйелінің емін-еркіндігі мен сезімін зорлықпен тұншықтыратын бұл институттың сақталуына орын болмауға тиіс болды. Осыған байланысты Қырғыз Орталық атқару комитеті мен халық комиссарлары кеңесі қаулы етті:
1. Қырғыз халқының әдет-ғұрпы бойынша күйеу жігіттің өзі, оның ата-анасы, туыстары мен жекжаттары тарапынан қалыңдықтың ата-анасына, туыстарына малмен, ақшамен немесе басқа да мүлікпен төленетін, әрі қалыңдықтың сол күйеу жігітке тұрмысқа шығуын міндеттейтін қалыңмал (қалыңдық үшін төлем) – жойылсын.
2. Қалыңмал жөніндегі барлық келісімдер, шарттар мен мәмілелер толық көлемде жарамсыз деп танылсын және ешқандай заңды күшке ие болмасын.
3. Осы декрет жарияланғанға дейін төленген қалыңмал, неке қиылған-қиылмағанына қарамастан қайтарылуға жатпайды.
4. Осы декреттің талаптарын бұзу қалыңмал ретінде берілген малды және өзге де қалыңмал мүлкін оны алған адамдардан екі есе, сондай-ақ екі тарапқа да бір жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қолдануға әкеп соғады.
5. Осы декрет жергілікті жерлерде жарияланған күнінен бастап күшіне енеді делінген.
1920-1930 жылдардағы қалыңмалды жою саясаты Қазақстандағы кеңестік әлеуметтік реформалардың маңызды бөлігі болды. Ол әйел теңдігін жариялап, дәстүрлі қоғамды жаңартуға бағытталды. Дегенмен бұл саясат ұлттық салт-дәстүрлермен санаспай, әкімшілік әдістермен жүзеге асқандықтан, қоғамда күрделі әрі ұзаққа созылған өзгерістерге әкелді.
Сондай-ақ әйел теңдігі, қоғамдық өмірге қатынасу мәселесін анықтау жолында қазақ баспасөзінің орны ерекше болды. Соның бірі архив қорында сақталған араб қарпімен жазылған Қызылорда қаласында шыққан «Әйел теңдігі» журналының №3 санының мұқабасын атауға болады. Бұл журналда қазақ әйелдерінің тұрмыс-тіршілігі, ағарту саласындағы жетістіктері мен кемшіліктері, қазақ әйелдерін қоғамдық-саяси өмірге араластыру секілді мәселелері көтеріліп, қалыңмал беру, қыздарды малға сату жайы көп сыналып, ана мен бала тәрбиесі туралы өзекті тақырыптар жарияланып отырды.
Қазақ қоғамында қалыңмал некенің маңызды шарты ретінде қабылданып, екі әулет арасындағы әлеуметтік және экономикалық байланысты нығайтты. Алайда Кеңес билігі бұл дәстүрді әйел теңсіздігінің көрінісі, қыз баланы тұрмысқа беру құралы деп бағалады. Сондықтан қалыңмалды жою арқылы әйелдердің қоғамдағы орнын арттыруды көздеді.
А.Қапанова,
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің
Архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің І санатты археографы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!