Аймақтың бас дәрігері Олжас Искаков «Медицина саласының атасы» атанған Ернияз Омарұлының жұбайы, адал еңбектiң үлгісін көрсетiп, халықтың ықыласына бөленген сала ардагері Хадиша Омарованың шаңырағында болып, 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Хадиша Омарова – қаншама жыл қалалық ауруханада мейiргер болып еңбек еткен. Жұмыс барысында әрдайым өз iсiне асқан тиянақтылықпен қарап, бiлiктiлiк қабілетінің жоғарылығынан емдеу жұмысының ілгері жандануына үлесін қосқан ардақты ардагер. Қиын жылдарда қаншама науқастың жазылып, қатарға қосылуына қалтқысыз қызмет еткен кейуанаға қандай құрмет көрсетсе де жарасымды.
– Біз ауруханада қызмет істеген жылдары қазіргідей жоғары технологиямен жабдықталған медициналық құрылғылар болмады. Жылы сөзімізбен, мейірімді жүрекпен, жылы шыраймен дерттінің бірінші жан дүниесін емдедік. Науқасқа жылы сөйлесең, қатерлі дертті де жеңуге болады. Ақ халат кигендер антына адал болып, қызметіне асқан жауапкершілікпен қарауы керек. Басқа мамандық иелеріне қарағанда бізге аса жоғары міндет жүктелген. Ол – адам жанына араша түсіп, науқасты ажалдан алып қалу, – дейді қарт мейіргер.
Ғасырға таяу ғұмыр кешкен қария елдің мамыражай тыныштығын, береке-бірлігін тілеп, ақ батасын берді.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!