Жексенбі, 15 маусым, 02:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№43 – 2156
14.06.2025
PDF мұрағаты

Айдос Рахметов, айтыскер ақын: Әке әрекетімен үлгі болу керек

14.06.2025

91 0

Бірәннен:

«Қонған емес ешкімге шынжырлы бақ,

Бірдетасып, тұрамын бір құлдырап.

«Үйретпепті əкесі» деген сөзді,

Есітпеуге тырысып жүрмін бірақ», – деген жолдарды тыңдағанмын.

Бала жақсы болса да, жаман болса да, «кімнің баласыдеген сұрақ қойылады. Сонда әкенің абыройы мен беделі баланың қандай болғанына байланысты екен ғой

Жағдайды әкенің қабағынан, шешенің жанарынан ұғатын қазақ маусым айының үшіншісі жексенбісін Әкелер күні деп белгілеген. Осы орайда белгілі айтыскер ақын Айдос Сәндібекұлынан сұхбат алудың сәті түскен еді

– «Әкебалаға сыншы» дейді. Сіз қандай сыншысыз?

– Бала тәрбиесі – өте нәзік ұғым. Қазіргі заманға келгенде ауыр деп те айтуға болады. Үйде қазақы тәлім-тәрбие беріп отырғаныңмен, балалар көшеге шыққанда қоғамнан оларға басқаша леп соғады. Сол лепке домалап кетпей, өз-өзін ұстап тұра алатын салмақ болу үшін сол тәрбиенің тамыры тереңде тұру керек. Әкеден көргенімізді бойға сіңірдік. Ананың ақылын алдық. Енді сол қоржынға салған қазынамызды балалардың бойына дарытып келеміз.

Қоғамда әйел бақыты, ана бақыты, бала бақыты деп жатады. Әке бақыты неде?

– Әке бақыты – баланың жақсы болуы. «Баласы жаман әкені түйенің үстінен ит қабады» деген сөз бар. Осы сөздің өзі көп нәрседен хабар беріп тұр. Баланың жақсы болуы – әке үшін бақыт. Абырой да сол, бедел де сол.

Ауылда жүргенде мені Сәндібектің баласы дейтін. Кейіннен мектеп бітірген соң өнерге араласып, сол өнермен елге танылғаннан кейін әкеме жұрт Айдостың әкесі деп қарай бастады. Әкем соған мақтанып, марқайып келетін. Бір тойға, асқа, тағы сол сияқты жиындарға барғанда «Айдостың әкесін көр­дік», «Айдостың әкесімен суретке түсейік», «Айдостың әкесісіз бе, батаңызды беріңіз» деген сөздерді естіген әкем де, анам да төбелері көкке жетіп, марқайып, қуанып келетін. Баланың жақ­сы­лығы әкенің мерейін өсіреді. Қазір мен де Нөсердің әкесі болып, қуанып, марқайып жүрмін. Бұл ұрпақтар сабақтастығы екен ғой. Қай жағынан болса да, өмірде жақсы абырой әперсе, атын шығаратын бала болса, әкенің бақыты сол емес пе?! Артына жақсы із қалдыра білген әке бақытты ғой…

– Әлемді алақанға сыйдырып, ұялыға үңілтіп қойған қоғамда балаңызды ұлт өнеріне баулығаныңыз ерлікпен пара-пар. Әкеден алғанды балаға сіңіру ғой…

– Бізде балалар өмірге келе сала «Сен өнерді қуасың», «Сен жыршы боласың», «Сен мынаны жаттайсың», «Сен мынаны айтасың» деген тәрбие, ұғым жоқ. Құдай өзі бағыттай ма, әлде сол қанмен келген қасиет жібермей ме, біз басқа мамандыққа оқы десек те, өзіңнің жаның қалайтын мамандықты таңдаңдар деп айтсақ та, балалар осы өнер әлеміне еркін қанат жайып кетті. Үлкен қызым Көркем ойда-жоқта, өзінен-өзі колледжге жыршылыққа барамын деп шешті. Өйткені ол мектепте оқыған сәтінде «Әнші балапан», «Бозторғай», «Айгөлек» тәрізді байқауларға қаты­сып, жүлделі орын алып жүрген. Өнерге қызығушылығы солай басталғандай. Колледжді бітіріп, одан соң консерваторияға түсті. Оны бітірген соң өзі оқыған колледжге мұғалім болды. Одан кейінгі қызыма да «Өнерге бар» деп ешкім айтпады. Ол бір күні «әке, мен баян аспабын жақсы көріп жүрмін. Үйренемін» деді. Содан колледждегі Назым есімді мықты баяншы ұстазға өтініш айттық. Бір-екі шығарма үйреніп жүргені сол еді, бір күні қобызды ұнатып қалды. «Әке, маған қобыз керек» деді бірде. Белгілі ұста Біржан Ділмановқа барып, қобыз жасап беруін өтіндім. Ол керемет қобыз жасап берді. Айнуза Бегімсалова мен Тоқтар Ағыраев ұстаздарына барып, үйреніп жүріп, кейін колледжде қобызшы мамандығына түсті. Өзінің талантымен, еңбегі­мен Астанадағы оқу орнына түсіп, ізденіп жүр. Барлығы балалардың өз ынтасынан. Үшінші қызыма «өнерге бармай-ақ қой» дейміз. Оның дауысы да керемет, біз айтатын термелердің бәрін жатқа біледі. Ол ағылшын тілі маманы бойынша ізденуде. Кішкентай қыз да айналып келіп, бейнелеу өнеріне барды. Колледжде оқиды.

– Жоғарыда әкеңіздің «Айдостың әкесі» атанғанын айттыңыз… Осы тарихты қайта­лайды деп үміт артқан Нөсер балаңыз ше…

– Нөсерге біз ешнәрсе үйретпедік. Ол өзі тілі шығар-шықпастан өлең айта бастады. Бесік жырын тыңдап өсті. «Мен – жылқышы, сен – шабан» деп басталатын «Жылқышының әнін» ерекше жақсы көретін. Басқа ән айтсаң, «ананы айт» деп, дегеніне көндіреді. Сосын сол әннің ырғағына келтіріп, сөз қосып, айтып беретінмін. Соған рахаттанып жатып, ұйықтап кетеді. Домбыраны тарта алмай, әндерді де өзінен-өзі ыңылдап айтып жүреді. Қанмен берілген қасиет екен ғой. Анасы домбыра тартуды үйретіп, содан қатарға қосылды. Қанда болған соң құлағы ашылып кете береді екен ғой.

– «Бала – ата-ананың айнасы» дейді ғой. Балалар сізден осылай өнерді үйреніп жатыр екен. Ал сіз әкеңізден не үйрендіңіз?

– Әкем қайда барса да мені өзімен бірге ертіп жүрді. Қойшының баласымын. Атқа міне алмайтын кішкентайымда алдымен есекке мініп алатынмын. Әкемнің құрдасы Аяған әкемнің есегі болды. Сол үйдің Айман, Шолпан есімді қыздары мені сол есекке мінгізетін. Аяған әкем есекке мінгізеді де, басын ұстап тұрып, қайтадан «түс» дейді. «Әкеңе айт, есек әперсін. Мен сені мінгізбеймін» дейді. Мен бір айналдыруын өтініп, жылаймын. Сөйтіп, ол кісі бір айналдырып, түсіреді. Мен үйге кеп әкеме «есек әпер» деп жылаймын. Кейін аттай есек әперді. Одан соң тәуір тайым болды. Ауылдан 40-50 шақырым жердегі жылқыларды көріп қайтуға шыққан әкемнің ізіне сол таймен ере шығамын. «Бұл тайың жолға жарамайды» деп қалдырғысы келеді, бірақ бәрібір еріп шығамын. Қайтар жолда әкем «тайың мықты екен, жарады, ә. Айдостың тайы мықты екен» деп мәз болып отыратын. Әкемнің тәрбиесін ізінен еріп жүріп алдым. «Сен өйт, сен бүйт» деп айтпайтын. Қой сойып отырғанының өзінен бастап, бүкіл іс-әрекетін қарап отырып, үйреніп кеттім.

Алты жасымнан бастап әкем маған 600-700 қойды сеніп, тапсырып кете беретін. Мен өзім бағып, әкеліп суға құлата беретінмін. Он үш жасымда екі күн жоғалып кеткенмін. Үш совхоздың адамы іздеп таба алмаған мені. Жер балшық еді… Жүретін жол жоқ. Екі күн далада жаттым. Қасымда Сұңқар деген итім болатын. Осы кезде адамнан ит ақылды екен ғой деп ойланамын. Сол Сұңқар жолға қарай жер бауырлап жүреді, сосын қыңсылайды, келіп аттың үстінде тұрған менің аяғымды тырнайды. Сосын қайта жүреді жолға қарай. Осы кезде ойлаймын сол ит маған «Ей, ақымақ, жүрсей былай, ауыл мұнда» деп тұр екен ғой…

Қой деген тойған. Айдасам жүрмейді. Олай-былай тракторлер ерсілі-қарсылы жүреді. Мен көшіп жатқан малшылар екен деп қоямын. Адастым деген ой жоқ. Ат түнде шаршап жатқанда үстінде жатып ұйықтап алдым. Бір қарасам, 6-7 аттылы адам шауып келе жатыр екен. Мына жағында К-700 тракторы көрінді. Келе жатқандардың бәрін танып тұрмын, ағам, әкемнің інісі, нағашы ағам, әкемнің құрдастары… Бәрі трактордан түсісімен маған жүгіріп келе жатыр. «Мені таныдың ба?» десіп жатыр маған. Олар мені ауышып қалды деп ойласа керек. «Иә, таныдым» деп аттарын атадым. Сол уақытта әкем бетін жас жуып, жылап келе жатыр екен. Мені тракторге мінгізіп алды да, біраз кісілер қойды айдап қайтуға қалды. Кеңшілік жиенімнің қара жорға аты бар еді, соны мініп алған Сабыр ағамның «табылды ма?» деп шауып келе жатқандағы дауысы әлі күнге құлағымда.

– Әкенің әрбір әрекеті баласына үлгі болу керек қой иә?! Балаға деген махаббаты да, қаталдығы мен жұмсақтығы да…

– Дұрыс айтасыз, мені әкем осылай әрекетімен тәрбиеледі. Әкем қойшының таяғын өткізіп, зейнетке шыққан соң Жаңадарияның Атжайған деген жерінен әкеммен сыйлас болған інісі Мырзабек ағай «аға, егін егіп жатырмын. Қажетіңді ек те, піскен кезде келіп теріп алып кетесің. Қарауы менің мойнымда» деген ғой. Әкем соны айтты, маған әперген Т-25 тракторына мініп, шаңғытып жетіп бардық. Әлгі әңгімесін тағы айтты. «Ек те кет, аға. Күзде келіп жинап ал» деді. Содан егін ектік. Әңгелек піскенде трактормен барып, тиеп қайтамыз. Ауылдың шетінен кіргеннен «Әңгелек тастап кет» дейді адамдар. Содан таратып, үйге келгенде өзімізге азғантай қалады. Ол әңгелекті де жартысын бөліп «көршінің үйіне апарып бер» дейді. Соны Олжас інім кейін өлең ғып жазады. «Бас-басымызға бір тілік жетсе, мәз болып, таңдайға басып, тәтті екен десіп тарасып» деп келетін жолдары бар. Тағы бірде «Кейіннен ұқтым, тәрбиелепті бізді әкем, Жомарт қып әрі қанағатшыл ғып» дейді. Сол әрекеттің бәрі балаға үлкен тәрбие ғой. Шашып жеудің, несібені бөлісудің, артыңда тақ-тұқ боп тұрса да, елмен бірге жеудің өзі үлкен тәрбие екен.

Кішкентайымда әкем мені аяғына қысып алып, басымды сипап отырып, «мені бағатын осы Айдуха» дейтін еді… Өзі айтқандай, осы шаңырақта жүзге келді. Батасын алып, қасында болдым. Қартайған сайын баладай болды. Жұрт менен «әкең қолыңда ма?» дегенде мен «жоқ, мен әкемнің қолындамын» дейтінмін.

Бала күнімде нағашыларымның балалары, бауырларым, бөлелерім, барлығы жаз басталса Қызылқұмға тартамыз. Сол жерде біздің үй екі үй тігеді. Бірінде толған балалар болатынбыз. Бірге ойнап, құмда өстік. Сол уақыттағы «автолавка» келеді. Ол кезде біз қуанамыз. Шешем бірімізді бөліп-жармай, бірдей киім, тәтті-пәттінің барлығын әперетін. Қазір де солай, тонның ішкі бауындай біте қайнасып, араласамыз. Мұның барлығы да әкеміздің тәрбиесінен. Әкемнің салған сүрлеуі, салған ізі. Әкем осы шаңырақта немерелеріне де тәрбие беріп, ақ батасын берді.

– Әкенің қабағынан ұғатын едік дейді үлкендер. Қазір әкелер ұсақталып кеткен деген пікір де жоқ емес. Сіз қандай көзқарастасыз?

– Әке деген қамшысын иіріп, айғайлап отыратын жан болуы шарт емес. Менің әкем жадырап отырып-ақ тәрбие берді. Жоғарыда айттым ғой, немереге дейін, жиенге дейін менің әкемнің тәрбиесін алып өсті. Қыздар балаларын кішкентайында біздің үйге әкеліп тастайтын. Мен әкеме «әке, бізді ел тани берсін, бірақ сіздің деңгейге жете алған жоқпыз. Сіз қой бағып жүріп-ақ жиендердің сыбағасына дейін реттеп қойдыңыз» деймін. Сонда әкем баладай марқайып отыратын.

Бала күнімізде біздің үйдің қойы басқа үйдің қорасына түнемейтін. Басқа біреулер болса, таңертең кезекке қоса салады деп кете баруы мүмкін. Бірақ мен олай істесем, «неге өйттің?» демесе де, әкем ұрысатындай көрінетін. Қандай уақыт болса да, сол қойды алып, қораға кіргізетінмін.

– «Бір әкенің тәрбиесін, жүз мектеп бере алмайды» дейді. Әкенің тәрбиесі мектеп қой…

– Бере алмайды. Дұрыс айтады. Әкенің тәрбиесі – үлкен мектеп. Қазір қоғамда түрлі жағдай бар. Айырылысып кетіп жатқанда да әйелдер «өй, оның тәрбиесін өзім берем» деп айтып жатады ғой. Қателеседі, ақсап тұрады. Әкесі жоқ баланың жүні жығылып тұрады. Оның назары пәс болады. Ол бір кеудесін керіп, топқа кіре алмайды. Қай жерде де, қандай жағдайда да көрініп тұрады. Олардың көбісінің ар жағы үңірейіп тұрады. Әкең мейлі дым таппасын, мейлі дым істемесін, ол оттың басында отырғанының өзі – тәрбие. «Әйт-шу деген атанға күш, әуп деген жігітке күш» дейді қазақ. Ертеректе жеңгелерімізді қайнылары мазақ қылады екен. «Әй, сен қатын не істеп жүрсің? Кетпейсің бе? Күнде көк ала торғайдай болып, таяқ жейсің ағамыздан» десе жеңгеміз: «Өй, сен де, күйеуі доғдыр дегеннің өзі қандай?! Соның өзі жетіп жатыр маған» дейді екен…

– Отбасындағы әкенің мәртебесі табысы­мен өлшене ме?

– Табыс та, дүние де керек. Тұрмағамбет ақын айтады:

«Бар болсаң, бар жұмысың тәмам екен,

Жалғанда жоқтық жүдә жаман екен.

Болмаса, қораңда мал, қалтаңда пұл,

Демейді ешкім сені адам екен», – деп.

Бір жерге емін-еркін баруыңа, біреулермен араласуыңа бұл дүние керек. Қазақ «кешке дейін өмірің болса, түске дейін мал жина» деген. Біреулер айтады дүниеге қызықпаймын, ол керек емес деп. Неге керек емес? Тіршіліктегі өміріңде ол керек. Бір ағаңның иығына шапан жауып жатсаң, қандай тамаша. Қазақ «берген мәрт емес, алған – мәрт» деген бар. Мәрттік жасауың үшін керек дүние. Әйтпесе, қазақ неге «жомарттың қолын жоқтық байлайды» деді? Дүние болса, ақыл болу керек. Оны орнымен пайдаланып, үлестіре білу керек. Аз дүниесі болса да бай болатын адамдар бар. Менің әкем Сәндікбек бай атанып кетті. Сөйтсе, ауылда бір кісі «Сәндібек бай емес, оның көңілі бай. Әйтпесе, онда бар мал менде де бар ғой» дейді екен. Әкем «Екі бие туып тұрса, құлыны еріп тұрса, сенен бай адам жоқ» дейтін еді…

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Дәулет Қырдан

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: