Жұма, 27 желтоқсан, 01:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

800 гранттың 40-ы ғана игерілген: мектеп бітірген 186 мың түлек қайда?

05.11.2024

555 0

Елімізде жол салу қарқынды дамып келе жатыр. Әйткенмен таяқ лақтырсаң мигрантқа тиеді. Мекеме атауы қазақ болғанымен, асфальт төсеудегі жауапты жұмыстарды сол шетелдіктер атқарып келеді. «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қытайлық компания салып жатқанымен, жұмысшыларының көбі – өзбектер. Бұл қалай болғаны?!

Республика бойынша жолшы ма­мандығына бөлінген 800 гранттың 40-ы ғана игеріліпті. Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасенов жолшы ма­мандары қат екенін айтып, дабыл қақты. Өйткені қазір жол салуда сырттан келген мамандар мердігерлердің қалтасын қағып, алды 1,5-2 млн теңге шамасында жалақы алып жүр.

– Қазірдің өзінде маман тапшылығы сезіледі. Республика бойынша 6 оқу орнында маман дайындайды. Бірақ олардың өзі бірнеше жылдан бері жабылып, қайта ашылды. Сұранысқа сай екені ескеріліп, осы салаға 800 грант бөлінген. Өкініштісі сол, оның 40-ы ғана игерілді. Төрт жылдан кейін 40 жас оқу бітіреді. Еліміздегі жол құрылысымен айналысатын жүздеген компанияға ол түк болмайды. Сондықтан бұл мәселені осы кезден қолға алмаса болмайды, – деді Нұртілек Хасенов.

Айтпақшы, бұл салада жалақы да жоғары. Мардымсыз ақы алады десек, келмеуінің себебі болар еді. Десек те, мәселе басқада тәрізді.

– Жолшылардың ең төменгі жала­қы­сы – 600-700 мың теңге. Қара күзде тоқтаған жұмыс көктемге дейін басталмайды. Жұмыстың көбі маусым­дық. Әйткенмен жоғары жалақы олар­дың бос отыратын 4 айының орнын толтырады. Мәселе мұнда емес. Бір­неше ай айдалада, үйден жырақ жүреді. Олардың келгісі кел­меуінің басты себе­бі жұмыстың қиын­­дығында болуы мүмкін, – дейді бас­қарма басшысы.

Қазір бұл тек министрліктің ғана емес, жол саласына қатысты барлық уәкілетті органдардың басты мәселесіне айналған. Өйткені жеке компаниядағы жұмысшылар­дың жалақысына дейін министрлік табанына тас қойып реттеп отыр.

– Жоғары жалақыны мұнайшы алады десек, қазір жолшылар мұнайшылармен бірдей жалақы алады. Қазіргі дерекке жүгінсек, инженерлердің орта жасы – 35-тен жоғары. Ал жол салудағы арнайы техникаларды жүр­гізетін механизаторлардың орта жасы 45-тен асып кетті. Бүгінде жастар жеткізіп беру қызметі тәрізді жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін бағыттарда еңбек етуде. Олардың бәрін дрон ауыстырғанда олар жағаға шығып қалады. Сондықтан қазірден бастап осыны ойлау керек. Болашақта жұ­мыссыз қалмайтын, отбасын асырай алатын салаға бару керек. Қай салада маман тапшы, сол жерге барғанда мүмкіндік жоғары екенін бәрі біледі ғой, – дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

Десе де жастардың барлығын жаппай кінәлауға болмас. Әрбірінің басында сан түр­лі мәселе бар. Қала іргесіндегі ауылдардың бірінен облыс орталығына оқуға келген Бейбарыс Ишанқұл да қай салада маман тапшы екенін зерттеді. Бірақ отбасының қамы мен ауылдық жердің табиғатына сай өзі мұғалім болуды қалады.

– Тауы жоқ жерде альпинист мамандығын алғанмен тең ғой. Үйдің кенже ұлымын, қарашаңырақта қалуым керек. Ал ауылда мұғалім мен дәрігерден басқаға жұмыс қалмады. Біз жеңіл жұмыс іздемейміз, тек қол қусырып бос қалмайтын сала керек. Ауылда мұғалімдікке жұмысқа тұрармын-тұрмаспын, бірақ шаңырақтың түтінін түтетіп, әулеттің жалғасы болуым керек қой. Елдегі табыс көзі – жан-жаққа мал азықтық дақылдарын жеткізу, жылқы бордақылау. Адам барда азық-түлік мәселесі тысқары қалмайды. Сондықтан еңбек демалысында осы іспен айналыссам, басқа күндері шәкірт тәрбиелеймін. Әкем мен анам мені осылай тәрбиелеген. Бір сәтті де бос жіберуге болмайды, – дейді ол.

Жергілікті «Қыран» компаниясы маман жоқ деп қарап отырған жоқ. Жұмыс жүруі үшін білікті маман керек. Ал сырттан маман іздеу – ынталы жастардың несібесін біреуге берумен тең. Компания басшысы Жайсаң Сыздықов министрлік не істейді деп қарап отырмай, өзі де қам жасап жүр екен.

– Ынта-ықыласы бар еңбекқор балаларды өзіміз оқытып, тәрбиелеп жатырмыз. Қазір бұл бастаманың жемісі көп. Маман тапшы екені рас, министрлікке рахмет араласып, шешіп жатыр. Алдағы уақытта да біз бұл мәселені жауып тастамаймыз. Өзімізде қат болады деген мамандықтарды сараптап, осылай рет­тейміз. Жұмыс істелу үшін мәселелерді жан-жақты шешуіміз керек, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

«Аманқұрылыс» компаниясының учаске басшысы Ақылбай Қожаназар мамандар­дың тек жол саласында ғана емес, құрылыста да тапшы екенін айтады. Өзі жетпістің желкенін керген зейнеткер егер мықты маман келсе, орнын қазір-ақ босатуға дайын екенін жеткізді.

– Өзім – зейнеткермін. Жұмыс істейтін мықты жастар болса, мен бүгін-ақ кетуге дайынмын. Қаншама жас маман келіп жатады. Ең ұзақ дегенде бір жыл жүреді, ары қарай таппай қаласың. Саланың қыр-сырына үйретіп, шәкірт тәрбиелегің келеді. Бірақ жасымыз жер ортаға келгенде нысан басында әлі жүрміз. Бізге өз мамандығын сүйген құрылысшылар керек. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін», өзіне сенімді, алдына мақсат қойған, табанды жастар тапшы. Сондықтан мен осы құрылыс мамандықтары бойынша білім алып, болашақта осы мамандық арқылы нан табамын дейтін жастарға айтарым көп. Мамандықтарыңды жақсы көріңдер, осы сала­ны таңдаған екенсің, барлық қиындығына шыдас беріп, соңына дейін бару керек. Сол кезде жетістікке жетесің. Мен 1974 жылдан бері құрылысшымын. Жаман болмадым. Өзің шын қалап, еңбектеніп, жан-тәніңмен беріле жұмыс істесең, нағыз абыройлы мамандық – осы, – дейді ол.

Құрылыс саласында тамырын тереңге тартқан кәсіпкер Қожахмет Баймаханов біз­бен сұхбатында осы салаға кеңірек тоқталған болатын.

– Жастардың бойында шыдам мен төзім жоқ. Олар жұмыс істеймін деп келеді де, шыдамай кетіп қалып жатады. Ешкім жанын қинағысы келмейді. Міне, кейінгі ұрпаққа қарап қатты ойланамын. Құрылыстан хаба­ры жоқ адамдар келіп жатыр, нағыз құры­лысшылар келгісі жоқ. Бұлай болмайды, – деген еді ол.

Өткен оқу жылында елімізде 186 мың жас мектеп бітірді. Қазір бұл мәселе тек құрылыс, жол саласында ғана емес. Барлық салада кездеседі. Бірақ сонша түлек қайда кетіп жатыр?

– Қайда кетіп жатыр деп ойлайсыз? Әрине, такси қызметінде, жеңіл-желпі, бас ауырмайтын  оңай жұмыстың айналасында жүр. Неліктен олай істейді? Өйткені олар­дың дипломы бар да, білімі жоқ. Теория бар, тәжірибе жоқ десек, жарасады. Мен осыдан біраз уақыт бұрын мектеп оқушысы мен мұғалімін емес, мұғалімді оқытатын оқытушылардың біліктілігін көтеріп, білім беру керек деп айтатынмын. Әлі де сол пікірдемін. Мамандар жоқ емес, бар. Бірақ неге алмайды? Дипломы бар токарь бар, бірақ станоктың не екенін білмейді. Біз мәселені түбірімен шешуіміз керек. Бірнеше жыл бұрын кәсіптік білім беруге облыс бойынша 11 млрд теңге бөлінетін. Қазір қанша екенін білмедім. Бірақ сол кәсіптік білім беру бизнеске айналған, стипендия үшін оқиды, бала көп болса, оқытушылардың да айлығы көтеріледі. Ал егер олай болмаса, жылына қанша мың дәнекерлеуші оқу бітіреді, ал «Квант» мекемесінің мықты дәнекерлеуші таппай жүргеніне бірнеше ай болды. Парадокс қой, – дейді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.

Бұл жерде ата-ана ойлану керек тәрізді. Өйткені баланы тек үйдің ғана емес, елдің ертеңі етіп тәрбиелейтін дағды болу керек. Адам өзінің өмірінің босқа кетпегенін кейінге қарап, білген абзал. «Менің кімге пайдам тиді?» деген сауалды әрбір адам өзіне қою керек тәрізді. «Өмірдегі ең үлкен бақыт – қоғамға, өзгеге қажет екеніңді сезіну» депті бір пақыр. Расымен, керек болайық!

Дәулет ҚЫРДАН

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: