Сенбі, 15 ақпан, 20:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№12,2125
15.02.2025
PDF мұрағаты

50 шабадандағы құндылық немесе«Музей апаның» еңбегі

15.02.2025

49 0

Құмнан аршып алған арба… Арал халқын ашаршылықтан аман алып қалған қайық…

Бұл қарапайым ғана орта мектептің ішінен табылатын жәдігер десем сенесіз бе? Мұнымен қоса тарихтан сыр шертіп, өткенге оралғандай қиял әлеміне апаратын 2000-ға жуық жәдігері бар. Бұл музей қала орталығындағы Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 орта мектеп-гимназиясындағы «Атамекен» мұражайы. Музейді сол мектепте 51 жыл қызмет етіп, бүгінде зейнетке шықса да тыным таппай жүрген Күләш Алматшаева өз қолымен жасаған.

Сенесіз бе, осы ақпаратты естіген сәттен мұражайға баруға асықтық. Бұған дейін де жазылған, бұдан кейін де жазылар… Журналистік жолға түскендегі тырнақалды туындыларымның басым бөлігі ұлт мүддесі бағытына ойысып жатса, Әлихан айтқан мақсат пен мұратқа бағыт алып, Ахмет айтқандай, ұлтқа қызмет қылмаспын ба?!

Жаныма жақын тақырып. Тіпті руханияттың иісі мұрынды жарғандай еді… Мектептің дәл кіре берісінен орын алған мұражайдың иесі де киесі де Күләш Алматшаева алдымыздан күтіп алды. Киесі дегеніміз сол, апамыз 23 жасында еңбек ісіне араласқаннан бастап мектептің тарихын кітап бетіне түсірумен айналысып келеді. Көлемі құлаштай кітапты көрсетіп тұрып: Мұны «киіз кітап» деп атайды деді. Өзі хабарлап тұрса да, оның жанарынан білемісің деген сұраулы жүзді аңғардық.

– Институт бітіріп келген жылым еді. Ол кезде мектептің құрылысы жалғасып жатқан. Құрылыс жүріп жатқан уақытта суретке де түсіріп алдым. Кейін мектептің ашылу салтанатын бастан-аяқ алып шығу­ды Рахат Құлтанов маған сеніп тапсырды. Сол кездегі символикалық кілтті өзімде сақтап жүрдім. Бұл жерде мектептен басқа ешқандай үй, ғимарат жоқ-тұғын. Сол кездегі мектеп директоры Рахат Құлтановтың тапсырмасымен мектеп, ұжым туралы материал жинауға кірістім. Қазіргі күні қорда 1972 жылдан бергі мектеп басшылары, мұғалімдері, түлектер туралы толық дерек бар, – деді кейіпкеріміз.

Күләш Алматшақызы Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 орта мектепте жарты ғасырдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Музейде мектептің ең алғашқы қоңырауы, символикалық кілт, сол замандағы оқушы партасы, кеңес заманындағы 15 мемлекеттің әнұраны мен Лениннің дауысы сақталған пластинка және тағы басқа көне жәдігерлер жиналған. Есімі берілген Көмекбай Қаракөзов пайдаланған жазу машинкасы мен тұрмыстық бұйымдар да музей төрінен орын тапқан. Сонымен бірге жақын уақытта оқу-ағарту  министрлігінің бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева келіп, тиянақты жұмысқа ризашылығын білді­ріпті.

– Мұражайға келген Наталья Васильевнаға орыс мектептеріндегі қазақ тілі сағатын көбейту туралы ұсыныс айттым. Өйткені қазақ тілін білмеудің азабын өзім тарттым. Сол үшін орыс мектептеріндегі қазақ тілі сағаттарында қазақ­тың ауыз әдебиетін, мақал-мәтел, өлеңдерін баланың санасына құйған дұрыс. Мен В.Маяковскийді, Сергей Есенинді жатқа білем, бірақ неге одан гөрі Абай мен Мұқағали, Мұхтар Әуезовті білмедім деп қын­жыламын. Мұқағалидің Қара­саздағы мұражайына бар­ға­нымда ақынның күнделігін іліп қойыпты. Сонда мен алып тастау туралы ұсыныс айттым. Себебі Мұқағалиды мектептегі бағасы үшін емес, ақын ретінде тануымыз керек деп ойлаймын. Бұрын бұл музейге айналып кіретін едік. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қала әкімі боп тұрған кезде мектептің ішкі жағына ауыстырып берді. Содан бері мен «Музей апа» деп аталып кеттім. Ал кіре берістегі есік Мырқы Исаев мен А.Жұматаевтың ағаштан ойып жасаған сықырлауық киіз үй есігі, – деді К.Алматшаева.

Күләш апа жиған-тергенін әдепкіде шабаданға салып жинаған. Ең әуелі бұл экспонаттарды іздеп табуда қиындықтар болғанын айтты. Әр шабадан бір тақырып боп 50 шабадан қорда сақталып тұр. Оның ең ескісі 1941 жылы Алматыда жасалған екен. «Шабадандағы музей­мен» талай көрмеге қаты­сып, олжалы қайтқан. Соның бірі 2018 жылы әлеуметтік идеялар және жо­балар жәрмеңкесіне қатысып, «шабадандағы музей» жобасымен ақшалай сыйақы ұтып алған. «Чемодан» сөзі орыстан келгенімен, одан бұрын оны қазақтар жасап қолданған екен. Оны «жағылан» деп атап, қыздың жасауын салып, көшіп жүрген уақытта да пайдаланған. Сондай бір 200 жыл сақталған жағылан музей қорында тұр.

– Мұражайдағы жәдігерлерді мұғалімдер оқушыларға түсіндіру үшін көрнекілік құрал ретінде сұрап та алады, – деді кейіпкеріміз.

50 шабадандағы құндылық немесе«Музей апаның» еңбегі

Қамыстан жасалған сан­дықты да көрдік бұл жерден. Ал Әмина Өмірзақованың «Тақиялы періште» фильмінде тартқан шәлісі тоқылған аппаратты көр­генде қызыға түстік. Оны Орынбордан арнайы­лап алып келген. Осындай ерекше дүниелерді іздеп жүретін апамыз құн­ды жәдігерлерді көріп таң­қалып тұрған бізге: «қазір мен сендерге ерекше нәрсе көрсетемін» деді. Содан ілгіште тұрған қамзолды алып, «бұл халық батыры Бауыржан Момышұлының қолы тиген камзол», – деп сөзін бастады.

– Мен мұны көп кие бермеймін тек ауырған кезде кисем жақсы боп қаламын. Қызықтың кө­кесі сол, бұл камзолдың иесі – егін егіп аты шыққан жең­гемнің анасы. Бір жиында Бауыржан атамыз әлгі апамызға «ей, қатын» деп айқайлаған көрінеді. Ондайды есті­меген апамыз шошып қалыпты. Ертесіне батыр бабамыз «Сен менің кешегі сөзімен ренжіме. Қатын деген сөз «түннің гүлі» деген мағынаны береді деп әзілдеген екен, – дейді Күләш апа. 

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған көрмеде елі­міздің 19 қаласынан келген коллекционерлер арасынан озып шыққан Күләш Алматшаеваның музейінде сан ғасырды бойына сыйдырған тарихи жәдігерлер сақталған. Бесік, сандық, үтік, майшам, қолсағат, қабырға сағаттарының эволюциясына да кезігесіз. Әр кезеңде пайдаланылған тұрмыстық заттарға қарап технологияның қалай дамып келе жатқаны көз алдыңа келеді. Сондай көне заттың бірі саналатын түбі тесік құмыраға ұқсас бір затты көрсеткен мұражай жетекшісі: «Бұл не екенін білесіңдер ме?» – деп сұрады.

Қызықтың көкесі енді басталды. Ауылда өскен қазақтың қара домалағы болсам да, табан астындағы сұраққа тосылып, абдырап қалдым. Оныма аз-маз ұялғаным да бар.  Сол сәтте газет редакторы Гүлмира Мағлұмқызы оның шоқ көметін зат екенін айтқанда Күләш апамыз балаша қуанып қалды. Оның бұл қуанышының артында ұлт мұрасын ұлықтап, есінде сақтап жүретін кейінгі толқынның бар екеніне көз жеткізуі тұрғандай еді. «Шоқ көмбіш» деп аталатын бұл көне тұрмыстық затты ата-бабаларымыз шоқ жинау үшін пайдаланған екен.

– Орыс мектебін тәмамдадым. Университетте де орысша білім алдым, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Қазақ тіліне, туған жердің тарихына, ұлттық құндылықтарға қызығушылығымды оятқан осы мұражай жұмысы болды. Сабақтың құнары мен нәрі болу үшін оған ұлттық элементтерімізді там-тұмдап болса да қосып отыруымыз керек. Мұражайға көп қор жинақтап мәліметтерді толықтырып отыруыма қазақ баспасөзі үлкен көмек. Мен бар мәліметті газеттен аламын. Себебі газеттегі мақала тасқа басқанмен бірдей, оны ешкім өзгерте алмайды. Жас мұғалімдерге оқу­шыға жақсы тәрбие бергің келсе газет­ке жазылыңдар деймін. Баспасөздегі шыққан мақалаларды 51 жылдан бері сақтап, тәрбие жұмысына енгіздім. Талай жерден мұражай ашуға қолқа салды, алайда мен осы мектепте қаламын дедім. Себебі мен – осы білім ордасының тарихымын. Мұражайға келген вице-министр, қала әкімінің орынбасары да таңданып кетті. Ендігі арманым – Президент келсе деймін, – дейді «Музей апа».

Мұражайда біраз жылдан бері үзілмей келе жатқан үрдіс бар екен. Ол кәдімгі лоторея билеттерін салатын қорапшадан қағаз таңдап алу. Онда көңіл марқайта­тын жылы сөздер жазылыпты. Маған «сендей адамның бар екені неткен ғажап!» деген сөз түсті. Көңілің марқайып, мәз болып қалады екенсің. Келген әрбір жанның көңілін аулап жүрген руханият жанашырының ғажап идеяларына тәнті болдық. Біз де өз атымыздан музей кітабына тілегімізді жазып қалдырдық.

Күләш Алматшаева мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. Одан бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, кәсіподақ, мектептегі партия ұйымының басшысы, қалалық комитет бюросының мүшесі, мектеп ди­ректорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. Ұс­таздар үшін аса қадірлі «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «Астанаға – 20 жыл», «Қызылорда қаласына – 200 жыл», «Қорқыт ата университетінің үздік түлегі», «К.Қаракөзов атындағы №235 орта мектебіне – 50 жыл» төсбелгілерін кеудесіне жарқыратқан жан.

Адам өз ісін беріле жасап, сол жұмыстан ләззат алғанда ғана оның әрбір әрекеті өміршең болады. Біз жиналып, шығып барамыз. Ал ұлт руханиятына титімдей болса да үлес қоссам, ұлтымның алдындағы парызым деп ұққан «Музей апа» соңымыздан қарап қала берді. Жарты ғасырдың құндылығын көздің қарашығындай қорғап, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген ол әрбір келушіні құдайы қонақтай күтеді екен.

Көлікке отырамын дегенше апайдан көз алмадым. Оның жан дүниесін ұққандай болдым. Қандай керемет десеңші… Тұтас тарихты арқалап жүргеніне тәнті болдым.

Думан КЕҢШІЛІК,

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: