Абай әлемі – өзіне елітіп, тарта кететін бір ерекше тылсым құбылыс. «Қалың елім, қазағым» деп тұрып, халқын қараңғылық құшағынан шығарып, жарық әлемге ұмтылдырғысы келді. Бүгінде Абай сөздерінің үлкен бір тәлім мектебіне айналғаны өмір шындығы. Қазақ үшін еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Абайды оқу дәстүрге айналуы тиіс. Өйткені Абай шығармаларында қазақтың үні жатыр. Біз Абай әлемін тану тұрғысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Абайтанушы Сара Бақтиярқызымен сұхбаттасқан едік.
– Сара Бақтиярқызы, біз Абайды қаншалықты танып жүрміз?
– Абай Құнанбайұлы өмірден өткеннен кейін алғашқылардың бірі болып, Әлихан Бөкейханов «Семипалатинский вестник» газетінде Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы көлемді мақала жариялады. Бұл мақала тек қазақ даласына ғана емес, Ресей жеріне де тарады. Оның артынша 1915 жылы Ахмет Байтұрсынұлының редакторлығымен «Қазақ» газеті шықты. Осы газетке «Абай – қазақтың бас ақыны» деген атақты мақала жарияланды. Сол мақалада «Бұрын-соңды мұндай ақын болған емес» деп келтіреді. Мұндай ақын деп отырғаны – Абай. Ұлт ұстазы ұлы Абайға осындай баға берді. Әлихан Бөкейханов «Дала данышпаны» деп атады. Шәкәрім Құдайбердіұлы Абайдың ақындығы мен һакімдігін қоса мойындады. Ал Мұхтар Әуезов «Жаңа әдебиеттің көшбасшысы» деген мәлімдеме жасады. Ахмет Жұбанов «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деді.
Солай бола тұра Абай – күйіп кеткен адам. Бақытсыз болған, қорланған адам. «Мен ішпеген у бар ма?» дейді. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп келтіреді. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» дейді. Тағы бірде «Жүрегім менің қырық жамау» деп налиды. Бұл өлеңдерді оқып отырып, Абайдың өмірі керемет болды деп айта алмайсың.
– Неліктен?
– Қарап отырсаң, өмірде мынадай бір жағдайлар болады екен. Алла тағала бес ғасырда бір тұлғаны дүниеге әкеледі. Ол адам жеке басында үлкен жетістіктерге жетпеуі мүмкін, бірақ оның артында мол мұра қалады. Бүкіл өмірін халқына арнайды. Әл-Фараби, Аристотель, Қожа Ахмет Иасауи сөзіме мысал бола алады. Абай – осындай тұлға.
Жүсіп Баласағұнның мынадай бір керемет сөзі бар. «Егер өзің біліп тұрсың, соның дұрыс екенін біліп тұрсың, бірақ соны айналаға айтсаң, айналада соны қабылдайтын орта болмаса, тыңдайтын құлақ болмаса, сенің біліп тұрғаның өзіңнің бойыңа зәр болып жайылады» дейді. Абайдың да әр сөзі елді ағартушылыққа үндеу, жарыққа шығару болды.
Абайды байлап сабаған да, түрмеге қаматқан да, өлуге дейін жеткізген де сол – қазақ.
– Абайды түсінбеді ғой сол қазақ. Тіпті Құнанбай да оның жан дүниесіне үңілмеген бе?
– Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі Күңкеден бір ғана бала болды. Ол – Шәкәрімнің әкесі Құдайберді. Екінші әйелі – Ұлжан. Одан Тәңірберген (Тәкежан), Абай, Оспан, Ысқақ туады. Үшінші әйелі Айғыздан Халиолла, Смағұл есімді екі ұл туады. Төртінші әйелі Нұрғаным Құнанбайдың ұлы Тәкежанмен қатар еді. Құнанбай мен Нұрғанымның арасында бала болмаған. Халық түсінбегені былай тұрсын, Абай өзінің туған ағасы Тәкежанмен, оның баласы Әзімбаймен халық үшін, елдің жағдайы үшін қырылысып өтеді. Халық отырықшылыққа үйреніп, егінін күзде жинап аламыз деп отырған кезде Тәкежанның баласымен бірге үйір-үйір жылқысын халықтың егініне салып жіберуі Абайдың жанына батты. Абай қара сөзінде: «Мен осы қазақпын ба, қазақ емеспін бе? Қазақпын дейін десем, көзқарасым мүлдем бөлек. Бір әке, бір шешеден, бір қаннан тарап отырған ағамның әрекеті мынау», – деп күйінеді. Сол заманынан оза туған Абайдың бар алған білімі мынау. Құнанбай Ғабитхан деген молданы Уфадан алдырып, балаларының барлығын мұсылманша оқытқан. «Әке – балаға сыншы» деген ғой, Құнанбай Абайдың қабілетін байқап, екінің бірі қолы жетпейтін Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға жібереді. Ол жай медресе емес, көптеген пән оқылатын, тереңдете білім беретін орын болады. Сонда Абай ерекше таңданады. Семейдегі кітапхана ең бай кітапханалардың бірі болатын. Абай мұны көріп, жаңадан дүниеге келгендей әсерде болады. Шығыстың жауһарларының шығармаларымен таныса бастайды. Батыстың шығармаларын да оқиды. Аударма арқылы әлем классиктерін оқиды. Сөйтіп, оның өрісі кеңейеді. Абай қолынан келгенше білім алу керек, сананы түзету керек деп түйеді. Бірақ араға үш жыл салып, Құнанбай Абайды алдырып алады. Сондағы ойы дұшпанының көбейгенін, болыс болып, ізін басу керегін айтады. Абай да барынша бас тартады. Бірақ әкенің шешімі бәрібір орындалады. Сол келгеннен Абай 13 жыл ел басқарды.
– «Болыс болдым, мінеки» дейтін сәті ғой. Абай болыстықтан рахат алды ма?
– Жоқ, оның «Бұл – менің қолым емес екен. Халықты соңымнан ерте алмадым» дейтіні бар. Қара сөздерінде келтіреді. Абай он жасынан бастап өлең жазды. Бірақ оны өз атынан емес, жақын досы Көкбайдың атынан жариялады. Болыстықтан соң Абай «Болыстығымнан түк шықпады. Одан да мен халықты шығармаларым арқылы оятып, оларға ой салармын» деп, қолына қайта қалам ұстады. Ол сананы өзгерту керек деген ойға келеді. Абайға дейін қара сөз болмаған.
Абай мен Алаш ұғымы егіз. Абайсыз Алаш жоқ, Алашсыз Абай жоқ. Өйткені Алаш зиялыларының идеясы Абайдың идеясымен астасып жатты. Барлығы да халықтың, елдің мүддесін бәрінен биік қойды, бәрінен жоғары бағалады. Абай мұрасы – ұлт мұрасы. Ұлтты алға жетелеуді, жарыққа шығаруды ойлады.
– Абай мұрасын зертеуді кезең-кезеңге бөліп қарастырсақ, қалай бөлер едіңіз?
– Мағжан Жұмабаев, Сағди, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мекемтас Мырзахметов, барлығы Абайды тануға, зерттеуге өте қомақты үлес қосты. Жиырма жылға созылған бұл кезеңді қарқынды кезең деп айтамыз. Ал 1930 жылдан бастап Абай шығармаларына бұлт төне бастады. Алаш зиялылары тарыдай шашырап, қазақтың бас көтерер әрбірін жойып жіберіп жатқанда «Бұлардың көсемі – Абай. Абайдың шығармаларын жою керек» деп, көптеген шығармаларын жоқ қылып жіберді. Абайды елге танытамын дегендер өздерін таппай қалды. Бұл – тоқырау кезеңі. Бұл кезең 18 жылға дейін созылды. Бұдан кейінгі құлдырау кезеңінде Абайды ақын ретінде тану күшейді, бірақ шығармаларын жою науқаны қызу жүрді. Келесі кезең – жаңа кезең. Біз қазір сол кезеңдеміз.
– Жаңа кезеңде бір тыңнан түрен салған жаңашылдықтар болды ма?
– Әрине, Абай мұрасын іздеушілер оның аяқталмай қалған өлеңдеріне дейін тапты. Зәки Ахметов, Рүстем Берденбеков, Мекемтас Мырзахметов, Қайым Мұхамедхановтар Абайдың толық адам тұжырымдамасына дейін зерттеп, бірінен соң бірі Абайтану ғылыми-зерттеу институтында қорғай бастады. Олардың әрбірінде үлкен жаңалықтар болды.
Абай – жазба әдебиеттің негізін қалаушы. Абай қара сөздері арқылы қазақ проза жанрын қалыптастырды деуге болады. Сонымен қатар ол табиғат лирикасының негізін қалады. Оған дейін Майлықожа Сұлтанқожаұлының қыс пен жазды айтыстыратыны болмаса, басқа табиғатқа арналған өлеңді білмеймін. Майлықожа қысты шалдың, көктемді жігіттің бейнесінде алып, бір-бірімен айтыстырады. Ал Абайдың жылдың төрт мезгіліне арнаған өлеңдер бар. «Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды» дейді «Қыс» өлеңінде. Кәрі құда деген теңеудің өзі неге тұрады?!
Мұнан бөлек, Абай қазақ әдебиетіндегі өлеңнің буын, бунақ, шумақ – осының бәрін өзгертіп, дамудың жаңа кезеңіне әкелді. Ал оның суреткерлігіне тіпті сөз жоқ. Оның шоқпардай кекілі бар, қамыс құлағын оқыған Жетісудағы Жәмеңке арнайылап барып, «Маған сол сұлу жылқыны көрсет» деген емес пе?! Сол кездегі кісілердің кереметі ғой, Абаймен араздығы бар Оразбай сұлу жылқы таппай жатқан Абайдың еліне «Мен Абайдың өзімен аразбын, шығармашылығымен емес. Жәмеңке іздеген жылқы мынаның ішінен табылып қалар» деп алдына үйір-үйір жылқы айдатып жіберген емес пе?! Міне, Абайдың суреткерлігінің бір дәлелі – осы. Оның қай өлеңін оқысаңыз да, көз алдыңызға көрініс келеді.
– Жоғарыда сіз айтып өткен толық адам тұжырымдамасында Абайдың ойынша, толық адам кім?
– Мұнда Абай «Алланы сүй, адамзатты сүй, әділдікті сүй – осы үшеуі қосылып, имани гүл болады» дейді. Кімде иман бар, онда ар-ұят бар дейді ол. Міне, толық адам сол. Абай тағы бір қара сөздерінде «Рух бар жерде білім бар» деп келтіреді. Сонда рух деген не нәрсе? Рухың мықты болсын дейді. Меніңше, рух мына еңсеңді тіктеп, жігеріңді жанып, қайратыңды арттырып тұратын, көзге көрінбейтін, бірақ бойыңды ұстап тұратын сондай бір тылсым. Абай осының бәрін көре білген.
– Журналист Қасым Аманжол «Абайды сабаған қазақтың табанынан сүйер ем» деген еді. Қазіргі қазақтың деңгейі сол кездегіден төмен деп күйінгеннен шығар… Сіз қалай ойлайсыз? Сол Абай сүйреген, Абайды түсінбеген қазақ қазір өзгерді ме?
– Мен де кейде Абай бес минутқа басын көтеріп, бүгінгі қазаққа қараса қуанар ма еді, мұңаяр ма еді деп ойланамын. Бірақ алаңсыз бәрі кері кетті дей беруге болмайды. Сол Абай айтып, күйінген жалқаулық әлі де бар. Көре алмаушылық пен ұсақталуды қосқанда сол үшеуі ғана кейін тартпаса, оқу-білім дегеніңіз қазір қолжетімді. Қолын мезгілінен кеш сермеп жатқан адамды көрмейсің. Ал шындап келгенде, қазақ – ең ақылды, ең данышпан халық.
– Абай мұрасы тәлім мектебі бола алады ма? Әрбір адам қаншалықты өмірлік сабақ алуға болады?
– Біз Абайды мақтамауымыз керек, біз Абаймен мақтануымыз керек. Оны мақтап қажеті жоқ, Абайды әлем таниды. Тек лайықты мақтануымыз керек. Абайда бәрі бар. Онда философия да, экономика да, тәрбие де бар. «Есектің артын жу да, мал тап» дейді. Нағыз бүгінгі күннің тәмсілі. «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» дейді. Оның өзі үлкен тәлім емес пе?! «Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас» дегені тағы бар. «Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол» дейді. Біз Абайдың әр сөзін тәлім үлгісіне айналдыра аламыз. Өмірлік мектеп екені даусыз. Қара сөздерінің әрбірінен жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажыратып, ненің не, кімнің кім екенін тани аламыз.
Асқар Жұмаділдаевтың математик екенін білмейтін адам бір сөйлескенде оны әдебиетші деп қалатыны анық. Сол кісі «Мен қатты шаршап кеткен кездерде Абайдың шығармаларын оқимын, өлеңдері мен қара сөздерін оқу арқылы мен жеңілдеп қаламын» дейді. Абай шығармашылығының шыңын бұдан артық қалай айта аласыз?! Абай түсінуге қиын ақын, бірақ оның әрбір сөзінде кесек-кесек ойлар жатыр. Кейінгі ұрпаққа осылай болу керек деген аманат жатыр.
Әрине, Абай туралы челлендж жолдаған да, конференциялар ұйымдастырған да дұрыс шығар… Бірақ тек Абай күні атап, басқа күндері ұмыт қалдыруға болмайды. Абайды жыл бойы дәріптеу керек.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Дәулет Қырдан
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!