Сенбі, 11 қаңтар, 03:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№2-2115
11.01.2025
PDF мұрағаты

6 айда алты миллион теңге немесе шетелде табыс табу оңай ма?

11.01.2025

35 0

Қазіргі кезде «6 айда алты миллион таптым». «Англияда жұмыс істеп, Астанадан үй алдым» дегенді жиі естиміз.

Соның нәтижесінде шетелге қызыққан отандастар қатары жылдан-жылға артуда.

Бүгінгі таңда шетелде жұмыс істеуді армандап қана қоймай, оны алдына мақсат еткен жастардың қатары көбейген. Кейбірі табысына қызықса, енді бірі тәжірибе жинақтап келуді ойлайды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі кезде шетелде 150 мыңға жуық отандасымыз жұмыс істеп жүр. Араб елдері, Түркия, Ұлибритания, Оңтүстік Корея және Еуропа елдерінде еңбек етіп жүрген қазақстандықтар аз емес. «Жастардың шетелге жұмыс іздеп кетуі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың көрсеткіші» дейді әлеуметтанушылар.

Табысы мол тиімді бағдарлама

Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда 3 жылға дейін заңды жұмыс істей алады, олардың еңбек және әлеуметтік құқықтары толық қорғалады. Бұл туралы былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Бағдарлама аясында шетелге жұмысқа баруды қалайтын азаматтарға тіл үйрету, құжаттарды рәсімдеу және медициналық тексеруден өтуге қолдау көрсетілетін орталық құру жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда шетелде жұмыс істеп жүрген және шетелде жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтардың саны өскен. Сондықтан да осыған байланысты олардың еңбек қатынастарын заңдастыру мен құқықтарын қорғау туындауда.

– Шетелде жұмыс істеген кейбір азамат­тарымыздың жалақысы төленбеген, медицина­лық қызмет көрсетілмеген, келісімшарттар бұзылған жағдайлар туралы деректер бар. Сондықтан біз қазір шетелде жұмысқа орналасуға арналған үкіметаралық келісімдер бойынша жұмыс жүргізудеміз. Шетелге жұмысқа жіберетін жеке агенттіктердің қызметін реттеу маңызды. Азаматтарымыз сенімді кепілдіктер­мен қамтылуы қажет.  Шетелде жұмыс істеуді жоспарлаған қазақстандық азаматтар енді ел ішінде арнайы тағылымдамадан өтеді, – деді премьер-министр Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне шетелде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға қолдау көр­сету бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар ол кәсіби және тілдік оқыту орталықтарын ашу мүмкіндігін атап өтті. Мұндай орталықтарды Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында ашу жоспарланған, ал басқа өңірлерде осы тәжірибені қолдану ұсынылды.

Премьер-министірдің айтуынша, бұл шара­лар қазақстандықтардың сапалы жұмыспен қам­тылуына және халықтың табысын арттыруға көмектеседі.

Еңбек құқықтары қалай қорғалады?

Соңғы жылдары шетелге жұмыс іздеп барып, мүлдем хабар-ошарсыз кеткен оқиғалар да бар. Себебі олармен үнемі байланыста бола­тын нақты мекеме жоқ десе де болады. Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін таппақ. Өйткені қазақстандықтарды басқа елге жұмысқа шақыр­ған агенттіктердің қызметі реттеледі деп жоспарлануда.

Таяу арада еңбек министрлігі «Қазақстан азаматтарының шетелдегі еңбек қызметін ұйымдастыру бойынша еңбек мобильділігі орталықтарының жұмыспен қамту агенттік­терімен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту туралы» бұйрық жобасы әзірленді. Жаңа жоба бойынша, Еңбек ұтқырлығы орталықтары жеке агенттіктермен бірлесіп, Қазақстан аза­маттарының шетелдегі еңбек қызметін ұйым­дастыруды реттеуге тиіс.

Алдағы уақытта ел үкіметі көші-қон саясаты тұжырымдамасы  аясында қазақстандық еңбек мигранттары көп баратын бірқатар елмен арада тиісті үкіметаралық келісімдер, меморандумдар бекітпек. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, қазақстандықтардың шетелде жұмысқа орналасуына қатысты мониторинг жүргізе бастады. СІМ дерегінше, 2024 жылғы 7 айдағы есеп бойынша таяу және алыс шет елдермен жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны шамамен 140 мыңнан асқан. Оның ішінде көбі, яғни 102 мың адам Ресейде жұмыс істеп жүрсе, Түркияда – 4,7 мың, Ұлыбританияда – 5 мың қазақстандық еңбек етуде.

 – Ел азаматтары жалақысы жоғары жұмыс орнына кіру үшін және сол елде бейімделу мақсатында оларды кәсіби дайындау жұмысы өте маңызды. Осыған байланысты, сапарға дейінгі дайындық орталығын құру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда жұмыспен қамтумен айналысатын жеке агенттіктермен тиісті жұ­мыстар қолға алынды, олар біріккен ассоциация құрып жатыр. Алдағы уақытта migration.enbek.kz  порталына тіркеледі. Сонымен бірге тиісті бірыңғай тарифтер белгіленіп, қадамдық алгоритм айқындалды, – дейді көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин.

Нан табу оңай емес

Ел азаматтарының көпшілігі ауыл шаруа­шылығы саласына жұмысшы тартуға арналған бри­таниялық бағдарлама аясында шетел асып жүр. Бұл бағдарламаға Қазақстан  бес жыл бұрын қосылған. Соның нәтижесінде елімізде Ұлыбританияға барып жұмыс істейтін азаматтар саны артқан. Мәселен, 2021 жылы – 402, ал 2023 жылы 5014 адам алты айлық маусымдық виза алған. Дегенмен қазақстандық мигранттардың басым бөлігі әлі де Оңтүстік Кореяны таңдайды. Ол жақта 50 мыңға тарта отандасымыз жұмыс істейді деген бейресми ақпарат бар. Соның 20 мыңы заңсыз еңбек етіп жүргендер. Ал заңсыз жүрген азаматтар көші-қон қызметіне ұсталса, департацияға ілігіп, 5 жыл бойы Кореяға кіре алмайды. Сондықтан барынша өзге елге заңды түрде жұмыс істеуге барған дұрыс. Осы орайда айта кеткен жөн, шетел асып жүргендер таңның атысынан кешке дейін қара жұмыс істейді. Деректерге сүйенсек, шетел асқандардың көбі құрылыста, зауыт фабрикаларында, көкөніс алқаптары мен фермаларда маусымдық жұмыс істейді. Яғни ақша оңайлықпен келмейді. Сондықтан шетелге барар алдында бәрін сараптап ойланған дұрыс. Себебі әрбір істің өз қиындығы  бар.

Қазақстандағы табыс аздық етті

Кейіпкеріміз Тұрар Талқанбаев – айлық табысының аздығынан, Англияға жұмыс істеуге барғандардың бірі.

 – Қазақстандағы табысым өз қажеттілікте­рімді өтей алмады. Сол себепті шетелге барып жұмыс істеу ойға келді. Шетел деген аты болмаса, онда қара жұмыс істеуге тура келеді. Англияның Саутгемтон және Чичестер деген екі қаласында болдым. Тек 6 айға баруға болады. Ауылшаруашылық бағытында жұмыс істедік. Мен құлпынай алқабына бардым. Біздің міндетіміз – құлпынай теру, – дейді Тұрар Талқанбаев.

Кейіпкеріміз шетел асып, жұмыс істеп жүр­гендердің қатарында үлкен кісілер де бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол жаққа жұмыс істеуге баратындар шыдамды әрі сабырлы болуы қажет екенін айтып өтті.

– Кез келген жұмыстың қиындығы болады. Бөтен ортаға сіңісіп кету қиынға соғады. Дегенмен қаржы қажет болған соң шыдауға тура келеді. сосын мол ақша табу да өзіңе байланысты. Егер шыдамды, ауыр жұмысқа жарайтын болсаң, ақша табуға болады. Қазіргі уақытта біздің елде жұмыссыздықтың көп болуы, айлық табыстың аз болуынан шетелдегі осындай ақшасы көп жұмыстарға амал жоқ барады деп ойлаймын. Жақсы жұмыс істеп нәтиже көрсетсең, кейін тағы шақырады. Алдағы уақытта шетелге тағы да жұмыс істеуге бару жоспарда бар, – дейді ол.

Жұмыс іздеп жыраққа кету немесе өз елінде нәпақа табу әркімнің өз таңдауы. Дегенмен табысты арттырудың жалғыз жолы – шетел асу емес.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: